«Наурыз-айтыс» мәресіне жетті

1003
Айтыс Ж.Шанин атындағы қазақ-дарам театрында өтті

 

Айтыс Ж.Шанин атындағы қазақ-дарам театрында өтті
Айтыс Ж.Шанин атындағы қазақ-дарам театрында өтті

Наурыз Оңтүстіктен басталады. Қаламызда, 2 күн бойы Жұмат Шанин атындағы қазақ драма-театрында Республикалық “Наурыз-айтыс” өтті.

2004 жылдан бастау алған жыр бәсекесі бұл жолы қазақтың тарихи тұлғалары Төле бидің 350 және Абылайханның 300 жылдықтарына арналды. Ал айтыстың басы -қасында әдеттегідей Жүрсін Ерман жүрді.

Көрермендер залында ине шаншырлық орын болмады. Қазылар алқасының құрамында ҚР халық ақындары Әселхан Қалыбекова мен Әсия Беркенова, қаламгер Мархабат Байғұт, белгілі ақын Темірғали Көпбаев болды. Жазушы, “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторы Жұмабай Шаштайұлы төрағалық етті.

Екі күнге созылған айтыстың ақтық мәресіне еліміздің ең таңдаулы 26 ақыны – астаналық Айнұр Тұрсынбаева, Еркебұлан Қайназаров, Әсем Ережеқызы, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбдиев, Ақмола облысынан Арман Бердалин, батысқазақстандық Жансая Мусина, жамбылдық Асхат Қылышбек, павлодардың ақыны Аспанбек Шұғатаев, ақтөбелік Аян Сейітов, алматылық Қанат Мырзаханұлы, қарағандылық Төлеген Жаманов, Оңтүстік Қазақстан облысынан Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Жарқынбек Наушабеков, Ақмарал Леубаева, Анар Жаппарқұлова, Кәрима Оралова, жас ақындар арасынан іріктелген Қалижан Білдәшов, Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Асхат Садықбеков, Тұрар Тілеулиев, Гүлзия Қалымбетова, Қажымұхан Абзалов қатысты. Биылғы өнер додасының ерекшелігі — бас жүлденің 2 бірдей ақынға берілуі ғана емес, көптеген жас ақындардың үлкен сахнаға алғаш шығып, аламан айтыста тұсауының кесілуі болды. Бастапқыда 2 кезеңде өтеді деп жоспарланған айтыс, 3-ші кезеңге ұласты.

1-кезеңде 13 жұп ақын айтысып, 7 жұп 2-кезеңге жолдама алды. Ақтық мәреде Жарқынбек Наушабек пен Әсем Ережеқызы, Нұрлан Есенқұлов пен Айнұр Тұрсынбаева, Біржан Байтуов пен Қанат Мырзаханұлы, Аян Сейітов пен Қажымұхан Абзалов, Бекарыс Шойбеков пен Жансая Мусина, Маржан Есжанова мен Нұрмат Мансұров, Мұхтар Ниязов пен Еркебұлан Қайназаров айтысты. Суырып салма ақындардың көбісі бұл кезеңде жұртшылық алдында іркілмей, теңдей түсті деп бағаланды. 3-кезеңде Қанат Мырзаханұлы мен Маржан Есжанова, Нұрлан Есенқұлов пен Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов пен Бекарыс Шойбеков, Біржан Байтуов пен Айнұр Тұрсынбаева сахнада сөз асылын саптады. От ауызды, орақ тілді ақындар елдің көкейінде жүрген проблемларды көтеріп, халықтың ықыласына бөленді.

Айта кеткен жөн, айтыссүйерқауым көкшетеулық ақын Арман Бердалиннің айтқан ұтымды өлеңдеріне разы болғандарын айтып, 2-кезеңге жіберілмеуіне наразылық білдірді. Осылайша ақын шенеуніктердің “жұмысын” жырлаймын деп, қазылар алқасының шешімімен әріге аса алмады.

Жас ақындардың беталысы да көпшілікке терең ой салды. Себебі аға буын ақындар сахнада тосылып қалды, кейінгі жас толқын айтыскерлер сөз асынылып саптауда шеберлік танытты. Маржан Есжанова мен Қанат Мырзаханның, Нұрлан Есенқұлов пен Әсем Ережеқызының кездесуінде бұл анық байқалды. Жасыратыны жоқ, халықтың ойын дөп басып, әрдайым ұшқыр ойы мен қылыштан өткір жырымен ерекшеленетін Кәрима Оралова бұл жолы көпшіліктің көңілінен шыға алмады. Ақмарал Леубаева бірінші айналымда-ақ айтыс сахнасынан түсті. Бір қызығы бұл аламанда қазақ айтысында кеңінен танылып жүрген астаналық талантты жас ақын, талай іріні шаң қаптырған Жандарбек Бұлғақовтың қарасы көрінбеді. Айтыс барысында жерлесіміз, жас ақын Нұрлан Есенқұловтың астаналық Айнұр Тұрсынбаеваға білдірген әзіл-шыны аралас сезіміне де куә болдық. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы «Наурыз-айтыста» елдің ерекше құрметіне ие болып, жасындай жырларымен жарқырап шыққан Нұрлан Есенқұлов «Көрермендер көзайымы» жүлдесін жеңіп алған еді. Қанатын енді ғана қатайтқан ақынның бұл қадамын айтыссүйерқауым ерекше қолдап-қуаттап отырды. Осылайша әзіл-қалжыңмен тағы да жұртшылықытың көңілін баурап алды. Қызылордалық Мұхтар Ниязовпен қай ақын айтысқа шықса да өткен жылы Астана қаласында жеңіп алған алтын домбырасын даулап, қалжың-айтыстың сәнін кіргізді. Қанат Мырзаханұлы мен Біржан Байтуовтың айтысы да біразға дейін ел аузында жүрері анық. Бірақ алматылық ақын өзінің қарсыласынан басым екенін ә дегеннен -ақ байқатты, табан астында тапқырлық танытты десті тыңдарман. Ал ең қызық айтыс Бекарыс Шойбеков пен Жансая Мусинаның кездесуінде болды. Шапанның әлегі мен Жансаяның жар таңдау сабылысын әзілдеріне арқау еткен ақындар, өлеңмен Хан Абылай мен Төле бидің, әз наурыздың маңызын жырлауды ұмытпады.

Республикалық “Наурыз-айтыста» бас жүлделер – Абылай хан атындағы автокөлік (toyota-camry-50) батыстың аруы Жансая Мусинаға берілсе, Төле би атындағы теміртұлпарды (toyota-camry-50) жерлесіміз Біржан Байтуов жеңіп алды. Бірінші орынды (1 млн.) Түркістанның ақыны Бекарыс Шойбеков иеленді. 2-орын (500 мың) жас ақындар Нұрлан Есенқұлов пен Қанат Мырзаханұлына бұйырды. 3-орынға (300 мың теңге) Мұхтар Ниязов, Айнұр Тұрсынбаева, Маржан Есжанова лайық деп табылды. Ал Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде (150 мың теңге) Жарқынбек Наушабекке, Көпбай Омаров жүлдесі (150 мың теңге) Қажымұхан Абзаловқа, Орынтай Тайманов жүлдесі (150 мың теңге) Аян Сейітовке, Нысанбек Айнабеков атындағы жүлде (150 мың теңге) Арман Бердалинге, Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлде (150 мың теңге) Нұрман Мансұровке, Тәушен Әбуова жулдесі (150 мың теңге) Әсем Ережеқызына, Қазанқап Байболов атындағы жүлде (150 мың теңге) Еркебұлан Қайназаровқа берілді. Өзге де айтыскер ақындар ынталандыру сыйлығынан (100 мың) шет қалмады.

Жансая Мусина, бас жүлде иегері: «Дәл қазіргі әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Қуанғаннан жылауға шақ тұрмын. Бірақ мен батыстың қызымын, сол үшін жыламаймын.  Негізі өзіміз жақта облыстық айтыспен «Наурыз-айтыс» тұспа-тұс келіп қалды да, мұндағы достарымды көру үшін, бір жағы бөле інім осында әскерде борышын өтеп жатыр, соның жағдайын білу үшін бұрылған едім. Бірақ мұндай көлік мінемін деп күтпедім. Бұл менің айтыстан мінген 2-ші көлігім, біріншісін осыдан 6 жыл бұрын өзімнің ауылымда мінген едім».

 Ақтай Батырбеков, көрермен: «Айтыс әділ таза әділ өтті деп айта алмаймыз. Себебі бұрмалаушылықтар көп болды. Мәселен, Арман Бердалин шетелге қашқан Министрлер мен олардың қазақтың байлығын ысырап қылғанын айтып еді, 2-кезеңге өте алмай қалды. Бағалауға келгенде барлығын теңдей етіп, өз-өздеріне жұмыс тауып жатты. Бұны біз ғана емес, айтысты жүргізіп отырған Жүкең де байқап отырды ғой. Біздің көтеріліп жатқанымызды байқаған болуы керек, бас жүлдені Жансая Мусинаға берді. Сосын ғана басылдық қой».

Айжамал Тойболова, көрермен: «Айтыс жалпы қызық өтті, тартысты басталды. Жас ақындарды көріп, қуанып қалдық. Бірақ қазылар алқасының кей тұстарына келіспейміз әрине. Ақтық жобада дұрыс бағламай отырды да, бірақ орын беруге келгенде әділ бағалады. Халықты соншама уайымдатпай о бастан-ақ дұрыс бағалап отыруы керек еді».

Ақындар арасында жүзден жүйрікті анықтап қана қоймай, тарихи тұлғаларды ұлықтайтын, дәстүрді дәріптейтін, сөз төркінін ұғындыратын «Наурыз-айтыс» келер жылы жалғасын табады деп жоспарланып отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=n_gRiAG9t5E[/youtube]