Отбасы – кіші мемлекет. Қос ғашықтың шаңырақ көтеруінен өрбитін тобыр. Қазақ отбасы ежелден-ақ әрдайым көпке өнеге, үлгі көрсете білген. Кез-келген шешім отағасының мақұлдауымен ғана жүзеге асқан. Себебі әке – әулет басшысы, жанұя тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы болып саналады.
Ал психологтар жас отбасылардың жолы екіге айырылуын мінездерінің үйлеспеуінен деп отыр. «Қазақ отбасы : кеше, бүгін, ертең» тақырыбы аясында өрбіген шарада жиын қонақтары жас жанұяның ыдырауын тоқтату жолын қарастырды. Бір қызығы – осындай актуалды басқосуға жастолқын көп жиналады деп күтілгенімен, немқұрайлылық танытты десті ұйымдастырушылар. Келгендерін де бұл проблема біз ойлағандай қызықтырмайтын секілді.
Палзада Сағымбекова: «Біз жастарға сенеміз. Жастар — ел болашағы десек те олар бұл жауапкершілікті сезініп жүргені шамалы. Ия, қазақта «Үйлену — оңай, үй болу — қиын» дейді. Отбасын құру қиын деп есептейтіндерге мен айтар едім, азаматтық некеде тұрсын 1-2 жыл. Сол кезде бір-бірін таниды жастар. Бойдақтардың санын арттырып жүре бергенше, азаматтық некеге тұруды бүгіннен бастасын. Әйтпесе қаншама қыздар мен сүр бойдақтар сандалып жүр. Ары қарай үйлесіміділік тапса, заңды некеге жалғаса береді. Осы ұсынысты қабыл алған жағдайда ғана жастардың арасында неке бұзу аз орын алады деп ойлаймын».
Осындай ойлар да айтылды. Ал Мэлс пен Асылзаттың шаңырақ көтергеніне бірнеше жыл болған. Жас отбасы татулықтың сыры сыйластықта деп санайды. Кез келген кемшіліктерге көзжұма қараудың да көмегі зор дейді олар.
Асылзат Тұрлыбекова: «Менің ойымша отбасыда ер кісінің рөлі ерекше. Көбіне шешімді
де сол шығаруы керек. Мәселен, біздің үйде Мэлс айтып отырады. Мен өз пікіріміді ғана білдіремін. Негізінде отағасы барлығына жауапты ғана емес, үйдің тірегі ғой. Сол үшін кез келген дүние әрдайым Мэлстің айтқаны бойынша жүзеге асады. Сонымен қоса, отбасы болған соң, кез келген кемшілікке назар аудара беруге болмайды. Сабырлы болу қажет. Түсінісу керек ең бастысы. Отбасының ынтымағын сақтап қалу үшін құрмет пен сыйластық, сезім мен сабырлылық ең алдымен қажет екенін айтқым келеді. Қиындықты да бірге жеңіп, қуанышты та бірге бөлісу маңызды».
Мэлс Әлімбетов: «Мойындаймыз, қазақта «Ыдыс-аяқ сылдырламайтын үй болмайды» дейді ғой. Енді отбасы болған соң бізде де түсініспеушіліктер орын алады кейде. Бірақ анда-санда ғана. Мәселен, жұмыстан шаршап келгенде тамақ дайын болмаса, менің көңіл-күім түсіп кетеді. Міне осы сияқты жағдайлар. Бірақ көп жағдайда бір-бірімізге қатты сөйлемеуге, көлімізді қалдырмауға тырысамыз. Себебі біз көп жылдар бойы бірге жүріп, өз қалауымызбен қосылдық. Сол үшін де болар көп ұрыспаймыз. Кез келген нәрсені біріге отырып, ақылдасып шешеміз. Асылзат өзі сабырлы жан. Менің айтқанымды жасап, мақұлдап отырады. Бір мекемеде жұмыс жасайтын болғандықтан, бірге келіп, бірге кетеміз. Былайша айтқанда көп уақытымыз бір жерде өтеді».
2012 жылдың 2 айында өңірде 4312 неке қиылған. Ал биыл 5117 отбасыға толыққан. Десе де неке бұзу көрсеткіштерінен Қазақстан бойынша Оңтүстік көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Мәселен, өткен жылы 2 айдың көрсеткіші 715 болса, 2013 жылы ажырасушылардың саны 790-ға артқан. Ал көпшілік бұл нәтижені жастардың махабатсыз, есеппен үйленуінен көріп отыр.
Палзада Сағымбекова: «Шын махаббат деген жоқ қазір. Ол біздің кезімізде болған. Қазір барлығы өз есебімен үйленеді. Мәселен, үйлену тойында бір шаш үлгісінің өзін пәленбай мың долларға жасатып, дүркіретіп той өтікізіп, ертесіне бөтен адамдар болып жатқандар бар. Немесе өзге жағдайлармен, ерте екіқабат болып тез арада тұрмысқа шығып, артынша ажырасып жатқандар қаншама. Мұның барлығы да жауапкершіліктің жоқтығынан болып отыр. Менмендік басым дер едім».
Диана Мерсиева, студент: «»Шынымды айтсам, қазір есеппен үйленіп жатқандарды жиі кездестіремін. Мәселен, дөкейлерге тиіп, ертеңіне теңім емес екен қайтып келіп жатқан аруар қаншама. Ал кейбір жігіттер болса сезімдерін сырып тастап, шенеуніктердің қызын алады. Нәтижесінде, мінездері немесе өзге де жағдайлармен ажырасып жатыр. Егер екі жас біріне деген сенімі мен сезімі болмаса барлығы құр әурешілік деп ойлаймын. Ал менің жасым 19-да. Мен өз жанұямды махаббат пен үйлесіміділіктен құралады деп елестетемін. Сондықтан бақытымды ақшаға да, өзге де дүниелерге айырбастағым келмейді».
Сәтсіз некенің орын алуына матералдық жағдай да себеп болады десті жиылғандар. Ал кей замандастарымыз «өз есептерімен» үйленгенін жасырмады
Мақсат Баянов: «Мен мысалы, өз басым есеппен үйлендім. Есеп болғанда тіреп тұрған шенеуніктің қызын алу емес, мынау қыз менің әке-шешемді сыйлайды-ау, менің адал жарым бола алады ау деп. Отанасы болады, бір сөзбен айтқанда адал жар, аяу ана болатын тәрбиелі ару деп алдым. Басын айналдырып, әйтеуір қол жеткіздім. Қазір бақытты отбасылардың біріміз деп айта аламын».
Алғашында ток-шоу кейпімен өтеді деп жоспарланған шара қалыбы кәдімгі жаттанды жиынға айналды. Белсенділікті байқамадық. Ал өкініштісі сол — өңірде неке бұзушылар саны күн санап артып жатыр.