Футболсүйер қауым асыға күткен биылғы ел чемпионатының байрағы түрілді. Жанкүйерлердің көңіл күйі көктемнің шуақты күніндей жайдары. Расында, жамағатты көк жәшікке телміртетін сиқырлы ойынның басталуы біз үшін құт мерекедей. Биыл Премьер-лиганың бас жүлдесі үшін 12 команда тартысқа түспек.
Ашығын айтсақ, сүйікті командамыз «Ордабасының» ойыны алаңдатады. Биыл қай межеден көрінер екенбіз деген қым-қуыт ойлар санада жаңғырып тұр. Үнемі мазалайтын жағдай осы. Әттеген-айы, сарғая күткен алғашқы ойынды жерлестеріміз әдеттегідей жеңіліспен бастады. Ойын өз алаңымызда өтсе де, «Ертістің» ыңғайына жығылуға мәжбүр болдық. Есепті бірінші болып ашқанымызбен, өскемендік өрендер соңына қарай сан соқтырып кетті. 3:1 есебімен жеңілеміз деп еш ойламап едік. Сенген жігіттеріміз көңілге селкеу түсірді.
Өткенімізді саралап, кем-кетігімізді түзетпей алға жылжу мүмкін емес. Әуелі осыны көкейге нықтап түйетін кез жеткендей. Тарихқа зер салсақ, командамыз жүлдегерлер тізімінен әлі бірде-бір рет көрінбепті. Жиырма жылдан бері көштің арасында сүйретіліп келеміз. Әзірге, жүре түзелетін көшімізден түзелу байқалар емес. Әйтпесе, команданы даңғыл жолға салу мақсатында жұмыстар атқарылып-ақ жатыр. Білмегенімізді үйретеді деп қиыр да болса, Гана, Сенегалдың «қара маржандарын» командаға әкеп қостық. Оларға «құда» түсуге қанша қаржы керек болса да аямаймыз. Өйткені қонақжайлылығымыздан айнығымыз жоқ. Командаға тың тыныс, жаңаша серпін ендіреді деген үкілі үмітпен бапкер шақырту да әдетке айналды. Әзірге, «науқандық» жаттықтырушыларға көзіміз үйренгендей. Жылдың басында қиылып шақырамыз да, маусым аяқталғаннан кейін қолпаштап шығарып саламыз. Естеріңізде болса, жылдың басында Вахид Масудовты қуана қарсы алған едік. Бас бапкер биылғы маусымға дайындық ретінде Түркияда оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп қайтқан. Енді ел чемпионатына ертерек қамданған футболшыларымыз алдағы ойында қандай өнерімен көзге түсер екен?
Десек те, біз осы қолда барды бағалай алмайтын секілдіміз. «Ордабасыны» оңалтуда татымды тірліктер атқарылып жатыр дегенімізбен, стадионның ахуалын көргенде күмілжіп қалатынымыз рас. Маңдайымызға біткен жалғыз стадионның қаңтарылып, жанкүйерлердің жабырқап жүргендігін газетімізде бұған дейін жазған едік. Осы келеңсіздікке билік басындағылар назар аударса дейміз. Мұндай жағдайдан соң футболшылардан нәтиже күтудің өзі әбестік емес пе? Расы керек, бізде футболды дамыту үшін мүмкіндіктер жетерлік. Жыл бойы доп қуалайтын жайма-шуақ күніміз мол. Ендігі кезекте, жанкүйерлерді көптеп тарту үшін стадионымызды ретке келтіріп алсақ ұтарымыз көп еді.
Алайда қазақта «жеңілгенді жер көтерер» деген сөз бар. Сүйікті командамыздың жеңіле бергенін жер көтерер, ал жанкүйерлер жеңіле бергенді көтерер ме екен?!
Тағабай ҚАСЫМ