27 наурыз- халықаралық театр күні. Оңтүстікке көктем лебімен бірге келетін мерекеде әдеттегідей қызыл кілем жайылып, танымал тарландар келген жоқ. Өңіріміздегі өнер ордалары өздеріндегі үздік қойылымдарын көрермендерге ұсынумен шектелді. Дегенмен қара шаңырақ саналатын Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрына арнайы барып, сахна сыртында назардан тыс қалып жүрген еңбеккердің жұмысымен танысып қайттық.
Спектакль кезінде сахнаны жарықпен әсерлендіретін адамды көрермендер көрмейді. Сан түспен оқиғаны түрлендіріп таң-тамаша қалдырып отыратын мына кісі. Әлібек Қосалиев театрдың жарық суретшісі. 7 жылдан бері әрбір жұмыстың ыстығына күйіп, суығына төзіп жүр. Бала кезден өнер ордасында жұмыс істеуді армандапты. Бірақ жарық беруші боламын деп ойламаса керек.
Әлібек Қосалиев, жарық суретшісі: «Қызығамын театрға. Сол үшін осында жұмыс істеуге келдім. Театр дегенде мен жарық беруші боламын деп күткен жоқпын. Техникаға деген қызығушылығым осы жұмысыма жол тартты. Ешқашан жұмысымнан жалыққан емеспін. Қайта жаңа премьералар болған сайын, қызығып, жұмысммен қатар тамашалап үлгеремін. Ең бастысы қателесіп, болмаса әртістің еңбегін зая кетірген емеспін. Мен жауапкершілігіммен ғана мақтана аламын».
Сахнаның безендірілуі спектакль үшін аса маңызды. Бірақ көрерменге реквизит деген ұғым мүлдем таныс емес. Оны жасайтындардың жұмысы әрине сахна сыртында. Асылында спектакльдің көңілден шығуы жолында бұл еңбеккерлердің атқарғаны орасан. 5 жылдан бері Нұрдәулет Балықов осы жұмысын аса қызығушылықпен жасап жүр.
Нұрдәулет Балықов, сахна безендіруші: «Ия, шаршаймыз кейде. Үлкен спектакльдің премьерасы болған кезде міндетті түрде шаршау болады. Бірақ мен өзім өз жұмысымды жақсы көремін. Мәселен, жұмысымды жасап болған соң, қойылымды тамашалап отырған кезде шынымен мына сахнаны біз безендірдік пе деп таң қалатын кездерім көп. Өз еңбегімді өріп марқайып, мақтанып қаламын. Бастысы театрға қандай болса үлесімді қосып жүргенім үшін бақыттымын деп есептеймін».
Өзі көрінбесе де, еңбегі сахнада сайрап тұратын жұмыстың иесі суретші. Шеберлер спектакльдегі оқиға желісіне байланысты суреттерді салып қана қоймай, оның көрермен жүрегіне жетуі үшін қанық бояулар көмегіне жүгінеді.
Тігінші демекші театрдағы әр спектакльдің оқиға желісіне қарай, әртістеріне лайықтап киім тігу 3 маманға жүктелген. Қарбалас тірліктің иелері кей кездері күндіз-түні тынбай еңбектенеді. 23 жыл тәжірбиесі бар тігінші Қарлығаш Жорабекова костюмдер тіпті түсіме кіретін болды деп күледі.
Қарлығаш Жорабекова, тігінші: «Енді бір қойылым мен екіншісінің арасы 1 апта, 10 күн
болған кезде жұмыс қызады. Сол кезде түнеп те қаламыз осында. Үйді ұмытасың, балаларды ата-апасына тапсырамыз. Барлығын ұмытып, жан дүниемізбен жұмысқа кірісеміз ғой. Білесіздер ме, кейде түсіме кіреді осы киімдердің формасы. Сол арқылы жасаймын. Көмектесемін осылай дизайнерлерге. Себебі мен өзім дизайндарды ойып, қырқатын болған соң, теледидардан спектакльдерді жібермей тамашалаймын. Олардың жүріс-тұрысымен қатар, киімдерін де жіті талдап, үйреніп отырамын».
Театр дәл қазір Тыныбай Нұрмағамбетовтың «Бес бойдаққа бір той» премьерасына қызу дайындық үстінде. Әрине бұл спектакльді сахналауға әртістермен бірге біз айтып өткен сахна сыртындағы қаншама еңбеккерлердің тынымсыз жұмыс атқаратыны сөзсіз.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=BMRpNsbwXiA[/youtube]