Шенділер шектен шығуда

Жыл басынан бері өңірде полиция қызметкерлеріне қатысты 23 қылмыстық іс қозғалған. Оның тең жартысы қазір сот қарауында жатыр. Ал өткен жылы осы тақылеттес 72 іс қаралып, құқық қорғау органдарының 55 қызметкері қызметінен аластатылған
Жыл басынан бері өңірде полиция қызметкерлеріне қатысты 23 қылмыстық іс қозғалған. Оның тең жартысы қазір сот қарауында жатыр. Ал өткен жылы осы тақылеттес 72 іс қаралып, құқық қорғау органдарының 55 қызметкері қызметінен аластатылған
Жыл басынан бері өңірде полиция қызметкерлеріне қатысты 23 қылмыстық іс қозғалған. Оның тең жартысы қазір сот қарауында жатыр. Ал өткен жылы осы тақылеттес 72 іс қаралып, құқық қорғау органдарының 55 қызметкері қызметінен аластатылған

Шымкентте тәртіп сақшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Үш полицейге «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылып отыр. Олар көшедегі мастарды ұстап, айықтырғышқа жаппас үшін ақша талап етіп отырған. Полицейлердің бұл заңсыз әрекетін тұрғындардың өздері әшкерелеп беріпті. Сөйтіп сақшылар кезекті рет ақша алып жатқан жерінен қолға түсті. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, олардың басшылары да жауапқа тартылып жатыр.

Қолға түсіру операциясын өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары жүргізді. Екі кеште жасалған операция кезінде патрульдік полицейлер тырп ете алмай қалды. Тінту барысында күдіктілердің қалтасынан «Пара» деген таңбасы бар теңгелер табылды. Олар мас азаматты айықтырғышқа апарудың орнына олардан 11 мың теңге талап еткен. Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұралы Қырғызәлиевтің сөзіне қарағанда, соңғы кездері тәртіп сақшыларының теріс қылығы жиілеп кеткен. Патрульді полк қызметкерлерінің арасында қызмет бабын теріс пайдаланатындары көбейген. Медициналық айықтырғышқа апарудың орнына көшеде күдікті ретінде қолға түсірген масаң адамдарды қызметтік көлікке отырғызып, қалтасындағы ақшасын қағатын «әдет» тапқан. «Бізге осындай мәліметтер түсті. Осындай дәйектер бойынша барлық дәлелдеу жұмыстарын жүргізіп, сезіктілерді құрықтадық», – деді Н. Қырғызәлиев.

Қазіргі таңда пара алған полицейлер қамауда отыр. Енді олар қызметтен қуылып қана қоймай, дүние мүлкі де тәркіленуі мүмкін. Ал погондылардың неше жылға «кесілетінін» сот шешетін болады. Полицейлердің заңсыз әрекеті мұнымен де шектелмейді. Заң қызметкерлерінің арасында жезөкшелермен сыбайласып нәпақа тауып жүргендері де баршылық екен. Олар жігіттерге жеңіл жүрісті қызды өздері жіберіп, қыз зорлағаның үшін қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан фактісі тіркеліп отыр. Жуырда ғана облыста жүргізушіні бопсалап, 700 мың теңгені иеленіп кетпек болған екі полицей ұсталды. Олар бұл қылмысқа жүрісі жеңіл бір қызды тартқан. Оқиға былай болған. Бойжеткен Ақсукент ауылына барар жолда көлікті тоқтатып, жүргізушіден жеткізіп салуды өтінеді. «Ақшам жоқ, бірақ көмектесіңіз» – депті жолаушы. Жолда ол қыз жүргізушіні жыныстық қатынасқа шақырады. Сол екі ортада аңдып келген полицей «қызды зорладың» деп қорқытып, бар ақшасын «сыпырып» алған. Көлік жүргізушісі бұл туралы Ішкі істер департаментіне өзі хабарлаған. Қызметін асыра пайдаланған тәртіп сақшыларының бірі – Еңбекші аудандық Ішкі істер бөлімінде кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспектор, екіншісі – «Күзетте» қызмет атқарған. Олар қазіргі таңда жауапкершілікке тартылып жатыр. Сондай-ақ жақында ғана Сарыағаш аудандық ІІБ бастығының орынбасары пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Ол Өзбекстан азаматының жұмыс жасауына кедергі келтірмеу үшін пара талап еткен. Осылайша ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен облыстық экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері бірлесіп өткізген жедел-іздестіру шарасы барысында Сарыағаш аудандық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі 30 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде қолға түсті.

Түйін: 

Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері полиция қызметкерлеріне қатысты 23 қылмыстық іс қозғалған. Оның тең жартысы қазір сот қарауында жатыр. Бүгінде погондылар абыройдан жұрдай болды. Заңсыздықтардың жолын қиюға тиісті олар қызмет бабын пайдаланып, неше түрлі құйтырқылықтарға баратын болды. МАИ қызметкерлері жол бойында жүргізушілердің, патрульді полиция ішкіштердің қалтасын қағып жатыр… Бүгінде халықтың шенділерге деген сеніміне селкеу түскен.

Мақпал Рысбаева

Нұралы  ҚЫРҒЫЗӘЛИЕВ
Нұралы ҚЫРҒЫЗӘЛИЕВ

Нұралы ҚЫРҒЫЗӘЛИЕВ, ОҚО ІІД бастығының кадрлар бойынша орынбасары

– Тәртіп сақшыларының қатысуымен болған әрбір қылмыстық іс біз үшін төтенше жағдай. Біз ешқашан ештеңені жасырмаймыз. Заңды бұзды ма жауап береді. Шенділердің осындай құйтырқылықтарын әшкерелеу мақсатында біз жан-жақты жұмыстар жүргіземіз. Біз бұл реттегі шараларды әлі де ширата түсеміз.  Қатарымызды ондай жауапсыз, парақор қызметкерлерден тазартамыз. Әрбір оқиғаны зерттеп-зарделейміз, себеп-салдарын анықтаймыз.  Әрбір оқиғаның, әрбір қылмыстық әрекеттің себеп-салдары әртүрлі болғанымен, құқық қорғаушылардың жеңіл жолмен пайдаға кенелуді көздейтіндері, ашкөздігі айқын байқалады.