Шетелдік жұмысшылар қазақстандық мамандарға қарағанда жалақыны әлдеқайда көп алады. Оңтүстік Қазақстанда арнайы тексеру жүргізген еңбек инспекциясы осындай былықтардың бетін ашты. Айта кетейік, облыстың 56 кәсіпорнында шетелдік азаматтар жұмыс істейді.
Еңбек инспекциясы 3 апта ішінде соның 11-ін тексеріп шыққан. Нәтижесінде 6 мекемеде бірқатар кемшіліктер анықталыпты. Олардың арасында мамандардың жалақы теңсіздігі де расталып отыр. Ең сорақысы, шетелдік мамандар өздерімен қызметтес отандық мамандарға қарағанда жалақыны төрт есеге дейін көп алады екен.
Бастар Есқараев, облыстық бас мемлекеттік еңбек инспекторы: «Елбасының және ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына орай біз облыс прокуратурасымен бірге бұл тексерулерді жүргіздік. Қандай да бір қатаң мақсат қойған жоқпыз. Керісінше жалақы айырмашылығының негізгі туындауын зерттеуге тырыстық. Сондықтан да осы тексерулер қорытындысы бойынша жұмыс берушіге бірең-сараң әкімшілік шарамен қатар, жалақы айырмашылығын тез арада жою жөнінде ұйғарымдар бердік. Орындалуы міндетті. Бүгінгі күнге берілген ұйғарымдарды орындау басталып та кетті. Мәселен «Сармар-трейдинг» ЖШС жалақы айырмашылығы жойылғандығы туралы мәлімет беріп отыр. «Химфарм» АҚ мен «ПетроҚазақстанОйлПродактс» компаниялары осы мәселені түбегейлі шешу жөнінде кішкене уақыт сұрап отыр. Біз оларға түсіністікпен қарап жатырмыз. Алайда созбалаңқыға салмауды талап етіп отырмыз. Себебі осындай мәселелердің өзі жұмысшылар арасында әлеуметтік шиеленісті тудырып жіберуі әбден мүмкін».
Тексеруші топ, заңсыздықты жоюға уақытта беріпті. Бірақ созбалаңдыққа жол жоқ деп отыр. Одан бөлек, мемлекеттік инспекторлар жыл басынан бері 286 тексеру жүргізген болса, оның ішінде 817 еңбек заңдылықтарының бұзылу фактілері анықтаған.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YOzp1V2gcYY[/youtube]