Шымкенттіктер көшеге үй салып алған

"Қос диірмен" ӨК тұрғындарының осылай жүріп-тұрғанына 3 жылдан асты
"Қос диірмен" ӨК тұрғындарының осылай жүріп-тұрғанына 3 жылдан асты
«Қос диірмен» ӨК тұрғындарының осылай жүріп-тұрғанына 3 жылдан асты

Жеке үйлер жолды жапты. Абай ауданындағы «Қос диірмен» өндірістік кооперативіне қарасты ауыл тұрғындары өз үйлеріне жалпыға ортақ көшемен барып, шыға алмайды. Аулалардың арасын аралап, қуыс-қуыстармен жаяулатуға мәжбүр. Себебі, ені 12 метрлік ішкі ортақ көшені пысықайлар иемденіп, үй соғып алған. Соның салдарынан ауылдағы 300-ге жуық отбасыға не жедел жәрдем бара алмайды, не өрт сөндіру көлігі жете алмайды.

«Қос диірмендегі» тұрғындардың бас ауруына айналған — жаңадан соғылған мына баспаналар. Көшенің дәл ортасынан бой көтерген үйлердің кесірінен ішкі 4 көше жабылып, жолсызбен жүрген қараша қарадай қиналып жүр. Осылай күн кешкен күйбеңге 3 жылдан асыпты.

Жерді меншіктеп алған 4 баспанада да қазір қожайындары тұрып жатқан жоқ. Пәтер жалдаушылар ғана тұрады екен. Бірақ, үйіңді дәл көшенің үстіне неге саласың деген көршілеріне «менің құрылысым заңды, қайда барсаң, онда бар» деп бет бақтырмайтын көрінеді. Ал «Қос диірмендіктердің» басты дәлелі мына карта. Сызбадағы заң бойынша, бұл көшеге баспана салынбақ тұрмақ, құрылыстың қиқымы да түспеуі тиіс.

Тұрғындар қанша арыздандық дегенімен, Абай аудандық әкімдігінің мамандары бұл мәселені бүгін ғана білдік деп отыр. Сондықтан жергілікті жұрт алдымен, ауданның әкімі Жамбыл Байғоновтың атына арыз жазуы тиіс екен, тағы да. Сонда ғана тексеріледі.

Жергілікті әкімдік проблеманы реттеу үшін бір ай мерзім сұрады. Созбалаңға салынған мәселеге нүкте дәл осы жолы қойылар болса, тағы бір сеніп, күтейік деген үмітте қалды тұрғындар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=cs_-s01HwBc[/youtube]