Спорт мектебінің экс-директорының кенеттен келген қазасы

241
Марқұм Минир Кашафутдинов - ардагерлер командасының сапында
Марқұм Минир Кашафутдинов - ардагерлер командасының сапында
Марқұм Минир Кашафутдинов (ортада) — ардагерлер командасының сапында

Жақында Қазақстанға әйгілі бапкер, Шымкенттегі теннис мектебінің бұрынғы директоры Минир Кашафутдинов өмірден өтті. Ұйықтап жатқанда жүрегі тоқтап қалған болуы мүмкін. Ал марқұмның әйелі жұбайының қазасына тергеушілерді кінәлап отыр. Айта кету керек, ардагер бапкердің үстінен қаладағы теннис мектебінің директоры болып тұрған кезінде қылмыстық іс қозғалған еді. Осы іс соңына жетпей жатып, Кашафутдинов кенеттен қайтыс болды. Әйелінің сөзінше, тергеу барысы осындай жағдайға жеткізген. Айтуынша,іс белгісіз бір азаматшаның жаласы бойынша қозғалған. Яки Минир Мингазатдинұлына мемлекетке 480 мың теңге зиян келтірген деген айып тағылған. Алайда, ең қызығы сол — арызданушы әйелді спорт мектебінің ешқандай қызметкері танымайтын болып шықты.

Дильяра Бариқызы Кашафутдинова
Дильяра Бариқызы Кашафутдинова

 

«Мен сол әйелді сұрап, спорт мектебіне бардым да. Бірақ, ондағы қызметкерлердің ешқайсысы арызданушының кім екенін, қайдан келгенін және қайда тұратынынан бейхабар болып шықты» дейді Дильяра Бариқызы.

Ашынған әйелдің айтуынша, спорт мектебінің қазіргі директоры жоғарғы шенді қызметкердің туысы көрінеді. Ол 2011 жылдың жазында Минир Мингазатдинұлына келіп, бауырын жұмысқа алуды өтініпті. Ештеңеден хабары жоқ Минир Кашафутдинов бұл өтініштен бас тарта алмапты. Сөйтіп, өзінің орынбасары етіп жұмысқа алады.

«Ол кезде осы істің арты неге шабарын білмеген еді» деген Минир Мингазатдинұлының жесірі тергеушілер істі тексеру барысында Кашафутдиновтың адвокатын да аластатып тастағанын айтады. Содан кейін бірнеше рет тергеуге күйеуінің жалғыз өзін шақырыпты. «Әсіресе, наурыздың бас кезіндегі соңғы тергеуде оны 5 сағат бойы ұстады. Үйге екі көзі қызарып, қатты қалжырап келді» деп еске алады Дильяра Бариқызы. Осы мәселені айтып жүріп, прокуратураға, мемлекет басшысы — Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігіне де хат жазыпты. Кейіннен тергеушілер Кашафутдиновтың адвокатының іске қайта араласуына рұқсат береді.

Қылмыстық іс қозғалған соң бұрынғы директор жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Кашафутдиновтың жесірінің сөзіне сенсек, жемқорлық дерегі бойынша жала жауып, бұрынғы директорды қызметтен қуу біреулерге тиімді болған көрінеі. Алайда, қазіргі директор, ол бұрын орынбасар болған, осы екі оқиғаның, Дильяра Бариқызы айтып отырғандай, бір бірімен еш байланысы жоқ дейді.

Теннис мектебінің қазіргі директоры - Қасымбек Жүнісов
Теннис мектебінің қазіргі директоры — Қасымбек Жүнісов

 

» Мен Минир Мингазатдинұлын тек жақсы қырынан танимын. Ол — өз ісінің нағыз маманы болатын. Өткен жылдың соңына қарай, отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты қалалық спорт бөліміне өз еркімен арыз жазып, жұмыстан өз еркімен босаған еді. Ал оның қаржы полициясымен істі болғанын, тергеушілердің қатты қинағанын біз білмейміз. Оған түсінік беретін құқығымыз да жоқ. Бар білетінміз, Минир Мингазатдинұлының соңғы кездері денсаулығы нашарлап кеткен. Қан қысымы жоғарыласа керек. Дәрігерлер ертпен ойнауға болмайтынын Минир Мингазатдинұлына қайта-қайта ескертіп, аурухана жатуын сұранғанын естігенбіз» дейді Шымкент қалалық № 6 теннистен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қасымбек Жүнісов.

Қалай болғанда да Қазақстанға белгілі бапкер көз жұмды. Жесірінің айтуынша, соңғы шағына дейін үйінің қасындағы Абай саябағында күнде таңертең жүгіріп жүрген бапкердің қазасына шәкірттері мен таныстары әлі күнге дейін сене алар емес.
Айта кету керек, Минир Кашафутдинов кезінде Қазақстанның әйгілі «Рахат» қыздар командасын жаттықтырған. Өзі де соңғы сәтке дейін облыстық ардагерлер құрамасының сабында алаңға шығып, волейбол ойнап келген.

Минир Мингазатдинұлы жаңадан ашылған теннис кортында
Минир Мингазатдинұлы жаңадан ашылған теннис кортында

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=NWHv6QChK2A[/youtube]