Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев 2012 жылдың сәуірінде өсіп-өнген өңірінің тізгінін қолына алған болатын. Содан бергі 9 ай ішінде еткен еңбек пен төгілген тердің деңгейін бағамдайтын сәтте қала басшысы тұрғындардың жақсы деген бағасына ие болды.
Айта кетерлігі, өткен жылдың басында облыстағы рейтингтік көрсеткіш бойынша аудан, қалалар арасында әупірімдеп жүріп, 12 орыннан көрінген түркістандықтар жыл соңына дейін әуелгіде 6 орын, 9 айдың қорытындысы бойынша 1 орынға шығып, жыл соңында тағы да алғашқы орындардың көшін бастағалы тұрғанын көпшілік білгені жөн болар. Ендеше сөз бен істің арасымен танысу мақсатында қала басшысын әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Әліпбек Шәріпбекұлы, Түркістанды көпшілік жұрт рухани астана деп атап жүр. Әрине, қаланың мұндай арнайы статусы болмағанымен түркі халықтарының қастер тұтатын мекенін әлгі атқа лайықты гүлдендіру бағытында қандай қадамдарыңыз бар?
– Мен сөзімді өткен жылдарға шегіне отырып бастайын. Жалпы Түркістан қаласының статусынан бұрын, жоғарғы басшылықтың бұл аймақты дамытуға деген ықыластарының зор екендігін айта кету керек. Соның нәтижесінде қаламызды бүгінгі күннің талабына сай дамыту қолға алынып келеді.
Осы бағытта баршаңызға белгілі 2011 жылы Үкімет қаулысымен қаламыздың келешектегі даму жобаларын айқындайтын Бас жоспары бекітілді. Бұл жөнінде барлық деңгейдегі жиындарда, ақпарат құралдарында айтылып көпшілік хабардар болған.
Бекітілген жобаның басты мақсаты – қала тұрғындары, туристер және қалаға келуші қонақтардың тіршілік әрекетіне қолайлы жағдай жасау және қаланың тарихи маңызын назарға ала отырып, туризм саласын нығайтуға бағытталған. Бөлшекті жоспарлау жобасында белгіленген құрылыстар және өңірдің экономика саласын дамытуда әлеуеті бар мүмкіндіктер Түркістан қаласын болашақта әкімшілік, өнеркәсіптік, туристік және мәдени орталыққа айналдыруға бағытталған.
Бұл жөнінде айта берсек сөз көп. Дегенмен қаламыздың бас жоспарға сай даму келбетін қысқаша шолып өткенді жөн көріп отырмын. Мәселен, қазіргі таңда Түркістан – Балтакөл бағытындағы жолдың оң жақ бетінен 103 га жер бөлініп, индустриалды аймақ құрылып, оның инфрақұрылымы және оған инвесторлар тартылуда. Ондағы мақсатымыз – қаланың оңтүстік батыс бөлігінде өнеркәсіп аймағын дамыту көзделген. Ал қаладан Шымкент бағытына шығатын жолдың оң жақ бөлігінен әкімшілік іскерлік аумақ салу және осы жолдың сол жақ бөлігінен тұрғын үй массиві мен Кентау бағыты жол бойына демалыс, ойын-сауық орындарын салу жобаланған. Одан бөлек Отырар – Түркістан бағытындағы аймаққа туристерге қызмет көрсету салаларын қалыптастыру белгіленген. Сонымен бірге Қызылорда бағытында тұрғын үй массиві және түрлі саладағы қызмет көрсету тетіктерін қалыптастыру жобаланған.
Жалпы айтқанда, қаламыздың барлық аймақтары бойынша даму перспективалары нақтыланған. Қазіргі таңда осы бекітілген бас жоспарға сәйкес нақты жұмыстар қолға алынып, жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Қала экономикасының негізгі қозғаушы күшіне басты деген қай салаларды жатқызасыз және оны жетілдіру мақсатында жасап жатқан қадамдарыңыз бар ма?
– Түркістанда ауылшаруашылығымен қатар өнеркәсіп саласын дамытуға да мүмкіндік мол. Тек көзін тауып еңбек ету керек.
Иә, мен сөз басында айтып өткенімдей Түркістан қаласы өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы саласы қатар дамып келе жатқан өңір. Әсіресе соңғы жылдары өнеркәсіп саласын дамытуға нақты қадамдар жасалып келеді. Соның нәтижесінде 2012 жылы қаладағы өнеркәсіп кәсiпорындары 8 059,2 млн теңгенiң өнiмiн өндiрсе, бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 5,1%-ға өскен (2011 ж. 7 363,9 млн теңгені құраған). Бұған қоса тағы мысал келтіре кететін болсақ, 2012 жылы жалпы өңiрлiк өнiм 64 млрд 549,4 млн теңгенi құраса, соның 12,4%-ы өнеркәсіпке, 21,4%-ы өткізілген тауарлар, көрсетілген қызметке және 32,7%-ы ауылшаруашылық саласына тиесілі. Осы сандар тоғыз жолдың торабында орналасқан қаладағы өнеркәсіп пен шағын және орта бизнестің қарқын алып келе жатқанын байқатады. Оның үстіне тұрғындарымыз осы кәсіптерді игеруге бейім. Және де өңірлік өнім көлемінің 32,7%-ын құрайтын ауылшаруашылығы саласы да тұрғындардың ата кәсібіне айналған.
Сондықтан біз осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өнеркәсіпті дамытуға бағытталған қолдаулар мен ауылшаруашылығы саласында егін су тапшылығы және суармалы жер көлемін ұлғайту жөнінде біраз мәселелерді нақтылап, соны іске асыру бағытындағы жұмыстарды қолға алып отырмыз.
Дегенмен, аталған көрсеткіштер біз үшін айтарлықтай жетістік ретінде айтылмайды. Сол себептен, өндіріс орындары мен әлгіндей шағын және орта бизнес саласын дамытуда нақты қадамдар жасалып келеді. Оған дәлел биылғы жылдың өзінде қаламызда менің жоғарыда атап өткен индустриалды аймаққа жалпы құны 3 миллиардтан асатын 3 инвестициялық жобаны іске қосу үшін келіссөздер жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл сан одан да арта түседі. Сонымен бірге жеке кәсібін дамыту үшін кәсіпкерлерге мемлекет есебінен қолдау көрсету мақсатында, 2012 жылдың өзінде 6691 жобаға 2 млрд 87 млн теңге несие алуына ықпал жасалды. Оған қоса 5 жобаның инфрақұрылымын жеткізу бағытында 1 млрд 158,8 млн теңгеге тиісті жұмыстар жүргізілді.
Осы шаруалармен қатар, қаламыздағы туризм саласын да өңірдің негізгі табыс көздерінің біріне айналдыруды мұрат етіп отырмыз.
– Өзіңіз айтып өткендей туризм саласын дамыту жалпы мемлекет деңгейіндегі мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда өткен жылы қандай жетістіктерге қол жеткізе алдыңыздар?
– Жалпы, туристердің көпшілігі қаламыздағы Қ.А.Яссауи кесенесіне және Сауран қалашығы, Укаша ата, Гаухар ана кесенелеріне жиі барады. Біз осы бағытты одан әрі жандандыру мақсатында, әлгі Укаша ата, Сауран қалашығы, Гаухар ана кесенелеріне баратын жолды қалпына келтіру үшін облыс басшылығына ұсыныс жасап, нәтижесінде өткен жылы осы нысандарға қаржы қаралып, жол салынды. Қазір бұл орындарға бару оншалықты қиындық тудырмайды.
Сонымен бірге облыс әкімі Асқар Исабекұлының қолдауымен биыл қаламызда 200 орындық зияратшыларға қызмет көрсету орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Мұнда зияратшыларға қажетті қызмет түрлерінің барлығы қарастырылған. Осы секілді қолөнер шеберлерінің мектебін салуды да күн тәртібіне енгіздік. Алдағы уақытта осы шеберлер мектебі іске асқан жағдайда, біз шетелдің арзанқол сувенирлік бұйымдарының орнын отандық өнімдермен алмастыруға қол жеткізетін боламыз. Сол секілді туристік фирмалармен байланыс орнату және өзге де құрылыс нысандарын салу жөнінде де жобаларымыз бар. Бұл жұмыстар алдағы уақыттың еншісінде.
– Түркістанның аты спорт саласындағы саңлақтарымен де танымал. Мәселен, Октябрь Жарылқапов, Әбдісалан Нұрмаханов және қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзаттай ұлдар түлеп ұшқан Түркістанның бүгінгі спорттық келбеті қалай?
– Шынында да қаламыздың аты спорт саласында танымал болып келген. Бірақ бұл осыған дейінгі ғана жетістіктермен ғана шектеліп қалмайды деп есептеймін. Оған негіз бар. Бұл саланы жетілдіру мақсатында өткен жылы қаламыздағы орталық Б.Шолақ атындағы стадион ішінен 300-ден аса көрерменге арналған жабық спорт кешені салынды. Сондай-ақ 2012 жылы жүргізілген жұмыстардың арқасында футболдан «Дала мен қала» атты облыстық біріншілікте қаламыз алғашқы үштіктен орын алса, өңірімізден Қазақстан Республикасы біріншілігінде – 11, Азия чемпионатында – 2, Әлем чемпионатында 5 спортшы жүлдегер атанып, қаламыздың абыройын асқақтатты. Міне, осы жұмыстардың жалғасы ретінде осы жылы қысы-жазы үзіліссіз жұмыс жасайтын жабық бассейн құрылысы жүргізілетін болады. Оған қоса, өңірімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында заман талабына сай ойын алаңдары салынатын болады.
– Жалпы қаладағы білім деңгейі мен денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстарды атап өтсеңіз?
– Қаламызда соңғы жиырма жыл көлемінде 20 мектеп салынса, соның алтауы өткен 2012 жылы салынды. Оған қоса биыл тағы да 4 мектеп ғимаратын салу жоспарымызда бар. Жалпы қаламыздағы бiлiм беру саласына 2012 жылы 10 669,8 млн теңге қаржы қаралып, 2011 жылмен салыстырғанда 13,8%-ға артты. Осындай жұмыстардың арқасында қала бойынша ҰБТ қорытындысының орташа көрсеткiшi 71,09 балды құрап (2011 ж. – 76,97), облыс көлемінде 3-ші орынды иемдендік.
Ал денсаулық сақтау саласына 4 190,0 млн теңге бағытталып, 2011 жылмен салыстырғанда 10%-ға артса, нәтижесінде шалғайдағы ауылдарда 3 денсаулық сақтау нысанын іске қосуға қол жеткіздік (Еңбекші дихан, Бабайқорған елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулатория, Сауран елді мекеніндегі ФАП).
Сондай-ақ қаламыздан 200 орынға арналған қалалық көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы жүріп жатыр және ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы бас-талды. Бұл жұмыстар өз кезегінде қаламыздағы денсаулық сақтау саласын жетілдірудегі жүйелі жұмыстар болып табылады.
Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ