Бірнеше күннің ішінде 3 жанармай бекетіне шабуыл жасалған
Бірнеше күннің ішінде 3 жанармай бекетіне шабуыл жасалған
Бірнеше күннің ішінде 3 жанармай бекетіне шабуыл жасалған

Түркістанда жанармай құю бекеттерін тонап келген қарақшылар ұсталды. Күдіктілер қаладағы стансаларға қырғидай тиіп, құтын қашырып жүрген. Бір айта кетерлігі, әбден басынған олар қылмыстық әрекеттерінің барлығын бір әдіспен жасапты. Бұл туралы қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы айтып отыр.

Соңғы күндері Түркістанда бірнеше жанармай бекеттеріне қарулы шабуыл жасалды. Барлық оқиғада қарақшылар бір әдіспен әрекет жасаған. Яғни, нысанға баса-көктеп кіреді, күзетшіні ұрып-соғады және ақшаны алып, тайып тұрады. Бірер күннің ішінде үш жанармай бекеті тоналған. Осыған орай тәртіп сақшылары қылмыскерлерді іздеуге кіріседі.

Түркістан қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы Серік Шалқаров
Түркістан қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы Серік Шалқаров

«Бізге осы қарақшылық шабуыл әрекеттері жайында бірнеше шағым келіп түсті. Соларыдң бірін тексеріп, оқиға орнында жүрген кезімізде арада екі сағат өткен соң кезекші бөлімге қаланың басқа шетіндегі тағы бір жанармай бекетіне шабуыл жасалғаны туралы суыт хабар түседі. Оқиға орнына тездетіп барып, шұғыл-іздестіру әрекетін жүргізу барысында екі күдіктіні қолға түсірдік. Олар өздерінің әрекеттерін мойындады. Анық болғандай, олардың күзетшілері жоқ шағын жанармай құю бекеттеріне шабуыл жасағаны белгілі болды» дейді Түркістан қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы Серік Шалқаров.

Осылайша жанармай құюшылардың зәре-құтын алып келгендердің екі адам екені анықталды. Тергеу кезінде олар қолдарымен істегендерін мойындарымен көтерді.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдіктілер 3 рет қарақшылық шабуыл жасап, 5 рет ұрлыққа түскен. Алайда, мұның барлығы бер жағы дейді полицейлер. Тергеушілердің анықтағанындай, бұл екі күдіктінің өткен жылдың соңында орын алған кісі өлтіру фактісіне қатысы бар.

Қазіргі таңда кісі өлтіру, қарақшылы шабуыл және ұрлық жасауға байланысты қылмысты іс қозғалды. О ІІД мәліметінше, жәбірленушілерге күдіктілердің әрекетінен келген шығының көлемі 10 миллион теңгеден асып кетеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=36CtZNF6VZs[/youtube]