Текті сөздің төресін айтқандар

Соңына қарай қатысушыларға алғысын жаудырған Әбсаттар қажы Дербісәлі «Әзірет Сұлтан» мешіті қолға алған бастаманы әрі қарай Мәдениет министрлігі іліп әкететінін айтты

Тәрбиелік мәні бар тағылымды істерді қайта жаңғырту қуанышты жайт. Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті терме өнерінен бәйге ұйымдастыратынын естігенде кәдімгідей қуанып қалғанбыз. Шыны керек, қалың жұртшылық қолдап, қуаттаған. «Бастамаларың оң болсын» десті. Мінеки, өткен жылы жарияланған сол термешілер байқауының көбесі сөгіліп, топжарғандардың есіміне қанықтық. Жыр сүлейлерінің арасында Оңтүстіктің өрендері де бар екен.

Соңына қарай қатысушыларға алғысын жаудырған Әбсаттар қажы Дербісәлі «Әзірет Сұлтан» мешіті қолға алған бастаманы әрі қарай Мәдениет министрлігі іліп әкететінін айтты
Соңына қарай қатысушыларға алғысын жаудырған Әбсаттар қажы Дербісәлі «Әзірет Сұлтан» мешіті қолға алған бастаманы әрі қарай Мәдениет министрлігі іліп әкететінін айтты

Құнды өсиеттерге тұнған жыр-термелеріміздің тәрбиелік мәні зор. Оның үстіне қым-қуыт тіршілігімізбен біте қайнасып келе жатқандығы белгілі. Десек те, кейінгі кездері терме жырларының үні естен шығып бара жатқандай еді. Қоғам дертін дөп басатын жырлар да азайды. Әуезді әнмен халыққа жеткізетін орындаушылардың да қатары сиреген. Сол себепті дінтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлының ерекше бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Біле білсек, термешілердің бәйгесі Тәуелсіз ел болғалы алғаш рет өткізіліп отыр екен. Үміткер ақын, жыраулардың қатары аз емес. Сайысқа 290 термеші үмітін үкілеп қатысқан. Мұның өзі бәйгенің тартымдылығын аңғартса керек.

Қазылардың шешімі бойынша, «текті сөздің төресін» айтқан бірден-бір ақын  көкшетаулық Арман Бердалин  болды. Бұған дейін «Арақ пен Қазақ» атты термесі арқылы танылған Арманға бас жүлде автөкөлік бұйырды

Хош делік. Текті сөздің төресін айтатындар Елордадағы еңселі «Конгресс Холл» сарайында бас қосты. Бірнеше айға созылған сайыстың шынайы дүлдүлдерін анықтау үшін. Сайыскерлердің қарқынына бағасын бергендер кіл мәдениет саласының майталмандары. Оған қоса, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлының өзі өлеңдердің діни мазмұнын сүзгіден өткізіпті. Қомақты жүлде тігілген бәйгеде ақындар аянып қалсын ба, кең сарайдың ішін жауһар жырмен көмкерген. Ой түбінде жатқан сөзді домбыра үнімен толқытқандардың өнеріне көпшілік куә болды. Соңында жүзден жүйріктер анықталып, бағалы жүлделер өз иелерін тапты. Қазылардың шешімі бойынша, «текті сөздің төресін» айтқан бірден-бір ақын көкшетаулық Арман Бердалин болды. Бұған дейін «Арақ пен Қазақ» атты термесі арқылы танылған Арманға бас жүлде автөкөлік бұйырды. Қалған жүлделерді Қалқаман Сарин, Серік Қалиев, Серікзат Дүйсенғазин сынды арынды ақындар мен ең жас ақындар Сырым Әуезхан, Жамбыл Дүйсенов өзара бөліскен. Қуанарлығы сол, жүлдегерлер арасында Оңтүстіктің өкілдері де бар. Шымкенттегі Батырбек Өтеп атындағы Өнер мектеп-интернатының мұғалімі Бекмұрат Анарбаев үшінші орынды иемденді. Сонымен бірге «Үздік мақам» номинациясы Бекмұрат Анарбаевтың термесін орындаған Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Жақып Сыпатаевтың қанжығасында. Соңына қарай қатысушыларға алғысын жаудырған Әбсаттар қажы Дербісәлі «Әзірет Сұлтан» мешіті қолға алған бастаманы әрі қарай Мәдениет министрлігі іліп әкететінін айтты.

Тағабай ҚАСЫМ