Шымкентте «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны өтті. Көпшілік назарына білім бәсекесі басталмас бұрын, үміткерлердің дайындығынан сыр шертетін бейнеролик ұсынылды. Осылайша ЖОО-ның білімді де белсенді студенттері, яғни доданың үміткерлері — бірнеше сайыстардан сүрінбеген білімді жастар.
“Бәйге” бөлімінде түрлі саладан сұрақтар қойылып, жастолқын алдыларындағы компьютер тетіктері арқылы жауап берді. Алғашқы айналымда 8 студент қатысып, білімдерін сынады. Шарт бойынша алғашқы айналымда төмен көрсеткішке ие болған қатысушылар ойыннан шығарылды.
Самида Назимова, студент: «Ешқандай өкінішім жоқ, ренжімеймін де. Себебі , ойынның аты ойын. Біріміз жеңіске жетсек, біріміздің жағдаймыз осындай болады. Ешқандай өкінбеймін, бұған бола еңсемді де түсірмеймін мен. Бұл ойынға қатысуымның өзі үлкен жетістік деп санаймын. Ойындағы қарсыластарымды да құрметтеймін, тең дәрежеде ойнай білдім деп есептеймін. Мен үшін ойында ең қиын болған сұрақ «Түркісіб теміржолында ең алғаш поезд айдаған адам?» деген. Бұл сұрақ расында да мен үшін қиын болды».
Екінші айналымда Еркебұлан Сайрамбайдың қадамы сәтті болды десті көпшілік. Үміткерлер 12 ұяшықтың бірін таңдап, сұрақтарға жауап беруі тиіс. Әрбір жауапқа 10 ұпайдан беріледі.
Сәндігүл Аппазова, үміткер: «Ойын өзі тартысты басталды ғой. Ойын болған соң, осынысымен де қызықты. Дайындық барысында барлығымыз дос болып кеттік. Ойында кім жеңіске жетерін білмеймін, бірақ қарсыластарыма тек сәттілік тілеймін. Тек білімді адам ғана өзінің мақсатына жете алады. Сондықтан менде барымша тырысып жатырмын».
Меруерт Омарова, студент: «Ойын басталғалы бері тапжылмай тамашалап отырмын. Ең жақсы ойыншы деп мен Еркебұлан Сайрамбайды айтар едім. Оның жылдамдығы мен тапқырлығы, білімі баршаны тәнті етуде. Бірінші айналымда-ақ ол өзінің білімді екенін көрсете алды деп ойлаймын. Сондықтан ол бүгінгі доданың көшбасшысы болады деген ойдамын».
Бағдат Батырбаев, студент: «ХХІ ғасыр көшбасшысы» ойыны өте жоғарғы дәрежеде өтіп жатыр. Ең үздіктер арасында өтіп жатқандықтан, біз де қызыға көріп отырмыз. Алғашқы айналымда Сәндігүл мен Еркебұлан суырылып алға шықты ғой. Менің ойымша осы екі замандасымыздың бірі 1-орынды алады. Сұрақтарға да саспай жауап беріп жатыр. Көп оқып, ізденетіндері бірден-ақ байқалады».
Сонымен ақтық мәреде жүзден жүйрік танылған Еркебұлан Сайрамбай жеңіске жетті. Жанар Абдрахманова 2-орынды иеленді. Ал Сәндігүл Аппазова 3-орнды місе тұтты. Өзге де қатысушылар ынталандыруы сыйлықтарына ие болды.
Еркебұлан Сайрамбай, 1-орын иегері: «Бұл көптен бері күткен жеңісім. Бірақ дәл бүгін 1-орынды аламын деп ойламаған да едім. Бірақ әйтеуір бір орыннан көрінетініме сенімді едім. Ал дәл қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Расында да мен өз уәдемді орындадым. Ұстаздарымның жұмысын да ақтадым деп ойлаймын. Қатты қобалжып та тұрмын. Болашақта униветситетті бітіріп, өзімнің мамандығым бойынша кәсіпкерлік саласында қызмет атқарсам деймін. Яғни ғылым мен бизнесті ұштастырсам деймін. Себебі мамандығым маркетолог, «маркетолог» дегеннің өзі ғылым мен кәсіпкерліктің үйлесім табуы ғой. Мен осы арманымды орындау үшін ізденісімді жалғастырамын «.
Шымкентте кең көлемде өткен «»ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны осылай аяқталды. Ал жүзден жүйрік танылған жеңімпаздар алдағы уақытта республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінде бақ сынайтын болады.