Жыл басын тойлау жаңа сипат алды

Наурыз қарсаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған топ Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағынауданында өткен сенбілікке қатысып, ағаш көшеттерін отырғызды

Наурыз Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай қазақша Жыл басы. Ал бұл мерекені атап өтуде Оңтүстік жұрты бар өнерінен аянып қалған күні жоқ. Тіпті, бүкіл Қазақстан біртұтас ел болып тойламаған кеңестік кезеңде Оңтүстіктің қайсыбір ауылына барсаңызда Наурыз күні қыр-қыратқа жұрт жиналып, дастархан жайып, көшеден өткен-кеткенге Наурыз көжеден дәм татқызып отыратын. Бала күннен жатталған осы бір көрініс уақыт өткен сайын халықтық мерекенің мән-мағынасын, мазмұнын байыта түскені рас. Міржақыпша айтсақ, «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы.

Ал Ұлттың ұйытқысы болған Оңтүстік Ұлт мейрамын атап өтудің өзіндік салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы сақталған өңір. Дегенмен, жақсыны жатырқамайтын, оның үстіне үнемі игі істердің бастамашысы болып жүргенді жаны қалайтын оңтүстікқазақстандықтар биылғы Нау-рыз мерекесін жаңа сипатта тойлауды қолға алды. Дұрысырағы, Наурызды тойлаудың о бастағы мән-мағынасын қайта жаңғыртты деген абзалырақ шығар. Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей «…қазақтың Наурызы дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл, адамдармен… ұйымдастыратын мейрам ету керек».

Міне, осы керектің үдесінен шыға бастағандаймыз. Наурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімдігі арнайы бағдарлама түзді. Әр күнді атаулап белгіледі. Сөйтті де Наурыздың мән-мазмұнын ашуға кірісіп кетті. Халықтың көкейінен шықты білем, ел игі-іске ілесті.

1 күн: «Көктем шуағы»

Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов шымкенттегі облыстық «Ардагерлер үйінде» демалып, ем алып жатқан ардагерлерге барып, сәлем берді
Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов шымкенттегі облыстық «Ардагерлер үйінде» демалып, ем алып жатқан ардагерлерге барып, сәлем берді

Наурыздың 14-і күні осы атауды басшылыққа алған жергілікті билік өзі бас болып ардагерлерді құттықтауға асықты. Қоғамдық жастар ұйымдары қарияларға қамқорлық көрсету акцияларын ұйымдастырды. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов шымкенттегі облыстық «Ардагерлер үйінде» демалып, ем алып жатқан ардагерлерге барып, сәлем берді. Бұл сәлем қарттардан басталуы да тегін емес. Осы сәлемдесу арқылы өлкеміз Күн шуағына бөленсін деген мән жатыр дейді ұйымдастырушылар. Бүкіл облыс тұрғындары атынан қарттарға құрмет көрсетіліп, Наурыз дастарқанында ақ-жайма бата айтылды, тілек тіленді. Аналарға ақжаулы, аталарға қазақы оюлы тақия тарту етілді.

Айта кету керек, «Ардегерлер үйінде» жылына 4 мыңға жуық ардагер тегін демалады.

Пәрдай Жақыпбекова
Пәрдай Жақыпбекова

Пәрдай Жақыпбекова, «Ардагерлер үйінің» демалушысы, Кентау қаласының тұрғыны

– Айналайын, басшыларға рахмет. Үлкеніміз бар ғой деп, бата сұрай келіпті. Өссін, өнсін, көгерсін. Бастамалары ұнады, келер ұрпаққа өнеге болсын!

 

 

 

 

Оңласын Сланова
Оңласын Сланова

Оңласын Сланова, Ардагерлер үйінің демалушысы, Жетісай қаласының тұрғыны

– Наурыз тойы құтты болсын! Әжелеріміз кимешек киіп, қыздарымыз әдемі болып жүрсін. Бұл мерекенің басталғанының  белгісі!

 

 

 

 

2 күн: «Тағзым»

Облыс басшысы бастап, ұлт зиялылары наурыздың 15-і күні  соғыс ардагерлеріне арнап қойылған «Даңқ» мемориалдық кешеніндегі Мәңгілік алауға барып тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды
Облыс басшысы бастап, ұлт зиялылары наурыздың 15-і күні соғыс ардагерлеріне арнап қойылған «Даңқ» мемориалдық кешеніндегі Мәңгілік алауға барып тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды

Наурыздың мәні амандық-саулықты сұрасып, шұрқырасып көрісіп, жамыраса той тойлау ғана емес. Кешегі өткен ата-бабаларды еске алу. Олардың өнегесін өскелең ұрпаққа жеткізу насихатын да Ұлыстың Ұлы күнінде ұмытпағанымыз абзал болды. Дүниеден өткендерді есте ұстау, олардың рухтарына тағзым жасап отыру тәрбиенің бір белгісі. Облыс басшысы бастап, ұлт зиялылары наурыздың 15-і күні соғыс ардагерлеріне арнап қойылған «Даңқ» мемориалдық кешеніндегі Мәңгілік алауға барып тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Олардың ерлік істері туралы насихат айтылды. Сосын, зиялы қауым Ж.Шанин атындағы облыстық сазды драма театрына жиналды. Мұнда ел Аламан айтыстың куәсі болды. Бұл жолғы айтыс Төлеби бабамыздың 350 жылдығына, Абылай ханның 300 жылдығына арналды. (Айтыс жайлы толық мағлұматты газеттің 13-бетінен оқыңыз)

Ата-баба рухына тағзым ету шарасы Жұма намазға дөп келуін әдемі сәйкестікке балағандар бар. Осы күні облыстық орталық мешітке ел көп жиналды. Тағзым күнінің мән-мағынасы айтылып, Жұма намазда Наурыз бірлікке, ынтымаққа шақыратын мереке екенін, қайырымдылық айы болғандықтан қоғамды мейірімді болуға үгіттейтіні кеңінен сөз болды. (Жұма намазда айтылған уағыздар туралы газеттің 7-бетінен оқи аласыздар)

3 күн: «Алас күні»

Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған топ Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағынауданында өткен сенбілікке қатысып, ағаш көшеттерін отырғызды
Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған топ Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағынауданында өткен сенбілікке қатысып, ағаш көшеттерін отырғызды

Наурыз тазалыққа шақыратын мереке. Ұлыстың Ұлы күнін тойламаққа ниеттенгендер алдымен үй ішін, айналаны тазартып, қыстың тоны жібіп, жиылып қалған күл-қоқыстан ауланы тазартатыны белгілі. Облыс тұрғындары да осы қағидаттан бұрын-соңды жаңылмаған. Тек биыл жылдағыдай сенбілік күні дей салынбай «Алас күні» деп арнайы атау берілгендігі болмаса…Алас күніне де жұрт жұмыла кірісті. Арық-атыздардың көзі ашылып, кәсіпорын, мекеме ұжымдары өз ғимараттарының ауласын тазартты. Тал екті. Гүл қондырды. Айнала көркейді де қалды.

Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған топ Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағынауданында өткен сенбілікке қатысып, ағаш көшеттерін отырғызды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Мұхит Отаршиевтың айтуынша 2013 жылы облыста 3,5 млн-ға жуық көшет егіледі екен. Жалпы соңғы 3 жылда облыста 9.8 млн. түп ағаш отырғызылған көрінеді.

4 күн: «Береке күні»

«Байысаң ағайыныңмен байы» деген ұғымды санамызға мықтап сіңіретін кез келген сияқты. Бұл байлықтың соңына түсіп, жақын-жуықты ұмытпа, қолыңнан келсе кедей-кепшікке қарайлас деген Наурыздың басты қағидаты. Жоқ-жітікке қайырымдылық жасау, аурудың халін сұрау, шипасын берсін деп тілек тілеу мейрімділікті уағыздайтын Ұлыстың Ұлы күнін мойындаған әрбір азаматтың парызы болса керек-ті.

Осы күні облыс әкімі Мадияр Ақыновқа шетелде емделуі үшін қомақты қаржы берді. Ол қатерлі ісікке шалдыққан. Елімізде сегіз рет химия-терапиядан өткенімен еш нәтиже шықпаған. Енді соңғы үмітін арқалаған ата-ана Германияда ота жасатуды көздеп отыр. Ал оған баратын қаржы қолбайлау болып келіп еді. Бұл күні Мадиярға билік қана емес, өз замандастары да қолұшын беруге тырысты. Олар қолөнер бұйымдарын жасап, оны көрмеге қойып саудалады. Одан түскен қаржыны Мадиярдың емделуі үшін табыс етті.

Наурыз айы келгенде…ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша «шүлен тарату» үрдісі болған. Оны бай-бақуатты азаматтар кедей-кепшікке ұсынатын болған. Сол үрдісті Оңтүстіктің кәсіпкерлері де биыл жаңдандыруға келісімін беріпті. Облыс әкімінің ұйытқы болуымен Шымкенттегі бір мың отбасыға бір қап ұн, пісте май ұсынылды. Өз өнімдерін әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға ұсынған «Атамекен», «Қайнар-май» корпорацияларына ел алғысын жаудырып жатты.

Бұл іс-шарадан облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері де тыс қалмады. Олар Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы, Төлеби ауданындағы №2, Шымкент қаласындағы №3, Сайрам ауданындағы №4 балалар үйлері мен Сайрам ауданындағы «Бауыржан» отбасылық негіздегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін, облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемесіндегі азаматтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады.

5 күн: «Өніс күні»

«Өніс» күніне орай облыс орталығындағы перзентханаларға арнайы барған облыстың бас дәрігері Жұмағали Исмаилов Наурыздың 18-і күні дүниеге келген 9 нәрестенің анасын құттықтады
«Өніс» күніне орай облыс орталығындағы перзентханаларға арнайы барған облыстың бас дәрігері Жұмағали Исмаилов Наурыздың 18-і күні дүниеге келген 9 нәрестенің анасын құттықтады

Амандық саулық сұрасқанда алдымен мал-жанын түгендейтін қазақ үшін наурызда туған төлдің орны ерек. Төлдеген малға да күтім өзгеше. Наурыз келді дегенше қазақтың дастарқанында уыз көже, құрт, май, сүзбе, айран мол болмақ. Бұл көкорай Көктемді ғана емес, Ақ мол болсын деген тілеуді де ала келген Наурыздың қасеті. Бұл күні дүние есігін ашқан ұл-қызға Наурызбай, Наурызбек, Наурызша деген есмі беріліп жатады. «Өніс» күніне орай облыс орталығындағы перзентханаларға арнайы барған облыстың бас дәрігері Жұмағали Исмаилов Наурыздың 18-і күні дүниеге келген 9 нәрестенің анасын құттықтады. Ал, жалпы алғанда облыста бір күнде орта есеппен 200 сәби дүниеге келеді екен. Оның 100-і шымкенттіктер. Айта кету керек, былтыр облысымызда  жылына 77 мың бала дүниеге келген. Ал биыл қантар, ақпан айларында облыста 9 мың бала туылған. Өрісіміз кеңейіп, басымыз көбейе берсін! Қазақтың саны арта бергей!

6 күн: «Жайнау күні»

Наурыз есік қағып тұр. Дүние жаңармақ. Жыл басы келе жатыр. «Жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы солай болады» деген ұғымды осы Наурызға арнасақ болады. Содан болу керек, облысымызда Наурызды тойлаудың алтыншы күнінде көше-көше сәнденді. Әсем безендірулер, құттықтау тілектер әспеттеліп ілінді. Елдің мерекені қарсы алуға деген көңіл күйі көтерілді.

7 күн: «Шаттық күні»

Наурызды әрбір отбасыдан бастап, ұжымдарда атап өту дәстүрі қалыптасып келеді. «Наурыз тойлаймыз» деген қауымның қарасы басым. «Наурыз тойға барамыз» деп шаттанған сәбилердің қатары көбейген. Телеарналарда мәдени іс-шаралар тізбектеліп, әр ұжымда көңіл көтерерлік игі шаралар ұйымдастырылуда. Дәл осы Шаттық күнінде той тойлаған қауым ұлттық нақыштағы киімдерді киіп, ән салды, би биледі, жастар шеруі өтті.

8 күн: «Үйлесім күні»

Ертең осы күнді жалаулатқан жұрт Алтыбақан тігуге барады. Ұжымдық мереке жалпыхалықтық сипат алады. Облыс тұрғындары Шымкенттегі орталық ипподромға жиналмақ. Онда ойын, сауық, мереке. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз аталып өтілмек.

9 күн: «Ұлыс күні»

«Наурыздан-наурызға аман есен жеткеніміз құтты болсын!» дескен жұрт бірін-бірі үйіне дастарқанға шақырмақ. Дастарқанда ыстық бауырсақ, дәмді Наурыз көже. Киелі домбыраны қолға алғандар ән салып, күй төгілтпек. Би биленіп, ән салынады. Шымкенттің орталық алаңында ұйымдастырылатын концерттік бағдарламадан соң Жаңа жылдық отшашу болады. Келіңіздер, наурызды бірге тойлайық!