Бүгін халықаралық балалар кітап күні. Атаулы күн 1956 жылдан бастап дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай атап өтіледі. Бұл күні қаламыздағы көптеген білім ошақтары мен кітапхана ұжымдарында түрлі байқаулар өткізіліп, кітап көрмелері ұйымдастырылады.
Атаулы күнді қаламыздағы Гайдар атындағы орталықтандырылған балалар кітапханасында да атап өтті. Мектеп оқушылары арасында сөзжарыс өтіп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапты сүйіп оқитын оқырмандар қазақ ақындарының кітап туралы шығармаларын оқып, үш тілдік қабілеттерін танытуға тырысты. Оңіріміздегі тарихи орындар туралы білімдерін сарапқа салды.
«Кітап-біздің досымыз. Кітаппен достасу арқылы біз рухани азық аламыз, білімімізді кеңейтеміз. Танымызды тереңдетіп, тарихымызды білеміз. Сондықтан бос кезімді тиімді пайдалануға тырысып, кітап оқуға арнаймын»,- дейді №50 сыныптың оқушысы, кітапхананың тұрақты оқырманы Жанар Уаидова.
Шара өткен Гайдар атындағы кітапхана қызметкерлерінің айтуынша соңғы бір неше жылда балалар арасында кітап оқуға деген қызығушылық артқан. Ал мұнда 360 мыңнан аса кітап қоры бар болса, оның тек 60 мыңға жуығы ғана қазақ тілінде. Кітапханашылардың сөзінше, қазақ тілді оқырмандарды қамтамасыз етуде кітаптар аздық еткенімен, сұраныс өте жоғары. Бұл әрине қуантады көңілді.
Оқушылар әсіресе әдеби, көркем кітаптармен қатар химия, физика саласындағы техникалық салаларға да бет бұра бастапты. Ал балалар кітабын жазуға қалам тартатын авторлардың аз екенін ескерсек, бүгінде оларға арналған дүниелердің аздық ететіні де заңды. Сондықтан кітапханашылар осы салаға арналған туындылар көптеп шығарылса дейді. Бұл жаскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда, оларды кітапқа құрметпен қарауға үйретуде себеп болмақ.