Аты бүкіл елге танымал «Қазына» этнографиялық -хореографиялық ансамблінің құрылғанына — 25 жыл. Атаулы датаға орай өнер ұжымы халыққа есеп беру кешін өткізді. Өңіріміздегі опера және балет театрында өткен шарада «Қазыналықтар» әдеттегідей көрерменді таң қалдырды. Би тобының солистері бұл күнді асыға күткендерін айтады. Себебі олардың тәжірибесі мен дайындығы — өнерлерін таразылайтыны сөзсіз.
Руслан Сеитов, «Қазына» этнографиялық -хореографиялық ансамблінің солисі: «Мен өте қуаныштымын «Қазынада» жүргеніме. Би маған өнер жолына есік ашып берді десем де болады. Мұндай қуаншты. мұндай бақытты сезімді осы ансамбльде жүріп сезіне білдім. Көбіне «жігіт деген биші бола ма немесе жігітке би өнері жараспайды» деген сияқты пікірлерді жиі естимін. Бірақ ата-анам өнер адамдары, өнер отбасынан шыққан соң, өнердің қай жолын таңдасам да сол жолда биіктерден көрініп, елімнің атын шығаруға өз үлесімді қоссам деймін».
Айжан Шегебаева, «Қазына» этнографиялық -хореографиялық ансамблінің солисі: «Бұл есеп беру кешінің ерекшелігі сол — жаңа би қойылымдары ұсынылуда. Бұрын соңды болмаған түрлі би қимылдарын орындаймыз. Әр ұлттың да билерін барымызша нақышына келтіре билеп, көпшілікке керемет әсер сыйлағымыз келеді. «Қазынаның» тойын барша жұрт тойлауы маңызды дер едім. Ал осы ансамбльде жүріп көп нәрсені үйрендім, ең бастысы арманға қол жеткізуге болатынын білдім».
Мәдени шара аясында қазақтың ұлттық-танымдық билерімен қатар, түрлі ұлттар мен ұлыстардың да билерін нақышына келтіре биледі өнерпаздар. Ал бұл билерді қойған — қазына би тобының жетекшісі — ҚР Мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова екенін айта кеткен жөн. Естеріңізге сала кетейік, ансамбль 1989 жылы Әл-фараби атындағы институт қабырғасында құрылған болатын. Мерейтойға қызылордалық әріптестері «Томирис» би тобы да арнайы шақырылған.
Маржан Қуандықова, көрермен: «Қаншама жылдар өтсе де өзінің ерекшелігі мен мәртебесін, дәрежесін сақтай алған ұжымға айтар алғысым шексіз. Тамаша! «Қазынаның» 25 жылдық тойын, дөңгеленген датадағы қуанышын бөлісу үшін із де келіп отырмыз. Тапжылмай отырып тамашаладық! Көз ала алмадым. Қандай қиын орындалатын би қимылдары болса да, ұтымды орындап жатыр. Бұл біздің ғана емес, Оңтүстіктің ғана емес, қазақтың «Қазынасы» дер едім. Тіл-көзден сақтасын, алған беттері жаман емес! Дәл осы бағытпен қазақтың атын әлі талай дүркін шығаратынына сенімдіміз! Тек сәттілік, шығармашылық табыс тілейміз ұжымға!».
Бақыт Саматұлы, көрермен: «Менің анам бұл «Қазыналықтар» жайлы көп біледі. Сондықтан жанұямызбен келіп отырмыз. Бұрын соңды жәй ғана естігеніммен, өнер ұжымының мұншалықты таланттарын біле бермейтінмін. Енді міне, өз көзімізбен көріп, таңдай қағып отырмыз. Анам да марқайып, «Қазына» міне өзінің атына сай болды деп отыр. Естелік суретке түсу үшін дайындалып отырмыз».
Концерттік шара аясында ОҚО Мәдениет басқармасы және өңіріміздегі Ш.Қалдаяқов атындағы филармония басшылығы «Қазына» этнографиялық -хореографиялық ансамбілін мерейтоймен құттықтап, алғыс хаттармен бірге бағалы сыйлықтарын табыстады.