Бүгінде қаладағы мейрамханаға, дәмханаға немесе көңіл көтеру орталықтарына бас сұға қалсаңыз, қорқор тартып, иісіне масайып, рахатына бөленіп отырған жандарды көресіз. Әсіресе, қорқор тартуға жастар әуес. Қорқорды бірі қызық көріп, екіншілері еліктеп, ал үшіншілері– сол көк түтінге тәуелді болып тартады. Көңіл көтерудің жақсы жолы қорқорды шегуді әдетке айналдырған жастар оның адам ағзасына қаншалықты зиян келтіретіні туралы ойлана да бермейді.
Жалпы, шетел мамандары қорқор адам денсаулығына едәуір залалын тигізетінін айтады. ҚР ДСМ МСЭҚК ОҚО бойынша департаменті тамақ объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің мамандары қорқордың адам ағзасына кері әсерін зерттеу мақсатында жоспарлы рейд жүргізген болатын. Тексеру жұмыстары барысында қоғамдық тамақтану орындарынан және басқа да кальян шегу орындарында қорқордың түтікшесінен және сұйықтығынан зертханалық тексеріске сынамалар алыныпты. Шымкент қаласында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарынан алынған гигиеналық сүртінділер мен қорқор сұйықтықтарының барлығында көкіріңді таяқша мен алтын түстес стафилакокк, ашытқы және грибок қоздырғыштары табылыпты.
«Бұл бактериялар жоғарғы тыныс алу жолдарының ауруларына алып келеді. Қорқор сұйықтығында осы қоздырғыштар жиналып, ауыз қуысының гингивит, пародонтоз, герпес және басқа да вирусты жұқпалы ауруларын туындатады. Сонымен қатар, қорқор арқылы гепатит, туберкулез сияқты жұқпалы аурулар да беріледі»,-дейді сала маманы Қызбек Зекенова.
Қорқор – бұл улардың, қарамайдың, канцерогендер мен бактериялардың өте зиянды қоспаларын адам ағзасына тез жеткізетін «сәнді» аппарат. Қорқор түтінінің улылығы сигарет түтінінен бірнеше есе жоғары, оның құрамында қара май мөлшері — 36 есе, көміртек монототығы — 30 есе, улы иісті газ — 8,4 есе, никотин -7,5 есе жоғары.
Елімізде қорқор мәселесі жан-жақты талқыланып, жастар арасында сәнге айналып бара жатқан зиянды әдетке заң жүзінде тосқауыл қойылып отыр. Енді, сәуір айының ортасынан бастап, Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 21,159 баптары негізінде қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйым салынды.
Қорқорды енді қоғамдық орындарда тартқандарға да шылым шеккендермен бірдей жаза қолданылатын болды, яғни, 17 мың мен 100 мың теңге арасында әкімшілік айыппұл салынады. Ал, Заңға мойынсұнбай, бағынбаған құқықбұзушылар жазаланатын болады екен.