Қазақ боксының Азияда әманда шоқтығы биік. Бұл жолы да солай болды. Шымкент төрінде керілген шаршы алаңда кіл мықтылар жұдырықтасты. Жасөспірімдердің өрелі өнеріне куә болдық. Әдеттегідей, қазақтың балғын боксшылары Азияда қарсылас шақ келтірген жоқ. Жерлестерімізде 7 алтын, 3 күміс және 1 қола жүлде бар. Одан кейін қоңсы өзбек өрендері де тыңғылықты дайындықпен келіпті. Негізінен, біздің боксшыларға айтарлықтай қарсылық көрсеткен солар. Дегенмен, финалдағы алты айқастың төртеуінде қазақ өрендерінің мерейі үстем болды. Жарысты қазақ боксының беткеұстар азаматтары да тамашалап отырды. Соңында жүзден жүйрік шыққандардың есіміне қанықтық. Сыр бойының саңлағы (57 келі) Сабыржан Әбілов «Ең үздік боксшы» атағын иемденсе, өзбекстандық Бахадур Османовқа «Үздік техника» көрсеткені үшін арнайы жүлдесі бұйырды.
Тағабай ҚАСЫМ