Достық эстафетасын Оңтүстікке тапсырған қызылордалықтар шырайлы Шымкентті аралап, көрікті жерлерге ат басын бұрып, тыныс-тіршілікпен танысуды да ұмыт қалдырмады. Одан соң Сыр елінің таланттары өз өнерін көрсетіп, жерлестерімізге әннен тарту жасады.
Сыр елінен келген қонақтар денросаябаққа арнайы барып, жасыл желекті Шымқаланың табиғатымен танысты. Жолай қала тарихы, өңір шежіресіне тиесілі оқиға желілері мен аңыздарды айта жүрді жерлестерміз. Ауасы таза аймақта серуендеген делегация мүшелері әдеттегі үрдіс бойынша естелік көшеттерін отырғызды. Осылайша көгалды саябақ 27 шыршаға толықты.
Ақмарал Әлназарова, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары: «Әрине қобалжу бар. Себебі бұл саябаққа танымал тұлғалар ғана естелік ағаштарын отырғызыпты. Мәселен, Елбасының отырғызған ағашын көрдік. Сондықтан осы саябаққа көшет отырғызу біз үшін үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Біз үшін үлкен мәртебе. Осылай бізге деген сый-құрметтерін білдіріп жатыр. Ынтымақ пен бірлікті арттыру үшін біз де аянып қалмаймыз. Оңтүстіктегі бұл саяхатымыз менің бақытты күндерім деп білемін».
Шарапаты мол шара қызылордалық өнерпаздардың «Сыр елі — жыр елі «деп аталған концерттік кешіне ұласты. Қазақстандағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астындағы бейбіт өмірін насихаттаған өнер ұжымы үлкен дайындықпен келіпті. Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты жыршы-термеші Майра Сәрсенбаева Оңтүстік сахнасы киелі, сондықтан қобалжу, үлкен толқуды сезіндім дейді әсерін жасырмай.
Майра Сәрсенбаева, жыршы-термеші: «Мен қазір ақын Қуаныш Баймағанбетовтың «Сыр сүлейлері» атты еңбегін орындап шықтым. Әрине, біз Оңтүстікті — өнер Ордасы деп танимыз. Сондықтан сахнада қобалжып тұрдым. Әнімді қалай қабылдар екен деп. Бірақ көпшіліктің құрмет-ықыласының арқасында ойдағыдай өнер көрсеттім деп ойлаймын. Талай тарих пен сырды бойына бүгіп жатқан өлкеге келіп ән орындау да маған мақтаныш! Ал ең бастысы жылы жүзді тұрғындардың қонақжайлылығын көріп, өз үйіміздей сезініп жүрміз Оңтүстікті».
Отандастар татулығын ту еткен, жарасқан достығын мақтанышпен дәріптеген кешке келген көпшіліктің қарасы қалың болды. Бұл тұрғындардың өзі ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің өнеріне, дәстүріне деген құрметі болса керек.
Асылзат Арыстанова, көрермен: «Негізі Қызылордадан талай таланттар шыққан ғой. Бүгінгі кешті әнші Мәдина Сәдуақасова жүргізіп жатыр. Оның өзі қандай тамаша әнші екенін білесіздер! Керемет концерт тамашалап отырмыз, рухани азық алып, демалудамыз. Түрлі ұлттардың биін де нақышына келтіре билеуі — өңірде мәдениеттің қалай дамып жатқанын көрсетеді».
Осылайша Оңтүстік өңірі қызылордалықтардан «Достық» эстафетасын қабыл алды. Енді оны жерлестеріміз тараздықтарға тапсырмақ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Y2ooJy6_syg[/youtube]