Жалға берілетін пәтер кімге тиесілі?
Қазіргі таңда жүзеге асырылып отырған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бірнеше бағытты көздейді. Аталған бағыттардың біріншісі жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарды арендалық тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Былтырғы жылы 60 азамат тұрғын үймен қамтылған. Бүгінгі таңда тұрғын үй алу тізімінде 8091 азамат тіркелген, оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан тіркелген әлсіз тобы – 4335 азамат, мемлекеттік қызметшілер, әскери және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 3748 азамат, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 8.
– Еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегі төрт тізім бойынша жүргізіледі. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар. Бұл азаматтар өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуы тиіс. Мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, жалғыз тұрғын үйі заңнамада белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған азаматтар. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататын азаматтар.
Олар – Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Сонымен бірге оралмандар, экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар. Көп балалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар кіреді.
Құжаттар тізімі:
Жастарға – жеңілдік
Жас отбасылар үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының талаптарына сәйкес, тұрғын үй секторы бағдарлама қатысушыларынан өтініш қабылдауды бастау туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаған (23.11.2012ж. №48 «Панорама Шымкента» газеті).Осыған сәйкес, 2012 жылдың 19 қарашасынан бастап 2013 жылдың маусым айына дейін жас отбасылардан өтініш және құжаттарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда тұрғын үй алуға жас отбасылар санаты бойынша 151 отбасы ниет білдіріп, құжат тапсырған. Жас отбасылар үшiн салынатын тұрғын үй жүйесі бойынша тұрғын үй алу үшiн бағдарламаларға қатысушыларға қойылатын негiзгi талаптар — бағдарламаға қатысу үшiн өтiнiш берген кезде ерлi-зайыптылардың екеуiнiң де жасы 29 жастан аспауы қажет, өтiнiш берген сәтте кемiнде 2 жыл тiркелген некеде болуы, отбасының құрамына ерлi-зайыптылар, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балалар, ерлi-зайыптылардың еңбекке жарамсыз ата-аналары қосылады. Ерлi-зайыптылардың екеуiнiң де Бағдарламаға қатысуға өтiнiш берiлген елдi мекенде тiркелуi, бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерiнде сатып алу құқығымен жалға берiлетiн тұрғын үйге қоныстану үшiн Бағдарламаға қатысу үшiн өтiнiш берген елдi мекенде меншiк құқығында тұрғын үйiнiң болмауы, соңғы 5 жыл iшiнде ерлi-зайыптылардың және олардың отбасы мүшелерiнiң тұрғын үй жағдайларын қасақана төмендету фактiлерiнiң болмауы, өтiнiш берердiң алдындағы соңғы 6 ай үшiн отбасының ай сайынғы жиынтық таза табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және басқа да аударымдарды есептемегенде), мынадай шекте: а) ең төмеңгі күнкөрiс деңгейiнiң 3 есе мөлшерi; б) ең жоғарғы – төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 12 есе мөлшерiнен артық емес болуы шарт.
Барлық санаттар үшiн
Осы бағдарламаның екінші бағыты – Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы азаматтарды тұрғын үймен қамту. 2012 жылы бұл бағыт бойынша 98 азамат пәтермен қамтамасыз етілген. Бағдарламаның операторы «Қазақстан «Тұрғын үй Құрылыс Жинақ Банкі» АҚ (әрі қарай-ТҮҚЖБ) болып табылады. Сондықтан тұрғын үй алуға тұрғындардың санын анықтау мәселесі бойынша аталмыш банкке хабарласуыңыз қажет. Халықтың барлық санаттары тұрғын үй құрылыс жинақ банк желiсi арқылы тұрғын үй алу үшін Банк салымшысы болуы қажет. Жергілікті атқарушы орган республикалық бюджеттің несиелері арқылы тұрғын үй құрылысын ұйымдастырады, «Тұрғын үй құрылыс жинақ Банкі» салымшылар ішінен тұрғын үй алатын азаматтар тізімін және пулын қалыптастырып, несиелендіреді, яғни пәтерлерді ТҮҚЖБ бөледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ Банкі» жыл сайын орта есеппен 700 азамат пәтермен қамтамасыз етіледі деп жоспарлауда.Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы пәтер алу үшін банкке хабарласу қажет. Мекенжайы: Қонаев гүлзары №13 үй.
Дайындаған – Мақпал Рысбаева