Жұмагүл Алдиярова, мақташы
Жұмагүл Алдиярова, мақташы
Жұмагүл Алдиярова, мақташы
Жұмагүл Алдиярова, мақташы

Шардаралық дихан Жұмагүл Алдиярова былтыр 217 тонна мақта жинап, рекордшы атанып отыр.

Өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ат салысып, мол табысқа қол жеткізген, елінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қыздар көшін Социалистік Еңбек ері Жұмагүл Сәуірбаева бастап келген-ді. Сол кісінің ізін жалғастырушы Жұмагүл Алдиярова да толағай табысқа жетіп отыр. 

Қазақстанда мақта шаруашылығының бір ғасырлық тарихы бар. Соның ішінде бұл дақылды егумен негізінен Мақтаарал ауданы айналысатыны белгілі. Алайда, жеке кәсіпкер Жұмагүл Алдиярованың басшылық етуімен шардаралық мақташылар да «ақ алтын»өсіруден ешкімге дес берер емес.

Жұмагүл мақта өсіруге бірден келген жоқ. Алдымен 1997 жылы қауын-қарбыз өсіріп көрді.Тиімді жағы көп екенін мойындады. Дегенмен, көңілі мақта алқабына ауды да тұрды. Әсіресе, қауыз жарғандағы аппақ мақта алқабы көзін қызықтыратын. Сол себепті де, 2001 жылы мақта өсіруге кірісті. Бүгінде, «Қанат» фермерлік қожалығын басқарып отырған жеке кәсіпкер істің көзін тауып, шаруасын дөңгелетуде. Бұған дәлел 2012 жылы қожалықтың иелігіндегі 36,2 гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, әр гектардан 60 центнер, яғни, 217 тонна мақта шикізаты өндіріліпті.

Жұмагүл Алдиярованың айтуынша, мұндай табысқа қол жеткізуде инновациялық технологияларды енгізумен қатар, мемлекет тарапынан беріліп отырған түрлі субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің пайдасы мол. Мақта өсірудің бейнеті көп. Мол өнім алу үшін тынбай еңбек ету керек. Уақтылы түбін қопсытып, шауып, көсек құрттан аман қалудың да машақаты жетерлік.

Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Адал еңбек еткеннің қашанда көңілі шат. Содан болар, қоссейіттіктердің көңілдері шат, еңселері көтеріңкі. «Адамды көркейтетін – еңбек» деген осы шығар, бәлкім. Әйтеуір, қайда барсаң да жарқылдап жүрген жұрт. Бұл ақ мақтаның арқасында күнін көріп отырған ағайынның Алла тағаланың үйіп-төгіп берген несібесін, берекесін шашпай-төкпей жинап алып, арқаны кеңге салған бір рахат шағы емес пе?

Осыдан кейін еңбекқор адамға кез-келген елдің есігі де, құшағы да айқара ашық екен-ау деген ой келді. Шынында әлем еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады.

Бүгінде Жұмагүл Ергешқызының бос уақыты жоқ. Ол алдағы егістік кезеңіне дайындық үстінде. Жұмагүлдің айтуынша, биыл тағы да әр гектардан 60 центнер өнім алу жоспарлануда.