Шымкенттегі АХАЖ бөлімінде жасы 95-ке келген қарт некесін қидырды. Әбдуәлі Жимбаев жасының ұлғайғанына қарамастан өзінен 30 жас кіші Мавжуда Халматовамен көңіл қосқанын ресми түрде тіркетті. Бір ай бұрын қалалық АХАЖ-ға өтініш берген «жас жұбайларға» жуырда неке кию туралы куәлік салтанатты түрде табыс етілді. Осы ақпаратты естіп таң қалғанбыз. Мәселенің мәнісін анықтай келгенде білгеніміз мынау болды:
– Бұл ерлі-зайыптылар жиырма жылдан бері бірге тұрады, – дейді АХАЖ бөлімінің маманы Ақбота Қарнақбаева. – Ортақ ұл-қыздары бар. Неке қию рәсіміне «күйеужігіт» сергек көңіл күйде келді. Тіркеу журналына қолды өзі қойды.
Қала түгілі облыста бірінші рет некесін осынша жаста қидырып отырған жағдайға АХАЖ бөлімінің мамандары да аң-таң.