Не жарық, не ауызсу, не көгілдір отын жоқ. Шымкент іргесіндегі шағынаудан тұрғындары өздерінің жанына батқан түйткілдерді жетекші партияның қалалық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда ортаға салды. Жерлестерімізді тағы бір толғандырған мәселе тұрғын үй кезегінің жәйі мен ауруға ауру қосатын емдеу мекемелеріндегі «порталдың» жыры болды.
Өмірбек Батырбеков қоғамдық қабылдауға өзінің емес, халықтың аманатын арқалай келіпті. Өздері тұратын «Тұран» шағынауданында не жарық, не ауызсу, не көгілдір отын жоқ дейді. Өлместің күнін кешкендерін халық қалаулысына жеткізді. Тиісті жауап та алды. Жергілікті әкімдіктің айтуынша, «Тұрандағы» тұрғындардың сұрауы 2014 жылы ғана жүзеге асады. Алайда, бұл жауапқа қанағаттанбай, көңілдері күпті болып кетті.
Өмірбек Батырбеков, «Тұран» шағынауданының тұрғыны: «Қаланың іргесінде тұрсақ та суды тасып ішеміз. Мұңымызға құлақ та салмады. Арыз жазып, бармаған жеріміз қалмады. Бүгін нақты жауап естідік. Қайтеміз, қайда барамыз? Басқа салған соң, көнеміз».
Қабылдауға алдын-ала жазылған ағайынның қарасы қалың. Көтере келген мәселелері шаш етектен. Уақыттың тығыздығын ескертіп, арыздарын жазбаша алып қалып жатты. Бірі мемлекеттен үй аламын деп тіркелгендердің кезегінің жылжымайтынына наразылық білдірсе, енді бірі емделушілерге жыр болған «порталдың» пайдасының жоқтығын айтып шарқ ұрды.
Халық пен биліктің басын қауыштырған коғамдық қабылдаудан шыққандардың ендігі тілегі халық қалаулысы айтылған мәселерді бас қалаға арқалай кетіп, дер кезінде шешіп берсе дейді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=H5Tu8u6TaWs[/youtube]