ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов Оңтүстікке келді. Еліміздің бас спортшысы өңіріміздегі зәулім спорт сарайларының тыныс-тіршілігімен танысып, спортшылармен жүздесті.
Ауыл-аймақтағы бұқаралық спорттың бабын келістірмей, ел спортының төрге озуы мүмкін емес. Біле білсек, қазақ спортының жеңісті дәстүрін жалғап жүрген саңлақтардың дені ауылдан шыққын. Сол себепті, ауыл-аймақ спортының хал-жағдайы күн тәртібінен түспек емес. Ал билік басындағылардың аймақ спортымен танысып, спортшылармен жүздесуі оң көзқарас қалыптастырары анық.
Агенттік төрағасы өңірлерге сапарын Оңтүстіктен бастап отырғанын айта кетейік. Мұның да өз себебі бар. Спорттық шежіресі бай өлкеде бұқаралық спортқа ойысқандар көп. Әлемдік аренада ел намысын қорғап жүргендердің басым бөлігі де біздің жерлестеріміз. Спорт ведомствосының тізгінін қаңтар ұйында ұстаған Ерлан Қожағапанов осыны көңіліне түйіпті.
Құрметті қонақ ең әуелі «БИИК» футбол орталығына келді. Орталықтың жұмысымен танысып, өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, ел футболын аяққа тұрғызу үшін жаны жомарт, кеңпейіл азаматтар көбірек атсалысуы тиіс. Қалталы демеушілер керек-ақ. Үкімет тарапынан әзірге УЕФА сапасына сай футбол алаңдарын ашу жоспарға ілінбепті. Оның орнына жер-жерлерде шағын жаттығу залдары пайдалануға берілсе құба-құп. Агенттік төрағасы осы жағдайды баса айтты. Өңірімізге келген қонақтардың жеңілатлетикалық манеж бен орталық су спорты кешеніне бас сұқпай кетпейтіні бар. Осы үрдіске сай төраға аталған нысанды аралады. Сайыстар ордасына айналған манеж кешені мен су спорты орталығының жұмысына көңілі толатынын білдірді. Сонымен бірге, Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалаларға арналған спорт мектебі, орталық атшабар және теннис орталығына соқпай өткен жоқ. Теннис орталығының жаттықтырушылармен жүздескен ол өңірде чемпиондардың қатарын көбейту керектігін айтты.
Тағабай ҚАСЫМ