автовокзалАлматы-Шымкент, Шымкент-Сайрам және Шымкент қаласының аумағында жолаушыларды тасымалдап келген 10 автобусты тексерген Еңбекші аудандық прокуратурасының қызметкерлері бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Әсіресе, Алматы-Шымкент бағытындағы автобустардың жүргізушілері заңды белшеден басып келгені аян болып отыр. Олар жолаушылардың құқықтарын таптап келген дейді құзырлы орган.

Нұрсұлтан Жамашев, Еңбекші ауданы прокурорының аға көмекшісі: «Жүргізушілердің техограф сертификатының қолдану мерзімі өтіп кеткендігі және тасымалдауға құқық беретін куәлігі болмағандығы анықталды. Сонымен бірге бірқатар жүргізушілер жолаушыларды және багажды автомобиль көлігімен тасымалдау туралы ережесін, ҚР ӘҚБтК-нің талаптарын, ҚР «Тасымалдауышының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңының талаптарын бұзғандығы анықталды».

Сондай-ақ, тексерілген автобустардың салонында жолаушылардың құқықтарымен міндеттері бар ақпараттық тақта жоқ болып шыққан. Заңбұзушылықтарға жол берген жүргізушілердің үстінен ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше баптарымен әкімшілік іс қозғалып, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының бастығына ұсыныс берілген. Жүргізушілерге көлемді айыппұл салынды.