Аюға қазақша үйреткендер

Аюлары қазақша түсінеді

«Шымкентте цирк ашылды» дегенді естігенде «онда өнер көрсететін әртіс бар ма?» дегендер де табылған. Содан бері де бір жарым жыл өтті. «Оңтүстік-Цирк» аз ғана уақыт ішінде көрерменнің көзайымына айналды.

Аюлары қазақша түсінеді
Аюлары қазақша түсінеді

2011 жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ашылған цирк облыс орталығының шырайын арттырып қана қоймай мерейін де асқақтатты.

Тәй-тәй басып келе жатқан өнер ордасы бір жылдың ішінде өз өнерін көрермендерге жоғары деңгейде ұсынып, басқа цирк ұжымдарынан дәрежесі кем еместігін дәлелдей білді.

Елімізде цирк атаулы санаулы ғана. Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда цирк ғимараты ең алғаш рет 1972 жылы Алматыда ашылған-ды. «Оңтүстік-Цирк» өнер ордасының бас директоры Сраилов Сұлтан Оңғарұлының айтуынша бүгінде мекемеде 143 қызметкер бар. Соның 60-ы манежде өнер көрсететін әртістер. 25 музыкант пен 3 солисттен құралған үлкен оркестр де бар. Циркте гастрольдік жарнама, шетелдік байланыстар және көрермендермен жұмыс ұйымдастыру, сахналық дыбыс және жарық беру, киім-кешек тігу, жөндеу және реквизиттер мен көркем баспа өнімдерін дайындау, жануарларды күту, дамыту және селекция, гримм, манеж, өрт қадағалау, шаруашылық, әкімшілік және электро-санитарлық техникалық жалпы соны 11 бөлім жұмыс істейді. Гастрольдік жарнама, шетелдік байланыстар және көрермендермен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Арман Әлиев «Жақында ғана біздің бөлім Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына өз Ю.Никулин атындағы цирктің өнерпаздарын арнайы шақыртты.

Сондай-ақ, жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған қойылымда өнер көрсеткен кениялық акробат Бэн мен Ресейден келген 1,5 тонналық морждар, теңіз мысықтары, Украинадан келген қара түсті «Дог» және ақылды мысықтар, ат құлағында ойнайтын «Номад» кинокаскадерлер тобының Шымкентке келуі де біздің бөлім мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында жүзеге асты. Сондай-ақ, сәуір айының үшінші сенбісі халықаралық цирк күніне орай Украинаның мұздағы циркінің гастрольін ұйымдастырмақпыз. Республикамыздың Өскемен, Семей, Екібастұз, Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалаларына гастрольге шықсақ деген жоспарымыз да бар. Облысымыздың шалғай жатқан ауылдарында өз өнерімізді паш етпекпіз» дейді.

Басқа цирктерден ерекшелігіміз қазақылығымызда
Басқа цирктерден ерекшелігіміз қазақылығымызда

Білгеніміздей өнер ұжымы мектептермен, балалар үйімен, мүмкіндігі шектеулі мектеп-интернаттарымен де тығыз байланыста екен. Мерекелердің алдында бір қойылымды міндетті түрде қайырымдылық шара ретінде тегін өткізуді дәстүрге айналдырған. «Тек Түркістан, Кентау, Созақ, Жетісай қалаларында орналасқан балалар үйінің тәрбиеленушілері біздің өнерімізді көре алмай келеді. Өйткені, сол қалалардағы мекеме басшылары бүлдіршіндерді Шымқалаға тасымалдауды қиынсынып отыр»,-дейді Арман Әлиев.

Циркте мені қызықытырғаны Маймақ, Жайнақ, Мойнақ атты қонжықтар еді. Сол себепті де, мекеме басшысы Сұлтан Оңғарұлына қонжықтармен таныстыруға қолқа салдым. Сөйтіп, біз атбасын жануарларды күту, дамыту және селекция бөліміне бұрып, бөлім меңгерушісі Мақсат Әмірбековті сөзге тарттық.

– Мойнақ, Маймақ, Жайнақ — Шымкент зообағының бізге берген сыйлығы. Қонжықтар туылысымен оларды күтіп-бағуға бір қызметкерді бөлдік. Ол бір ай бойы қонжықтармен бірге түнеп, тамақ беріп, өзіне бауыр бастырды. Қазір олардың жаттықтырушысы Асатты қонжықтардың «папасы» деп атаймыз. Қонжықтар қарны ашса болғаны соның бетін жалап, анасына ергендей соңынан жүгіреді де жүреді. Өздері өте ерке. Күнделікті жеміс-жидек, тәтті сүт (сгущенка), балл, ботқа, тәтті нан (печенье) жейді. Шампуньмен шомылады. Ал, Шымкент зообағының бізге тартқан тағы бір сыйы ол- Назым. Назым арыстанның абдан. Ол болса күніне 5 килограмм ет жейді. Назымға жылқы, қой еттерін береміз. Сондай-ақ, шикі жұмыртқа араласқан сүтті жақсы ішеді. Жуырда біздің цирк тағы бір арыстанның күшігімен толықпақ. Надим деген арыстанның күшігін цирк зообақтан сатып алмақ. Сондай-ақ, 2 пони мен маймылдарды сатып алу үшін де келіссөздер жүргізудеміз.

«Мен Назымды 6 айлығынан бері үйретудемін»,- дейді аң үйретуші Асат Хошуотов. «Негізінде аңдарды үйрету оңай шаруа емес. Қонжықтарды екі аяғымен тұруға, айналуға, билеуге, айтқаныңды бұлжытпай орындауды үйретуге бір жылдан аса уақыт қажет. Қонжықтарды тындату өте қиын. Алайда күніне екі рет үш-төрт сағаттан дайындаламыз. Кейде қастарында қонып та қаламын. Әйтеуір, үйретуге тырысып бағудамын. Ал, Назымға оттан секіруді үйреттім. Бұйыртса, дөңгелек темір ішіндегі оттан секіруді үйренген Назымның өнерін көпшілік тамашалайтын болады».

Цирк әртістерінің тәжірибесі мол. Олар осыған дейін Алматыда, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Италия сынды өзге елдерге өнер көрсетіп жүрген оңтүстіктің қыз-жігіттері екен. Шымкентте цирктің ашылғанын естіп, өзге елдегі жұмыстарын тастап келген көрінеді. Тісімен темір тұлпарды сүйреген, зілбатпан кір тастарын допша ойнататын түйе балуан қазығұрттық Бақтияр Түйебаев Қытайда қызмет еткен. Ал, аузынан от-жалын шашатын Бәйдібек ауданының тумасы Бауыржан Бекберген Алматы, Астана цирктерінде жұмыс істепті. Сонымен бірге ол Италия, Франция, Түркия көрермендерін өз өнерімен тамсандырған өнерпаз. Ал, Мойнақ, Жайнақ, Маймақ есімді қонжықтарға «қара жорға» биін билеткен Асат Хошуотов Ресей, Әзірбайжан, Алматы, Астана циркіндегі жұмысын тастап осында келіпті. Ағайынды, Хафизулла, Наджибулла, Хабибулла Бабамұратовтар да Ташкенттегі жұмысын ысырып тастап, оңтүстік циркінде жұмыс істеуді жөн көрген.

Цирктің ең негізгі әртісі – клоун екені белгілі. Мұндағы клоундар «Брейк данс» билеп жүрген шымкенттік студенттер болып шықты. Отбасымен өнер көрсететін әртістер де жетерлік. Ерлі-зайыпты Әйтеновтер, әпкелі-сіңілі Юнусовалар, Мұстафиндер отбасы – аталмыш мекеменің белсенді әртістері.

Цирк майталмандарының айтуынша, өнерпаздар бір нөмірді манежге шығару үшін бір жарым жылдай дайындалады екен.

Циркті болашақта кадрмен қамтамасыз ету мақсатында мекеме басшысы Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің басшысы Бибігүл Нүсіпжановамен келісім-шартқа тұрыпты. Келісім-шарт бойынша, биылғы жылдан бастап 9-11 сыныпты тәмамдаған бойында таланты бар 10 талапкер аталмыш оқу ордасына тегін оқуға қабылданбақ. Төрт жыл дәріс алып шыққан жас маман міндетті түрде «Оңтүстік-Циркке» жұмысқа орналасатын болады.

Цирктің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы қызметкерлердің жұмысын көргенде түйгенім, 2 сағаттың ішінде өте шығатын қойылым үшін қаншама тер төгіліп, ұйқысыз түндер өтеді екен. Ендігі жерде Шымкенттің көркіне көрік беріп отырған шығармашылық топқа алға қойған мақсаттары орындалып, биік шыңдарды бағындыра берсін дегіміз келеді.

Айжан Ермекқызы

Сұлтан Сраилов
Сұлтан Сраилов

Сұлтан Сраилов, «Оңтүстік-Цирк» МКҚК бас директоры

– Цирктің Оңтүстікте ашылуы теңдесі жоқ жақсылық деп ойлаймын. Үшінші қала болып есептелетін қаламызда Республикадағы төртінші цирк ғимаратын ашу үлкен батылдық пен өнерге деген жанашырлық . Оңтүстік дәстүр мен әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмаған өлке. Сол себепті де, біз әр қойлымға міндетті түрде ұлттық колоритті пайдалана отырып, дәстүрлі музыканы қосып, бағдарламалар дайындаймыз. Басқа цирктерден ерекшелігіміз де сол – қазақылығымызда. Тіпті, біздің цирктегі хайуанаттарымыз да қазақша үйретіледі.  Мұндай, еліміздегі басқа бірде бір циркте жоқ. Осыны мақтан етіп айта аламын. Тек сол жануарларымызды орналастыратын қора-жайлардың құрылысы бітпей, сәл қиналып отырмыз.  Алайда, жоспар бойынша қора-жайлар күзде пайдалануға беріледі деп күтілуде.