Бәйдібекте айтуға тұрарлық игі іс басым

Бәйдібек ауданы

«Газетіміздің «Бір ауданның тынысы» атты айдарын жалғастырамыз. Таяуда Бәйдібек ауданына жол түсіп, тарихи өлкенің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Бізді қызықтырғаны ауданның соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші болатын. 99% қазақтардан құралған аталмыш аудан соңғы жылдары біршама тәуір жетістіктерге жете бастағанының куәсі болдық. Ең бастысы елдің еңсесі тіктеліп, жағдайы дұрысталып қалыпты.

Бәйдібек ауданы
Бәйдібек ауданы

Бәйдібек ауданы туралы сөз еткенде ең бірінші ауызға оралатыны ауыл шаруашылығы саласы. Өйткені бұл салада аудан халқының басым көпшілігі еңбек етеді. Сонау ерте заманнан мал шаруашылығын кәсіп еткен жергілікті тұрғындар бүгінде егін егудің де жай-жапсарын меңгеріп алған. Тіпті дәл осы егістік көлемін арттыру мен игеру ісі аудандағы ауыл шаруашылығы саласының басты бағыттарының бірі ретінде қарастырылып жүр.

Биылғы ауа райының қолайлығы диқан қауымы мен шаруашылықтардың егін егуге ертерек қамданып, науқанның қарқынды жүргізілуіне себеп болған. Биыл аудан бойынша 80444 гектар жерге егін егу жоспарланыпты. Сондай-ақ күздік егін ретінде 26092 га жерге әртүрлі дақылдар себілмекші. Шаруалар Құдай бұйыртса, биыл мол өнім аламыз деп қолдарын ысқылап отыр. Әсіресе, егілетін майлы дақылдардың көлемі 20 мың гектардан асып кеткен. Оған 1000 гектарға жуық жерге егілетін жүгері мен 500 гектарға жуық картопты қоссақ күзге қарай диқаншылардың бірталай өнім алатын түрі бар.

Естеріңізде болса, былтырғы жылы бәйдібектік шаруалар еліміз бойынша алғаш рет тәжірибе ретінде 300 га суармалы жерге майкене деп аталатын тропикалық дақыл еккен болатын. Бұл майлы дақылдан алынған өнімді өңдейтін кәсіпорын болмаған соң шаруашылық қожайындары оны Қытайға сатпақшы екен. Ол үшін өнімді экспортқа шығаруға арнайы лицензия алуға тиісті құжаттар рәсімделіп жатса керек. «Қыс бойы сақтаулы тұрған майкене сыртқы қабығы ажырап, өңдеуге, тасымалдауға дайын тұр»,- дейді өнім иесі. Ауданға қарасты кейбір агроқұрылымдар болса майкененің қабығын құнары кеткен жерлерін тыңайтып, қоректендіру үшін сатып алыпты. Шаруалар майкенені биыл да екпекші. Мол өнім алып жатсақ, біраз табыс тауып қалар едік дейді олар.

Соңғы жылдары Үкіметі ауылшаруашылығын қолдауды, шаруаларға қандай да болсын жәрдем көрсетуді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Стратегиялық маңызы бар салаға жыл сайын қомақты қаржы құйып отыр. Бәйдібектіктер осындай көмектің арқасында шаруаларын біршама жолға қойып алыпты. Әсіресе мемлекет тарапынан берілетін субсидия ауылдағы ағайынға үлкен көмек.

Дегенмен мал басының артуына байланысты жыл сайын мал азықтық дақылдарға деген қажеттілік туындауда. Сондықтан да болар, осы мәселеге мән беріліп, Оңтүстік Қазақстан обылсында дәндік жүгері және көпжылдық өсімдік егетіндерге берілетін субсидия көлемі арта түскен. Шаруалар бұл жаңалықты қуанышпен қабыл алып, осы дақылдарды егуге ерекше көңіл бөле бастапты.

Бәйдібектік шаруалар мал басын, соның ішінде асыл тұқымды мал санын арттыруды да ептеп жолға қойып келеді. Үстіміздегі жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға қарасты Ақбастау ауыл округінде тұратын жеке кәсіпкерлер Қайрат Жақыпов пен Ғалымжан Омарбеков, сондай-ақ, «Ержан», «Шоңай» шаруа қожалықтары қарқынды жұмыс істеп жатыр екен. Олардың қолында бүгінде 600 бас сиыр мен 20 бас асыл тұқымды бұқа бар көрінеді. 600 сиырдың 305-і мен 13 бұқа бағдарлама бойынша несиеге алынса қалғанын кәсіпкерлер өз ақшасына сатып алыпты. Ал енді биылғы жылы Бәйдібек ауданының ауылшаруашылығы саласының басшылары 1100 бас ірі қара малдың аналық басы мен 37 бас етті асыл тұқымды бұқалар сатып аламыз дейді. Мұнымен қоса басқа да азаматтар несие алуға өтініш білдіріпті. Осылайша ауданда ірі қараның саны артып, тұқымы жыл өткен сайын асылдана түсері сөзсіз деп пайымдаймыз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ