Бапкер ауыстырғаннан ұтарымыз қайсы?

Аяқдопшылардың берісі – 450 мың, арысы 1,5 миллион теңгеге жуық жалақы алады.
Аяқдопшылардың берісі – 450 мың, арысы 1,5 миллион теңгеге жуық жалақы алады.
Аяқдопшылардың берісі – 450 мың, арысы 1,5 миллион теңгеге жуық жалақы алады.

Ойыны оңалмай жүрген «Ордабасы» хақында аз айтып жүрген жоқпыз. Биылғы Премьер-лиганың ортасына жетпей-ақ, орта жолда бапкер ауыстырғаннан соң намыс оты қайта тұтанды. Көзге сүйелдей көрінген жағдайды жасырып қалу әбес болар.

Бәріне 3 тур ойындары кінәлі. Өз алаңымызда астаналықтарды қабылдап, ойсырай ұтылғанымыз қалың жанкүйердің ашу-ызасын тудырды. Мұның соңы тегеурінді пәрменге ұласқандай. Көпшіліктің қыжылын түсінген болу керек, облыс спортының басшысы Полат Қырықбаев Вахид Масудовты орнынан кетірді. Әйтпесе, жыл басында аттай қалап алдырған бапкеріміз еді. 3 ойында да қарсыластардың ыңғайына жығылдық. Турнир сатысының соңғы орнына жайғасқандықтан Полат Наурызбайұлының бұл шешімі орынды дерсіз. Команданың тізгінін енді кім ұстамақ? Басшылардың сөз ләмінен аңғарғанымыздай, ендігі кезекте бұрынғы бапкер Виктор Пасулькоға қайта «құда» түсу ниетіміз бар екен. Пасульконың қарымына жақсы қанықпыз. Оның тұсында «Ордабасыға» Қазақстанның суперкубогін иемдену бақыты бұйырған. Еуропа лигасының да дәмін татып көргенбіз. Тәп-тәуір жұмыс істеп жатқан маманның қадірін білмеген өзіміз емес пе?

Әсілінде, бапкер болу оңай шаруа емес. Аяқдоп өнерінің қыр-сырын біліп қана қоймай, шәкірттерді артыңнан ерте білу ләзім. Оған қоса, бар жауапкершілік жүгі мойныңа жүктелетіні бар. Кейде жетістікке жетіп желпінсең, жанкүйерлердің «қаһарына» ұшырап кетуің де әп-сәтте. Расы керек, қонақжай Оңтүстікте аяқдоптың ішкі-сыртқы қыртыстарын меңгерген бапкер құтаймай тұр. Әзірге «науқандық» үрдіс белең алып келеді. Оған да көзіміз үйренді.

«Ордабасының» бюджеті 600 млн теңге
«Ордабасының» бюджеті 600 млн теңге

«Ордабасы» дегенде облыс әкімінің де шығар жаны бөлек. Асқар Исабекұлы команданың бойына қан жүгіртуде бюджеттің бүйірін тесіп, қомақты қаражат бөліп келеді. Яғни, футболшыларымыздың тамағы тоқ, көйлегі көк. Клубтың жыл­дық бюджеті 600 миллион теңгеге жетеқабыл. Аяқдопшылардың берісі – 450 мың, арысы 1,5 миллион теңгеге жуық жалақы алады. Осындай қамқорлық бола тұра, ордабасылықтардың сүреңсіз ойын көрсетуі көпшіліктің қытығына тиіп отырғаны анық. Ол аз десеңіз кейінгі кездері легионерлердің қатары көбеймесе азаяр емес. Мәселен, команданың биылғы құрамына үңілгенімде Уганда, Украина, Тунис, Сенегал, Грузия һәм нигериялық «қазақтарды» көзім шалды. Қиырда болса да қиылып шақырып алған өзіміз. Ал олардың сең бұзып, команданы ұшпаққа шығарып жатқандары шамалы. Қаражаттың көбісін солардың жұтып жатқандығы ащы да болса шындық.

Айта берсек көкейде жатқан қыжыл көп. Естір құлақ болса дейміз. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына күйінемін» дегендей, «Ордабасының» қазіргі ахуалы көпшілікті ойландыруы тиіс. Маңдайымызға біткен жалғыз клубтың қадірін білсек екен.

Тағабай ҚАСЫМ

 

Полат Қырықбаев
Полат Қырықбаев

Полат ҚЫРЫҚБАЕВ, ОҚО туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы

– Команданың бас бапкері және оның бапкерлер құрамымен биылғы маусымда  алғашқы үштікке енеміз деп келісім -шарт жасалған еді.  Бұл мақсатта  облыс басшылығы тарапынан барлық жағдай жасалынды. Футболшылардың шет елдегі өткізген жаттығулары мен құрамаға аламыз деген барлық ойыншыларына тиісті қаражат бөлінді.  3-турдан кейін команда алғашқы үштік түгілі Премьер-лигамен қош айтысатын қауіпті аймақта қалып қойды. Егер қандай да бір шара қолданылмаса, біз командадан айырылып қалуымыз мүмкін.

 

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ
Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ, футбол жанкүйері

– «Ордабасы» неге сүреңсіз өнер көрсетіп жүр? Қазағы, жанкүйері көп аймақтың жалғыз футбол клубы неге тілеулестерін жеңіспен қуанта алмайды? Облыстық бюджеттен бөлінген, халықтың салық төлеушілердің ақшасымен қаржыландырған клуб неге халықты қуантпайды? Осы сауалдар жанкүйерлердің басын қатырып бітті. Әрине, бәріне жауапты бас бапкер екені белгілі. В. Масудовты ауыстырғанмен жағдайымыз түзелетініне күмән бар. Жанкүйер ретінде Еуропаның белді командасы «Русенборгке» қарсы тұрған «Ордабасыны» сағындық.  ҚР кубогын ұтқан «Ордабасының» ойынын аңсаймыз.

 

Ал осы кезде…

Премьер-лиганың 4 кезеңінде де «Ордабасының» ойыны оңала қоймады. Атырауға қонаққа барған жерлестеріміз тең ойынға қанағат етті. Әдеттегідей жиі-жиі шабуыл ұйымдастырылғанымен, гол соғу мұң болды. Турнир кестесіндегі жағдайымыз әлі өзгерген жоқ. Ұяттылау болса да ең соңында тұрмыз әзірше.