Баспаналы болуға жалақыңыз жете ме?

Елдегі 6,5 миллион азаматтың айлығы баспаналы болуға жетпейді
Елдегі 6,5 миллион азаматтың айлығы баспаналы болуға жетпейді
Елдегі 6,5 миллион азаматтың айлығы баспаналы болуға жетпейді

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салымшы болсаң, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана аласың» Жұртшылық арасында бүгінде осындай түсінік қалыптасқан. Алайда, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ондай көзқараспен емес, баспанаға қажетті қаражатты жинауға бағыт-бағдар сілтейтін, тапқан табысыңыздың белгілі бір мөлшерін «үйге» деп сақтауға үйрететін құрылым ретінде қарау керек.

Шынтуайтына келгенде, банктен депозит ашып, мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болу мүмкін емес. Сала мамандары банкте баспанадан үміткер салымшылар баршылық екенін айтады. Олар әрбір берілетін үйдің құрылысы біткен сайын баллдық жүйемен іріктеліп отырады. Бірақ, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы 2020 жылға дейін жалғасатынын ескерсек, банк салымшыларының мемлекеттік бағдарламаға біртіндеп, саты-сатылап енетініне сенуге болады.

Бағдарламаның іске асырылу барысында 2020 жылға дейін жалпы аумағы 69050,0 мың шаршы метр баспана салу жоспарланған. Мәселен, биылғы жылы 6600,0 мың шаршы метр салыну жоспарланса, келер жылы – 6900,0 мың шаршы метр, 2015 жылы – 7200,0 мың шаршы метр тұрғын үй салынады деп көрсетілген. Сатылай жүзеге асатын бағдарламаның негізгі мақсаты – айлығы шайлығына әрең жетіп, баспана дегенді тек армандап қана қоятын азаматтар санатын жеңілдікпен берілетін үймен қамту. Елімізде жыл сайын баспана бағасы ұдайы өсіп келе жатыр.

Ресми статистикаға сүйенер болсақ, 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда тұрғын үй нарығында баға 13,1%-ға өскен. Былтыр жаңа тұрғын үйді сату құны – 12,1%-ға, баспананы жалға беру – 14,4%-ға қымбаттаған. Бұл көрсеткіштер әр өңірде әр түрлі. Тұрғын үй нарқы Астана мен Алматыда аспандап тұр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, үйдің бір шаршы метрі бұл өңірде 230 мың теңгеден асып жығылады екен. Бұл былтырғы жылғы көрсеткішке қарағанда 19,3%-ға артық. Шымкент қаласында 195 мың теңгені құраса, ең арзан үйді Қызылорда мен Тараз қаласынан сатып алуға болады. Ал Атырауда үй бағасының бір шаршы метрі 209 мың теңге болса, Петропавлда 136 мың теңгеге жеткен. Ендеше, баға нарқына әсер ететін факторға шама-шарқымыз келгенше талдау жасап көрсек. Жалпы, жылжымайтын мүлік бағасына әртүрлі фактор әсер ететіні анық. Айталық, алғашқы фактор жер телімдері бағасының шарықтауы. Бос жатқан елді мекендерге тиісті инфрақұрылымдарды тартып жеткізудің үй бағасына ықпалы зор. Тұрғын үй құнына құрылыс материалдары бағасының да әсері көп. Осы фактор «бұлқынған» сәтте үй нарқы шарықтап, баға бас айналдырып кетеді. Алайда, нарықтағы бұл құбылысқа мемлекет бей-жай қарап отыр деуге де негіз жоқ. Баспана мәселесін шешуде мемлекет біраз шаруа атқарып келеді. Басқасын былай қойғанда, тек 2011 жылы қаржыландырудың барлық көздері бойынша 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, ол жоспарланған іске қосу көлемінен 8,3%-ға артық көрсеткіш екен. «Қолжетімді бас-пана-2020» бағдарламасы қабылданып, тұрғын үйден дәмелі біршама жұрт сол бағдарламаның мүмкіндіктеріне мән бере бастаған.

Айта кетерлігі, Елбасы былтырғы Жолдауында жыл сайын жалға берілетін тұрғын үйдің көлемін 1 млн шаршы метр-ге жеткізуді және сатып алу құқығымен жалдау тетігін, сондай-ақ құрылыс индус-триясын дамыту жөніндегі кешенді шараларды көздейтін бірыңғай «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Биылғы жылдан бастап іске қосылған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының екі бағыты, оның ішінде қарапайым халыққа қатысты қолжетімділікті қамту бағыттары негізінен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» осы жүйесі негізінде жүзеге асырылмақ. Оның біріншісі – халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй, екіншісі – жас отбасыларға арналған тұрғын үй. Бұның бір бағытында тұрғын үй құрылысын жергілікті атқарушы органдар салса, оны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болғысы келген кез келген санаттағы адамдар шартқа сәйкес сатып алады.

Ал тұтастай алғанда, банк алты бағыт бойынша жұмыс істеп, оған бағытына қарай түрлі операторлар тартылады. Мысалы, оның қатарында «Қазақстандық ипотекалық компания» ипотекалық ұйымы», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамынан бастап жергілікті атқарушы органдар және тағы басқалары тартылады.

Мақпал РЫСБАЕВА

Құралай Ахметова
Құралай Ахметова

Құралай Ахметова, Шымкент қаласының тұрғыны

– Мен осыдан екі жыл бұрын  «Қолжетімді баспана» бағдарламасын іске асыратын «Тұрғын үй жинақ банкіне» салымшы болып тіркелгенмін. Содан бері өзімнің табысымның белгілі бір бөлігін осы банкте сақтадым. Жинаған сомама банк үстемелеп, сыйлық ретінде 20% қосты. Қазір шотымдағы соммама тағы 4 ай белгіленген сомада ақша салып отырсам,  үш бөлмелі пәтерге қол жеткізем. Ең бас-тысы, бұл бағдарлама баспаналы болуға көмектесіп, табысыңның бір бөлігін осы мақсатқа жинақтауға бағыттайды. Және ақшаны орын-орнымен, үнемдеп жұмсауға үйретеді.