Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.
Сұрақ:
– Досым банктен несие алған кезде мен оның өтініші бойынша кепіл зат ретінде өзімнің үйімді қойдым. 2-3 ай бұрын досым жүрек ауруынан қайтыс болды. Банк менің үйімді алып қоюы мүмкін бе? Үйді өзімде қалдыру үшін досымның орнына бүкіл несиені өз мойныма алуым міндетті ме?
Жауап:
– ҚР Азаматтық кодексінің 322-бабының 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, кепіл кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер тоқтатылғанда тоқтатылады. (Мысалы: заем шарты)
Егер борышкердің мұрагері болмаса, онда осы кодекстің 376-бабының 1-бөлігі бойынша борышкердің қайтыс болуымен мiндеттеме де тоқтатылады.
Яғни, қайтыс болған борышкердің артынан қалатын мұрасы және мұрагері болмаған жағдайда Сіздің үйіңіз Сізге қайтуы тиіс.
Ал, егер борышкердің мүлігі мен мұрагері болған жағдайда, онда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1081-бабына сәйкес, мұра қалдырушының кредит берушiлерi өздерiнiң мұра қалдырушының мiндеттемелерiнен туындайтын талаптарын өсиеттi орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) немесе әрбір мұрагерге ауысқан мүлiк құнының шегiнде ортақ борышкерлер ретiнде жауап беретiн мұрагерлерге қоюға құқылы. Бұл жерде борышкердің міндеттемесін кепіл толық қамтымасыз етпей, тек мұрагерге өткен мүліктің құнына ғана сәйкес қамтамасыз етуі мүмкін. Егер мұрагерге өткен мүліктің құны борышкердің міндеттемесіне қарағанда мөлшері аз болған жағдайда, несие беруші кепіл берушіден қалған айырмасын талап ете алмайды. Себебі Сіздің жағдайыңызда Сіз борышкер болып табылмайсыз.
Сұрақ:
– Менің білейін дегенім, бір азаматпен сот арқылы дауласып жатқан едім. Естуімше, жақында ол кісі қайтыс болыпты. Мұндай жағдайда сот процесі не болады?
Жауап:
– ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 242-бабына сәйкес, егер даулы құқық қатынасы құқық мирасқорлығына жол беретін болса, істе тарап болып табылатын азамат қайтыс болған жағдайда сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті.
Ал егер іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін дау-лы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол бермесе, онда сот іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
Бірінші жағдайда сот шығып қалған адамның құқықтық мирасқоры анықталғанға дейін немесе әрекетке қабілетсіз адамға өкіл тағайындалғанға дейін іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрады.