Есірткі тасымалдаушы әккі қылмыскердің соңына қырағы көзді жедел уәкіл түсе кетті. Басқан ізін аңдыды. Шымкенттен басталған із кесу жедел уәкілді Ақтау қаласынан бір-ақ шығарды. Қылмыскер де оңай адам емес еді. Ізкесушінің көзін құртпақ болды. Оңтайлы сәтте ізіне түскен полиция қызметкерін пышақтап үлгерді. Қансырап жатқан жедел уәкілге бар күшін жиюға тура келді…
Қоғам тыныштығын сақтауға жұмылдырылатын тәртіп сақшылары қылмыскерді қолға түсірген сайын басын бәйгеге тігеді. Өлім мен өмір арасындағы арпалыста полицейлердің қарақшылар қолынан жарақат алып, тіпті, мерт болғандары да бар. Олар жайлы білгенімізден білмейтініміз көп. Біз білмейтін жанның бірі – шымкенттік полиция майоры Данияр Ергебеков.
Данияр Амангелдіұлы Ергебеков ОҚО, Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылының тумасы. Орта мектепті тәмамдаған бозбала алғашқы еңбек жолын «Путь Ильича» колхозында комбайнер болып бастайды. 1990-1992 жылы Кеңес армиясы қатарында борышын өтейді. 1993 жылдың қараша айынан бастап, ІІД-не қарасты Шымкент станциясы ЖІІБ-нің жолаушылар пойызын ілесе күзету взводына аға сержант болып жұмысқа қабылданады. Қызмет атқарып жүріп, Семейдегі милиция мектебін сырттай оқып, тәмамдаған.
Қызметінің басым бөлігі қылмыстық істерді іздестіру бөлімі мен есірткіге қарсы күрес саласында жедел уәкіл лауазымында өтті. Бүгінде ол ОҚО ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға жедел уәкілі. Жиырма жылдан бері ішкі істер саласында қалтқсыз қызмет атқарып келе жатқан Даниярдың біз білмейтін ерлігі қайсы? Енді соған тоқталайық.
Ол өз міндетін атқарды
Данияр ерлік жасаймын деп ойлаған жоқ. Оның бар мақсаты өз ісіне жауапты болу, борышын адал атқару еді. 2006 жылдың наурызы болатын. Ол кезде Данияр Ергебеков Шымкент стациясындағы ЖІІБ-нің криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл, полиция капитаны қызметін атқарып жүрген кезі. 17 наурыз күні есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшесінің жедел уәкілі Нұрлан Ходжақұловпен бірге Шымкент теміржолына келіп тоқтаған «Алматы-Маңғышылақ» жолаушылар пойызын тексерген тәртіп сақшылары, салмағы 280 грамм героин есірткі затын заңсыз тасымалдап бара жатқан Нұржамал Шалқарова есімді азаматшаны ұстайды. Ұсталған азаматша, Ақтау қаласындағы наркотоптың жетекшісі Ұлықбек Саидов туралы мәлімет береді. Шалқарованың айтуынша, Ұлықбек Саидовқа Тәжікстан мен Өзбекстан Республикаларының заң органдары «есірткі қылмысына» қатысты іздеу жариялаған екен. Данияр Ұлықбек Саидов жайында ІІМ ЕБҚКК-не хабар беріп, ол туралы мол мәлімет жинайды. Анықталғандай, Саидов негізінде Өзбекстан Республикасы Бас прокурорының оққағары, әрі еркін күрестен спорт шебері болған екен. Кейіннен есірткі қылмысына қатысы бар деген айып тағылып, Тәжікстан, Өзбекстан Республикаларының сақшылары оны табанынан тозып іздеп жүрген. Ұлықбек Саидовты ұстауға бағытталған шара министрліктің бақылауына алынады. Ойлануға уақыт жоқ.
Басшылар аса қауіпті қылмыскерді құрықтауды Данияр Амангелдіұлына жүктейді. Сол күні-ақ, Ақтау қаласына ұшып барған оны Маңғыстау облыстық ІІД-нің ЕБҚКБ қызметкерлері күтіп алғанымен, жеме-жемге келгенде, ондағы әріптестері, шешуші сәтте, Даниярды жалғыз қалдырады. Қолында Шалқарованың берген мекенжайы, күдіктінің ерекше белгілері жазылған мәліметті басшылыққа алып жедел іздестіру шараларын жүргізіп, жалғыз өзі Ұлықбек Саидовтың қолына кісен салады. Әккі қылмыскер қолындағы кісенге қарамастан, барын салып қарсыласады. (Ұлықбектің еркін күрестен спорт шебері екенін ұмытпағайсыз). Өліспей беріспеуге бел буған Ұлықбек ышқырына жасырған пышағын суырып алып, Даниярдың жон арқасынан тіліп жібереді. Қансырап жатса да Данияр аса қауіпті қылмыскерді уыс-тан шығарып алмауға тырысып-бақты. Қылмыскердің кеудесін аяғымен басып, жібермейді. Әбден шаршап, арпалыстан әлсіреген қылмыскер, Даниярға мойынсынып, құрыққа ілінгенін түсінеді. Абырой болғанда, осы кезде көшеде кетіп бара жатқан патрульдік топ Даниярға көмекке жетеді. Сосын ауруханадағы жарақат бөлімінде пышақ кескен жерін тіктіріп, қылмыскер Саидов екеуі Шымкенттен бір-ақ шығады. Тергеу амалдары кезінде Саидов жасаған қылмыстарын мойындап, Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының үкімімен 8 жыл 5 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Ал, Данияр Амангелдіұлы «Ішкі істер органының қызметкері» деген атқа дақ түсірмей, антына, қызметіне адалдық танытты.
Данияр Ергебеков қазір полиция қызметкерлерінің өздері жасайтын қылмысты әшкерелеумен айналысады. Яғни, өз іштерінен шыққан жаумен тиімді, жүйелі күрес жүргізеді. Мысалы, 2011 жылы маусым айында Г. есімді азаматшаның арызы негізінде Данияр Ергебековтың жетекшілік етуімен құрылған арнайы топ Шымкент қаласы ІІБ Еңбекші полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты Қ. есімді азаматты пара алу үстінде қолға түсіреді. Сондай-ақ, сол жылдың қараша айында азаматша С-ның арызы бойынша Шымкент қаласы ІІБ Абай полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты А. пара алу кезінде құрықталған болатын.
«Өзімізді де қорғай білеміз»
Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ІІД қызметкерлеріне қарсы жасалынған әрекеттермен де айналысады. Департамент қызметкерлерінің абыройын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету де олардың құзырына кіреді. Осы орайда Данияр Ергебековтың атқарып жүрген тірлігі айтуға тұрарлық.
Былтыр А. деген азаматшадан арыз келіп түседі. Онда, ол Мақтарал АІІБ-сы ПБ КТІЖБ-нің мектептегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны С, ОҚО ІІД Мақтарал АІІБ-нің кезекші бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Е, КПБ-нің жедел уәкілі, полиция капитаны Е-нің үстінен арызданған. Арызданушының айтуынша, жоғарыда аты аталған полиция қызметкерлері оны өз көліктеріне отырғызып, мойнындағы алтын алқаны жұлып алып, екі томдық номенклатура папкасымен ұрғанын айтады. Жәбірленушінің айтуынша, осыдан кейін ол түсік тастаған көрінеді. Осы істі анықтау Данияр Ергебековке жүктеледі. Жазылған арыз бойынша жинақталған құжаттарды мұқият қарап шығып, тергеу-тексеру амалдарын, анықтау жұмыстарын жүргізген ол арыздағы айтылғандарды негізсіз деп дәлелдеп шығады. Осылайша, Данияр әріптестеріне жағылған қара күйенің негізсіз екенін анықтап,қазақ полициясының абыройын қорғап қалады.
Түйін:
«Өжеттілік, қайсарлық – жауынгерлік тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде, өз өмірін абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс», – деген екен даңқты қолбасшымыз Бауыржан Момышұлы. Данияр Ергебековтың кәсіби шеберлігіне, жедел уәкіл деген атағына лайықты азамат, білікті маман екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Ол өзін өзгелерге мойындатқан ішкі істер қызметкері. Алайда де, жиырма жылдан аса еңбек өтілі бар, білікті маман, өз ісіне жауапты азамат, антына берік жан екенін дәлелдеп үлгерген Данияр Амангелдіұлының ерен еңбегінің еленбегені өкінішті-ақ. 2012 жылы Данияр Ергебеков жайында «Полиция KZ» журналында «Ерлік еленбей қалмаса…» атты мақала жарияланған болатын. Осы мақаланы оқыған Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлер ұйымының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Б.Ертаевтың мұрындық болуымен Данияр Амангелдіұлы Ергебеков Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты» медалімен марапатталды.
Естеріңізде болса, былтыр қылмыстық топты құрықтау барысында қарағандылық 4 сақшыны қарақшылар пышақтап кеткен. Құдай сақтап аман қалды. Бұл ерліктері еленіп, олар «Ерлігі үшін» төсбелгісіне ие болды. Ал дәл осындай марапаттауға әбден лайық Данияр Ергебековтің ерлігі еленбей қалуы көңілге қаяу салады.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ