Кәсіпкердің отбасын ойрандап кетті

Отағасын және оның он сегізге толып үлгермеген ұлын азаптап ұрып өлтірген

Бір топ жігіт түн жамылып, Шымкенттегі қалталылардың бірі Камал Ариповтың шаңырағының шырқын бұзды. Отағасын және оның он сегізге толып үлгермеген ұлын азаптап ұрып өлтірген. Ал жарақаттан есін жимаған күйі аурухана төсегінде әйелі мен қызы жатыр.

Отағасын және оның он сегізге толып үлгермеген ұлын азаптап ұрып өлтірген
Отағасын және оның он сегізге толып үлгермеген ұлын азаптап ұрып өлтірген

Құрылыс материалдарын сатумен айналысатын кәсіпкердің отбасына түн ішінде баса-көктеп кірген қарақшылардың төрт адам болғаны анықталып отыр. Олардың қолдарында балға, балта және темір заттар болған.

Абырой болғанда, қатты айқай-шуды естіген көршілері көмекке келіпті. Әйелі мен қызының аман қалуына да солар болғанға ұқсайды. Әйтпесе өлімші етіп сабалған екеуін де қарақшылар өлдіге балаған болуы керек. Көршісінің айтуынша, үйдің іші қан-жоса. Кіре-берісте баласы, әкесінің денесі жатқан. Қансыраған қызының жан даусы шыққан бөлмеге енгенде, оның аяқ-қолы байлаулы екенін байқапты.

Бір отбасын қырып салмақ болған 4 жігіт үйдегі ақша мен алтын заттардың бірін қоймай әкеткен. Қазір қандықолдар іздестіріліуде.

Олар бұл шабуылға әбден дайындалған болуы мүмкін дейді полицейлер. Өйткені бәрін ойластырып қойыпты. Үйде бақылау камералары орнатылғандықтан алдымен жарықты сөндіріп тастаған. Қазір оқиға орнынан табылған лом, балта сияқты заттардан бармақ іздері алынып жатыр.

Ал осы қанды оқиғаға куә болғандар мен қылмыскерлер жайлы ақпарат берген азаматтар болса марқұм кәсіпкердің туыстары 10 млн теңге береміз деп отыр.

Газеттің беті қатталып жатқанда осы қылмысқа қатысы бар деген үш күдіктінің ұсталғаны мәлім болды.

Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА

Әділбек Сұлтанов
Әділбек Сұлтанов

Әділбек Сұлтанов, марқұм Камал Ариповтың жездесі

– Бірінші баласынан бастаған. Сосын әкесін ұрған. Барлығының қолдарын байлап, әбден қинаған. Әйелінің басынан ұрып, талдырып тастапты. Сосын қызының басын жарған. Кеше оның басына ота жасалды. Әлі есін жия алмай жатыр. Жауы бар дейтіндей жаман кісі емес еді, ақкөңіл, жомарт жан болатын. Қайырымдылық жасап, көп көмектесетін. Бұлар ұрылар. Келе сала сейфтің кілтін сұрапты. Біз солай ойлаймыз. Осындай айуандыққа барған оларды Құдай да аямас.

 

 

Салтанат Қаракөзова
Салтанат Қаракөзова

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі

– Полиция қызметкерлерінің анықтағаны бойынша төрт белгісіз тұлға, беттеріне бетперде киіп, сол үйге баса-көктеп кірген. Алтын бұйымдарын, ақшаларын алған. Қазір бірнеше болжамдар бар. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқан соң, оның барлығын айта алмаймыз. Арнайы топ құрылды, жақын арада бұл қылмыс ашылады.