«Көкпар шауып, бәйге алған» қазақ жұрты үшін жағымды жаңалық. Яғни, ұлттық спорт ойындарының бірегейі көкпардан халықаралық федерация құрылды. Құрамына он ел кіретін мәртебелі ұйымның бас штабы Астанада болады.
Көкпар десе елең етпейтін қазақ жоқ. Жиын-тойдың ажарын ашатын да тақымы мықты жігіттердің текетіресі екені мәлім. Енді ұлттық спортымыз өзінше отау тігіп, еңсесін тіктеді. Тараз өңірінде көкпарды дамытуға мүдделі он елдің өкілдері бас қосып, бәтуалы жиын қуанышты келісіммен тарқасты. Шынында, бұл сәтті ұзақ күткенбіз. Кейінгі жылдары қоңсы қырғыздар көкпарға иелік еткісі келіп жүргендей еді. Кішігірім федерация құрып еді, көп ұзамай іргесі сөгіліп кетті. Айыр қалпақты ағайындар оны қаржының жетіспеушілігімен байланыстырады. Мінеки, көкпарымыздың өзі «көкпарға» түспей тұрғанда, ұлттық спорттың тізгіні қайта өз қолымызға тиіп отыр. Сөз жоқ, бұл ортақ елдердің келісті келісімі. Қазақтың бастаған ісін аяғына жеткізе алатындығын бағаласа керек.
Әлеуетті ұйымның болашаққа бағыттаған мақсат-мүдделері де мол. Көкпардың көркін кіргізу үшін жаңа ережелер енгізіп, тынысын ашатындай жоталы жұмыстар қолға алынбақ. Айталық, жалпыға бірдей ереже бойынша енді шабандоздардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілмек. Оған қоса, аттың да жарақат алмау жағы ойластырылатын болады. Ал жанкүйер қауым асыға күтетін беделді бәсекелер де аз емес. Соны бірі деп, қоңыр күзге қарай жүлде қоры 1 млн. АҚШ долларын құрайтын Азияның ашық чемпионаты өтетінін айтар едік.
Негізінен, ат спортын дамытуға мүдделі Азия елдері. Атап айтқанда, Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанда аттың құлағында ойнайтын білекті жігіттер көп. Қырғыз бен өзбектер “Улак тартыш” десе, тәжік тілінде “Бузкаши” деп аталады екен. Сонымен бірге, түбі бір Түркия мен Ресейдің қазақтары да ұлық ойынды ұмыт қалдырмаған. Әсілінде, ойынның атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шықса керек. Орта Азия елдері көкпарға жасқа толған серкенің семізін таңдайды. Шамамен 70-80 келідей. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан көкпарға тартпайды. Дегенмен, кейбір елдерде ат спортының өзіндік ерекшеліктері болады. Мәселен, Қытайда көкпар тарту тәсілі бөлек, ережесі де өзгеше. Серкенің салмағы біршама жеңілдеу. Бұл жайында ҚХР Іле-Қазақ автономиясы әкімі кеңсесінің меңгерушісі Серік Махмұтұлы былай дейді: «Бізде салмақ жеңілдеу, 12-14 келі мөлшерінде. Одан кейін көкпаршы жігіттердің түрлі-түрлі өнер көрсететіні бар. Мәселенки, шауып келе жатып, өзінің командасына көкпарды допша лақтырып, беретін ойындар да бар».
Қолда барды бағалай білгеніміз жөн емес пе, сәті түсіп тұрғанда қалталы азаматтарымыз мәрттік танытса екен дейміз. Бәріміз жұдырықтай жұмыла жұмыс жасағанда ғана ұлттық спортымыз төрге озатынын ұғынсақ екен.
Тағабай ҚАСЫМ