Қонышынан басқандардың үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында мектеп жанынан салынған жылыжайлар іс жүзінде емес, тек қағаз жүзінде жұмыс істеп тұр. Мырзашөл өңірінің шенеуніктері осылайша бармақ басты, көз қысты әрекетке барған. Ал бұған аудан қазынасынан қомақты қаражат бөлінген екен. Мектеп директорлары мен білім бөлімінің басшылығы бұл нысанды мердігерден қабылдап алғаны жөніндегі құжатқа қол қойып жіберген. Енді қаржы полициясы осы лауазымды тұлғалардың соңына май шам алып түсті.
Мақтаарал аудандық қаржы полициясы 44 мектептің жанынан жылыжайдың салынбай қалғанын анықтаған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғапты. Тергеу барысында құрылысқа бөлінген 17 миллион теңгенің де біреудің қалтасында кеткені белгілі болған. Бір қызығы, мектеп директорлары мен білім бөлімінің басшылары жылыжайларды қабылдап алу жөніндегі құжатқа қол қойып жіберген.
Нұржан Күзербаев, облыстық қаржы полициясы департаментінің тергеушісі: «17 млн.-ды «Оникс-Юг» ЖШС-не аударып жіберген. Тексеру барысында қазіргі таңда ҚР ҚК 176 бабымен б, г, тармағымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп, қазіргі таңға айыптау қорытындысымен прокуратураға жолданды. Тергеу барысында білім бөлімінің бастығы Бапаевқа, бас есепші Өтебаевқа қылмыстық істер қозғалды».
Қылмыстық істің қозғалуына аудандық мәслихат депутаты Оразкүл Шылмұрзаеваның шағымы түрткі болған. Айтуынша, бұл іске аудан әкімінің де қатысы бар көрінеді. Халық қалаулысы бұл жағдайға бей-жай қарай алмай, Астанаға дейін арызданыпты. Содан кейін ғана істі бір мәрте жауып тастаған қаржы полициясы оны қайта қозғап отыр. Өзге де құзыретті органдар тексеру жүргізуді қолға алыпты.
Оразкүл Шылмұрзаева, Мақтарал аудандық мәслихатының депутаты: «Мен өзім арнайы Астанаға барып, «Нұр Отанға», орталық аппаратына және қаржы полициясына, Бас прокурордың назарына барлық жерге, Президентіміздің назарына хаттар тастап, мінеки, осы жақында тексеру келе бастады».
Негізінен мектеп жанынан жылыжайлар салу облыс әкімінің тапсырмасы болатын. Барлық аудандардағы білім ошақтары осылайша өздерін қамдауы керек еді. Шәкірттерді осында еңбекке баулып, көкөніске қарқ қылу мақсат болатын.
Сапар Асқарбеков, Н.Оңдасынов атындағы аудандық жалпы орта мектебінің бөлім меңгерушісі: «Основной енді бұл жерде помидор, бәдірен одан кейін бізде нолевойлар бар. Алты жасарлар. Соларға беріңдер делінген еді. Өзін-өзі қаржыландыру мақсатында істелінген тірлік қой енді ол».
Ал, мектеп директорының камераны көріп, төбе шашы тік тұрды. Біз қойған сауалға жауап бермей, сылтау атйып, сытылып кетті.
Ал таң атқаннан бері жұмыс орнынан таптырмаған білім бөлімі меңгерушісінің орынбасарын көшеде жүрген жерінен кезіктірдік.
Батырбек Қоқанбаев, Мақтарал аудандық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары: «Жылыжайлар туралы тек қана сіздер Финполициядан аласыздар. Біз ешқандай білмейміз не болып жатқанын. Бапаев қазір жұмыстан шеттетілген. Әлі ол ешқандай шешілген жоқ. Болды басқа ештеңе білмеймін».
Не керек, білім саласындағы былықтың беті ашылып келеді. Бірақ «қаржыны қымқырғандардың әрекетін бейжай қалдырмаймыз», — дейді депутаттар.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=fZrkYLXW4RQ[/youtube]