Оқушылар тағы да атысты

ОҚО ІІД
ОҚО ІІД
ОҚО ІІД

Сарыағашта оқушылар арасында тағы атыс болып, бір жасөспірім алған жарақатынан тіл тартпай кетті. Екеуі ауруханада жатыр.

Ата-анасынан сұранып, сыныптасының үйінде ҰБТ-ға дайындаламыз деп кеткен 17 жастағы Әлімжан Срайыл осылайша қапыда қаза тапты. Қаралы отбасы мүшелерінің айтуынша, өзінен жасы үлкен балалар осы кезге дейін одан ақша бопсалап келіпті.

Бұл іске қатысы бар деген күдікті төрт жігіт қазір қамауда. Олардың да өз кезегінде айтар уәжі бар. «Бізді сол үйге оқушылардың өздері шақырды. Ақша сұрамадық» деп ақталып әлек. Алайда, оқиғаның куәгері, жәбірленуші Зиядин Әбіш бопсалаудың болғанын растаған. Кешкісін баса көктеп үйге келген төрт жігіт ақша талап етіп, сөзге келтірместен оқ жаудырғандарын айтады.

Жарақатпен ауруханада жатқан екі оқушының бірінің иығы мен қолы сынған. Екіншісінің аяғына оқ тиіп, басынан ауыр соққы алған.

Жасыратыны жоқ, Оңтүстік Қазақстанда кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен қылмыс саны соңғы жылдары тым өршіп барады. Жыл басынан жасөспірімдердің қатысуымен 116 қылмыс тіркелсе, соның 6-да қару қолданылған. Мектеп балалары арасындағы бір-біріне қару кезену елдің үрейін ұшырып отыр. Баласының бас амандығына алаңдаған ата-ана баламызды мектепке жіберуден қалатын шығармыз дейді. Оның үстіне жыл басынан бері Сарыағаш ауданында оқушылар арасында болған қарулы қақтығыстан екінші рет адам өлімі тіркеліп отыр.