Отырар ауданының жұрты қызыл жалынға қарсы күресудің тәсілдерін үйреніп жатыр. Ауданда дала өртінің алдын алу мақсатында оқу жаттығу өтті. Бір қызығы бұл жолы шараға ауылдың ақсақалдары да қатысты. Арнайы жасаққа қосылған олар да өрт бола қалған жағдайда не істеу керектігін үйреніп жатыр.
Отырар ауданындағы Сарыкөл елді-мекені былтырғы жаздың өзінде үш рет дала өртіне оранған болатын. Биылғы маусым басталғаны енді еді, тоғайдан өрт шықты тағы да. Абырой болып, аудандық өрт сөндірушілер дер кезінде жетті. Шарпыған алауды ауыздықтауға жақын аймақтағы Түркістан, Ордабасы, Арыс, сондай-ақ Созақ аудандарының да өрт сөндіру бөлімшелерінің мамандары жұмырылды.
Тілсіз жауды жою үшін биыл ауыл тұрғындары да ат салысуда. Еріктілер қатарынан ауылдың ақсақалдарын да көруге болады. Жарты сағаттың ішінде өртті толықтай сөндіріп біткен топ, барлық мүмкіндіктерін пайдаланды.
Осылайша, орман-дала өрттерін жоюға сақадай сай екендіктерін дәлелдеген төтеншеліктер сынақтан сүрінбей өтті.
Сакен Қаныбеков, ОҚО әкімінің орынбасары: «Жаман емес, кемшіліктер де бар. Оқу-жаттығу болғандықтан кемшілктер айтылды. Жөндеуге уаде беріп отыр. Негізі, биылғы маусымға сақадай саймыз».
Дайындықты тағы да пысықтауды тапсырған облыс әкімінің орынбасары орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіру көліктері мен жасақтардың құрал-жабдықтарын бақылап шықты. Оқу-жаттығу барысында барын салған өрт сөндірушілер кез-келген тілсіз жауды ауыздықтауға шамамыз жетеді деп отыр.
Марат Тоқбаев, өрт сөндіру және аварияларды алдын алу басқармасы бастығының орынбасары: «Техникалардың дайындығын, адамдардың дайындығын, трактор соқасымен дайындығын пысықтап, өрт болған жағдайда бәріміз бірігіп өшіреміз. Егер өрт бола қалған жағдайда жақын аймақтағы өрт сөндіру бөлімшілері көмекке келеді».
Тәжірибе жүзінде дала өртін ауыздықтауға дайынбыз, іс жүзінде осы дайындық жүзеге асса болғаны.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=y1Ahaa3O1tE[/youtube]