Сайрам ауданы тарай ма?

Сайрам аудан әкімі Уәлихан Қайназаров

Былтырғы жылдан бастап Сайрам ауданының бірнеше ондаған ауылы Шымкент қаласына қосылатындығы туралы Үкіметтің қаулысы шыққан болатын. Содан бері жарты жылға жуық уақыт өткені белгілі. Осыған орай аталмыш көштің жағдайы мен жай-жапсарын білмек үшін аудан әкімі Уәлихан Қайназаровқа жолығып, осы мәселеге қатысты бірнеше сауал қойған едік.

Сайрам аудан әкімі Уәлихан Қайназаров
Сайрам аудан әкімі Уәлихан Қайназаров

– Уәлихан аға, Сайрам ауданының 29 ауылы Шымкентке қосылады деген әңгіме шыққалы бері халықтың дегбірі қашты. Бұдан кейін жағдайымыз қалай болады, салық төлемдерін қайда төлейміз, медициналық көмекті қайдан аламыз деген сияқты әлеуметтік сұрақтар сол ауылдардағы халықтың бас ауруына айналған десе де болады. Расымен де осы жағдайда халық не істейді?

– Бұл ауылдардың Шымкентке қосылуы қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес тікелей үкіметтің қаулысымен қабылданған. Біздің Сайрам ауданына қарасты 6 округ Шымкенттің құрамында кіреді. Бұл 6 округте шамамен 100 мыңнан астам халық бар. Бұл жерде шыныменен қиын мәселелер өте көп. Сіз қойған сұрақты біз де облыс, үкімет деңгейінде қойып отырмыз. Аталмыш ауылдар қалаға қосылғанда әлеуметтік мәселелер бойынша қайда барып жүгінеді деп. Жалпы, біз ұсыныс берген кезде қаланың ішінен тағы да бір аудан ашу керек деп айтқанбыз. Мәселен ертеңгі күні әртүрлі құжаттар дайындау керек тұрғын үй мен жер телімдерінің мемлекеттік актілер қайта рәсімделуі керек, мұның бәрі халық үшін үлкен шығын.

Ал енді 29 ауыл Шымкентке қосылғаннан кейін оларды шашыратып, қаладағы 3 ауданға бөліп тастауы мүмкін. Сол кезде жұрт әбден сандалады. Әзірге бұл мәселе бір орында тоқтап тұр. Облыстың тиісті мамандары болсын, Үкімет болсын осы қиындықтарды қалай шешеміз деген сауалдың жауабын табумен шындап айналысып жатқан жоқ. Әркім әртүрлі айтуда. Ертең бұл процесс аяқталғаннан кейін ауыл-ауылдарға барып қай ауданға жататындарын, қай жердің әкімдігіне жүгіне алатындарын, құжатты қайдан дайындау керектігін тәптіштеп түсіндіру керек. Сайрам ауданына қарап келген 6 ауылдық округтің қалаға көшуі 2015 жылы аяқталады деп көрсетілген. Төлеби мен Ордабасы аудандарынан алынатын жерлер 2025 жылға дейін созылған.

– Бұған дейін де Сайрам ауданының кейбір ауылдары Шымкентке қосылған еді ғой, одан кейін жағдай қалай болған еді?

– Иә, 2007 жылы Пахтакор, Забадам елді мекендері қалаға өткен болатын. Ол жақта әлі де туындап жатқан сұрақтар бар. Тағы да қайталап айтарым, бірінші кезекте Шымкенттің ішінен жаңа аудан құрылуы тиіс. Бұл Сайрамнан қосылатын ауылдардың негізінде құрылса дұрыс болар еді. Сол кезде халық бір құжатты рәсімдеу үшін қаланың бір шетінде орналасқан аудан әкімдігіне бармайтын болады. Шымкентке қарасты Абай, Еңбекші, әл Фараби аудандары 2005 жылы жаңадан құрылған кезде әрбір аудан халқының саны 200-250 мың халық болуы керек делінген шектік шама бар еді. Қазіргі менің есебім бойынша 29 ауыл қосылғаннан кейін шымкенттіктердің саны 800 мыңнан асуы тиіс. Бұл сөзсіз жаңа бір ауданның қажет екенін көрсетеді. Тіпті қажеттілік деп ұққан жөн.

– Егер жаңа аудан ашылмайтын болса жағдай қалай болады? Сол баяғы 3 ауданға біріктіріле ме?

– Ондай жағдайда бір шеті әл-Фараби, бір шеті Еңбекші, қалғаны Абай ауданына қосылуы ықтимал. Ол кезде әкімдіктердегі жүктеме көбейеді. Менің ойымша бұл үдерісті асықпай, байыппен, барлығын есептеп алып жүзеге асырған дұрыс. Барлығын жос-парлы түрде іске асырмаса кейін қиындық қаптап кетеді. Сосын халықтың арасында түсініспеушілік орын алып, әбігерге түсуі мүмкін.

– Қалаға өткен округтердегі дәрігерлер, мұғалімдер, басқа да бюджеттік сала мамандары «25%-дық» ауылдық жеңілдіктен түпкілікті қағыла ма?

– Өкінішке қарай солай. Қаланың аумағы болғандықтан ауылдық статус жойылады. Соған сәйкес, ауылда тұрғаны үшін жалақысына үстеме ретінде мемлекет тарапынан берілетін ақша төленбейтін болады.

– Осының салдарынан мұғалім, дәрігерлер Сайрам ауданының ішкері ауылдарына көшеміз деп, ішкі миграция қарқын алып кетпей ме, қалай ойлайсыз?

– Олай бола қоймайтын шығар. Жылдар бойы тұрып келе жатқан ауылын тастап, азын аулақ ақшаға бола басқа жаққа көшіп кетеді дегенге өз басым онша сенбеймін. Дегенмен, аудан орталығына жақын жатқан ауылдардағы кейбіреулер осында қалып, жұмыс істегісі келуі мүмкін. Оларға жоқ, болмайды дей алмаймыз ғой. Әркімнің өз еркі бар. Қайда тұрамын десе де ешкім бөгет бола алмайды.

– Қалаға қосылу мәселесін жергілікті халық қалай қабылдап жатыр? Бұған деген халықтың пікірі, көңіл-күйі қандай?

– Халықтың пікірі әртүрлі. Барлығы 100% қолдап отыр деп айта алмас едім. Бұған дейін Шымкентке қосылған ауылдардағы кейбір қиын жағдайларды көріп-біліп жүргеннен кейін ел арасында бұл жағдайға қарсы пікірдегі адамдар өте көп. Бірақ, Үкімет осындай шешім шығарғаннан кейін біз оны орындауға міндеттіміз. Халықпен бұл жайында талай кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жасадық. Біздің ендігі міндет осы көшіру мәселесін халыққа мейлінше ауыртпалық түсірмей жүргізу.

– Тағы бір сұрағым бар. Сайрам ауданы халқының жартысынан астамын өзбек ұлты құрайтынын білеміз. Ел ішіндегі қауесетке сенсек «біздің автономды мемлекет болуға мүмкіндігіміз де санымыз да жетеді» деп, бір белсенділер үй ішінен үй тіккісі келетін мінез көрсетіп жүр дейді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Қып-қызыл өтірік. Қазақстан біреуге автономия беретіндей біреудің жерін тартып алған ел емес. Оның үстіне Конституция бойынша унитарлы мемлекетпіз. Унитарлы мемлекетте ұлттық ерекшелікке байланысты автономия құруға рұқсат жоқ. Бұл қауесеттің қайдан тарағанын білмеймін, бірақ ондай болуы мүмкін емес.

– Қауесет дегеннен шығады ғой, Сайрам ауданы болашақта түпкілікті тарап кетеді екен дейтін сөздерді де құлағымыз шалып жүр. Бұған не дейсіз?

– Бұл сөздердің барлығы Сайрамға қарасты ауылдардың Шымкентке қосылатыны белгілі болғаннан кейін шыққан. Аудан бір күндері тарап кетеді екен деген жай ғана халық арасындағы жел сөз ғой. Сонау ғасылардан бері өзіндік ерекшелігін сақтап, елдің мәдени, рухани, экономикалық өмірінде ерекше орын алып келген үлкен әрі бай тарихы бар Сайрамдай ауданның бір сәтте тарап кетуі мүмкін емес. Құлаққа кірмейтін нәрсе. Енді ел болған соң ауызына қақпақ бола алмайсың. Дегенмен айтарым – аудан тарамайды. Мемлекеттің ондай қадамға баратын ойы да пиғылы да жоқ. Сол үшін халықты қорықпаңыздар деп сабырға шақырамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ