Сарыағаш ауданында балалар дәрігері жетіспейді! Өңір тұрғындарының жан-айқайына себеп болған негізгі жайттың бірі — ауданда сал дертіне шалдыққан сәбилерді емдейтін маман жоқ. Сондықтан перзентін емдету үшін отандастарымыз шекара асуға мәжбүр болып отыр.
Облыстағы аумағы жағынан ең үлкен ауданның тұрғындары сапалы медициналық қызметке зар болып жүр. Үш жүз мыңға жуық халқы бар Сарыағашта сал ауруына шалдыққан балаларды емдейтін мекеме жоқ. Сондықтан халық көрші Өзбекстанға барып емделуге мәжбүр.
Бақыт Әбдікәрімов, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
«Сегіз айда бір ретреспубликалық «Мейірім» шипажайына жатқызуға жібереді. Оның өзін әзер аламыз. Не балаларымызды емдете алмаймыз, не дәрігер қарамайды. Не халықты тыңдайтын адам жоқ. Депутаттарға барсаң, олар да қарамайды! Сонда біздің зарымызды кім тыңдайды?»
Бұл жағдайдан жергілікті дәрігерлер мен сала басшылары да хабардар. Дегенмен, олар қолдан келер қайран жоқ деп, ақталып отыр. Айтуларынша, осында келген мамандарды жұмысқа алуға қуана-қуана келісер еді, ең өкініштісі — алыстағы ауылға еңбек ету үшін келетін ешкім жоқ көрінеді.
Мәншүк Сәтбаева, Сарыағаш аудандық емхананың бас дәрігері:
«Біз мамандарды жұмысқа алғымыз-ақ келіп отыр. «Маман керек» деп, талай рет облыста өткен аукционға да қатыстық. Мамандар болса, барлық жағдайды жасап беруге дайынбыз. Бірақ, қазіргі оқуды бітіріп жатқандардың барлығы жұмыстың жеңіл жағын іздейді».
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында мыңнан астам мүгедек бала бар. Соның үштен бірі сал ауруына шалдыққан. Жергілікті басшылар болса осынау дертке шалдыққан сәбилерге арнап, оңалту орталығын келесі жылы саламыз деп уәде беріп отыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=MaiR3lWLeDI[/youtube]