Әдетте кілең қыз туған әйелді ер азамат жақтырмай ажырасуға, болмаса екінші әйел алуға бейім тұратындығын несіне жасырайық. «Мұрагерім болар ұл тумадың» деп төмпештейтін отағасылар да кездеседі арамыздан. Ал Шымкент қаласының тұрғындары Мейірбек пен Шайкүл Келдібековтердің 8 қызы бар. Отағасының айтуынша, қыздары көз қуанышы, әулетінің шамшырағы, гүлі мен сәні.
Содан да болса керек, зайыбы бірінен соң бірін қыз босанғанда Мейірбек аға ешқандай реніш білдірмеген екен. Керісінше, қыздарына жақсы есім беріп, еркелетіп өсіруге тырысқан. Осылайша Мереке, Ақерке, Ақбөпе, Сара, Гүлжан, Ұлжан, Ұлбала, Жазираның әрқайсысы ата-анасы үшін орны бөлек перзент. Бүгінде Мейірбек аға мен Шайкүл жеңгей ұрпақтарынан өрбіген немерелерін бауырға басқан бақытты жандар.
Сегіз қыз туған анадан гөрі, әр қызы дүниеге келгенде ерекше шаттанатын отағасы Мейірбек ағамен сырласқанды жөн көрдік. Әдетте екі-үш қыздан соң-ақ, зайыбынан көңілі қалатын ер азаматтар аз емес қой. «Сегіз қызды өсіру оңай болмаған шығар?» деймін ағаның жан сырын ақтарғым келіп.
– Мен өте бақытты жанмын. Ұлым жоқ демеймін. Өйткені менің сегіз қызым, һәм алты ұлым бар. Олай дейтінім күйеубалаларымды ұлымдай көремін. Мерекелік кештерде, туған күніме перзенттерім мен немерелерім жиналғанда, біздің шаңырақта ұлан-асыр той болады. Күйеубалаларым мен қыздарыма алғысым шексіз,–дейді Мейірбек аға аңқылдаған ақ жүрек пейілімен. – Текті жерден қыз алған қазақпыз ғой, -деп әңгімесін жалғай түсті. – Бақытты отбасын құру екі-ақ адамның қолынан келеді. Бірі – отағасы да, екіншісі – отанасы. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бірігіп, бүтін болу керек. Мен Шайкүлді бір көргеннен-ақ, өзімнің екінші жартым екенін ұқтым. Сөзіміз бен ойымыз жарасып кетті. Сөйтіп, 1972 жылы Шайкүл жеңгеңмен көңіл қосып, үйлендік. Құдайға шүкір, міне содан бері біргеміз. Жарымның түсінігін, еңбексүйгіштігін, кешірімді қасиетін жоғары бағалаймын. Үйленген соң мен оған жұмыс істеуге тыйым салдым. Отағасы ретінде, жауапкершілікті мойныма алып, жанұямды өзім асырап-бақтым. Ал, ол үйдің шаруасын дөңгелетіп әкете білді. Балаларды да өзі қарап, өзі бағып, тәрбиеледі. Қайда жүрдің, қайда болдың деген артық сауалдармен мазамды алмайтын. Содан болса керек, шаңырағымыз шайқалмай, үлгілі отбасы болып отырғанымыз.
Осы кезде ағамыздың жанында отырған Шайкүл жеңгейдің жүзі алаулап кетті.
– Қазіргі жастар материалдық құндылықтарға көп назар аударады. Бақытты отбасын құру үшін – бай болу міндетті емес. Отбасылық тәрбиенің жақсы сабақтастығы үзілмеуі шарт. Тексіз, тәрбиесіз, көргенсіз келін шаңырақтың ішкі тәртіп-тәрбиесін бұзады – деп қыздарыма үнемі көрген-білгенімді, ақыл-кеңесімді айтып отырудан шаршаған емеспін, – деді Шайкүл жеңгей. – Тұңғыш қызымыз Мереке дүниеге келген кезде Мейірбек жас балаша қуанған. Бір жылдан соң Ақерке туылды. Үшінші рет құрсақ көтергенімде, несін жасырайық, ұл баланы күттік. Ол кезде қазіргідей УЗИ деген болмаған ба, әлде ондайға аса мән бермегенбіз бе, әйтеуір баланың жынысын туылғанша білмей жүретінбіз. Тоғыз ай тоғыз күн дегенде дүниеге тағы да қыз бала алып келдім. Іштей қатты күйзелдім. Осы Мейірбектің ізін жалғастыратын ұл бала болғанда ғой деп налыдым. Алайда, сәбиімді қолыма алып мейірлене иіскегенде, аналық жүрегім елжіреп кетті. Оның үстіне Мейірбек те, маған демеу болды. «Бақытты ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе? Ұлдың көңілі далада болса, қыздың көңілі анада емес пе?», – деп менің еңсемді көтерді. Осы үшін де жұбайыма өмір бойы ризамын.
Иә, отбасы құндылығы деген осы шығар бәлкім. Жарасымды жұптың тату-тәтті өмір сүруінен асқан бақыт бар ма?! Жанұяның бақыты – ондағы адамдардың жүрек тыныштығында екенін ұғындым.
Ендеше, 40 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан Мейірбек аға мен Шайкүл жеңгенің шаңырағы шаттыққа тола берсін! Қазақтың осындай бақытты әулеті көп болғай!
Айжан Ермекқызы