Шымкентте кісі тонап келген қарақшылар құрықталды. 4 адамнан тұратын қылмыстық топтың кесірінен жәбірленушілерге 2 миллион теңгенің шығыны келген. Қолға түскен күдіктілердің ең жасы 23-те болса, үлкені 32-де. Өздері бұған дейін қамауда жатқан абақтыда танысыпты. Сөйтіп бай-бағландарды тақырға отырғызу әдісін ойластырған.
Ұсталғандар әбден әккі боп қалса керек. Алдымен қалталыларды нысанасына алған, сосын үйге шолақ мылтықпен басып кірген. Бір отбасының түгін қоймай сыпырып кетіпті. Теледидары мен көлігіне дейін әкеткен.
«Күдіктілер түнгі сағат 4-тер шамасын үйге басып кірген, — дейді Абзал Сәрсебаев, Әл Фараби полиция бөліміне қарасты тергеу бөлімінің бастығы. — Әйелдің өзі мен балаларының қол-аяғын скотчпен байлап, шолақ мылтықпен қорқыту арқылы құны 500 мың теңге болатын алтын бұйымдарын, теледидар мен «Ниссан» маркалы көлікті айдап кеткен.»
Қолға түскен күдіктілер 4 жігіт болып бірігіп қылмыстық топ құрған. Полицейлерлің мәліметінше, ұсталғандар бұған дейін де сотты болған. Сосын түрмеде бір-бірімен танысып, жоспар құрады. Қазіргі таңда өздеріне тағылған айыпты мойындап отыр.
«Біз төртеу болып үйге кірдік, — дейді күдіктілердің ең жасы. — Үйдегілердің барлығы ұйықтап жатыр екен. Еш қарсылық көрсете алмай қалды. Олардың қол-аяқтарын байлап, алтынды алып шығып кеттік. Ал көлік мен теледидарды қасымдағы жігіттер алды.»
Тергеу барысында қылмыстық топтың тағы бір қарақшылық шабуыл жасағаны әшкере болды. Ол кезде күдіктілер Қазығұрт ауданындағы азаматшаның үйіне басып кірген. Содан құны 850 мың теңге болатын алтын әшекей заттары мен 3 ұялы телефонын тартып алған. Содан Шымкентке келіп, бас сауғалап жүрген. Қазір күдіктілердің барлығы қамауда жатыр. Олардың өзге де қылмыстарға қатысы тексерілу үстінде.