Шымкентте 313 жұп интернет арқылы некесін қиды

1490
неке жүзігі
неке жүзігі
неке жүзігі
неке жүзігі

Атам қазақтан «үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөз қалған. Бұл сөз босқа айтылмаған, сірә. Бүгінде, отау тіккендердің арасында орта буын өкілдері де, тіпті 95 жастағы қария да бар. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмаған өрімдей жас қыздар да ақ жаулық тағып,  ана атануда.  Осы орайда, Шымкент қалалық Әділет департаменті, АХАТ бөлімінің бастығы Уәлиханова Жанетта ханыммен кездесіп, некеге тұру шарттарымен танысып қайтқан болатынбыз.

Жанетта Айнабекқызы, жыл басталғалы қанша жұп Сіздер арқылы жұбайлық өмірге жолдама алды?

— Әрине, жыл өткен сайын отбасын құрып, некеге тұрушылардың қатары көбейіп келеді. 2013 жылдың 1-тоқсанында Шымкент қалалық Әділет басқармасының АХАТ бөлімі 10217 азаматтық хал актілерін тіркеді. Соның ішінде неке қиюға 1660 жұптан өтініш түсті. Бұл былтырғы жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда неке қиюшылардың саны 315 -ке артқанын аңғартады. Некелесушілердің 80 пайызын 22-35 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Қазір шаңырақ көтеріп, отбасының жауапкершілігін мойнына алғысы келетіндер, әсіресе, жастар арасында белең алуы көңіл қуантады. Демек, тәуелсіздігіміздің түйдей құрдастары, бүгінде бір шаңырақтың отанасы мен отағасы атанып отыр. Айта кететін маңызды мәселе, біздің мекеме ақысыз қызмет көрсетеді. Яғни, кез-келген құжат тегін даярланады.

Бүгінде 12.12.12 сияқты «әйгілі датада» үйленгісі келетіндер көп. Алайда сол күні некелесуді жоспарлаған жұптың АХАТқа өтінішін бір жыл бұрын беретіні рас па?

Жоқ. Бұл негізсіз әңгіме. Жұбайлық жұптардан өтініш әдеттегідей бір ай бұрын ғана қабылданады. Өтініш берушілердің арасында ерекше күні неке қидырғысы келетіндер де кездеседі. Біз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Яғни, дәл өздері қалаған күнде некелесу үшін, қай күні өтініш жазып, құжат тапсыру керектігін айтамыз. Жұбайлық жұптарды некеге тіркеу менің күнделікті жұмысым болғандықтан, маған ондай әйгілі күндердің жай күндерден еш айырмашылығы жоқ.

Той маусымы қай кезеңді қызады?

-Жалпы маусым мен қазан айының аралығы үйлену тойының нағыз қызатын кезі. Аталған маусымда жұмысымыз қауырт жүреді. Бірақ, бұл – қыс мезгілінде некелесушілер мүлде болмайды деген сөз емес. Тек қыста той «сезоны» сәл саябырлайды. Меніңше, қазір қыс-жаз деп қарап жатқандар аз. Сол сияқты ораза айында да үйленіп жатқан мұсылмандар жетерлік. Алайда христиандар өздерінің діни мерекесі кезінде некелесу рәсімін шектейді.

Той демекші, көптеген жастар некелерін салтанатты түрде, барлық ағайын-туысқанның алдында қидырғысы келеді. Осы тұста, АХАТ қызметкерлері мейрамханаларға барып жастарды некеге тұрғызып, куәлік береді ме?

— Әрине, тойда салтанатты түрде неке қидырып, куәлік алғысы келетіндер көп-ақ. Алайда, біздің тойларға шығып, некені тіркеп, құжат беруге құқымыз жоқ. Салтанатты түрде неке қидырғысы келетіндер, Әл-Фараби алаңындағы салтанат сарайына барып, неке қидыратын күнді белгілейді. Сөйтіп, рәсімнің өтетін күні мен сағатын айтса, біздің мекеме қызметкері олардың некелерін салтанатты түрде барып тіркеп, куәліктерін табыстайды.

«Шәмші әлемі» саябағында орын тепкен неке қию сарайында неке қидырған жастарға Сіздер куәлік тапсырасыздар ма?

-Ол ғимарат жекенің меншігінде болғандықтан, біздер ол жерде неке қидыру салтанатын өткізе алмаймыз. Ондағы салтанатты іс-шараларды меншік иесі өздері ұйымдастыратындықтан, ол іс-шараға біздің қатысымыз жоқ. Біздегі қызмет көрсету, неке қидыру іс-шарасы тегін жүргізіледі.

Жастардың некелесіп, шаңырақ көтеріп жатқаны қуантады. Алайда дәм-тұзы жараспай, жолдары екіге айырылып кететіндер көп пе?

-Ажырасу оқиғалары жылдан жылға көбейіп келеді. Мәселен, 2013 жылдың 1 тоқсанында 425 неке бұзу фактісі тіркелгін болатын. Соның ішінде, кәмілет жасқа толмаған, ортақ балалары жоқ, бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың өтініштері негізінде 73 неке бұзылды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың алғашқы 3 айымен салыстырғанда 65 неке бұзу акт жазбасына көбейгенін көрсетеді. Әрине, себепсіз салдар болмайды. Осындай белгілі себептермен ажырасып жатқан жұптардың жас айырмашылығы әртүрлі. Бізде тек бірін-бірі әлі толық танып үлгермеген жас отбасылар ғана ажырасуға бейім деген түсінік бар. Өкінішке қарай, ажырасу жас талғамайды. Оның ішінде күні кеше ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлар да, «іргетасы» берік қаланып, бүгінде отбасы өсіп-өнген үлгілі жұбайлық жұптар да бар. Олар сот арқылы ажырасып келеді, ал біз тек құжат дайындап береміз. Сол себепті де, некелерін бұзғандарға сіздер не себепті ажырасып жатырсыздар деп сұрауға құқымыз жоқ.

Бүгінде кәмілет жасына толмай үйленіп жатқандар да бар. Олар некелерін заңдастыру үшін АХАЖ-ға құжат тапсыра ала ма?

ә, кәмелет жасына толмай үйленіп жатқандар да көбейіп кетті. Биыл жыл басынан бері 12 жұп (ерлі-зайыптылық) жасын төмендету бойынша неке қиюға өтініш берген. ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 10-шы бап 1-ші тармақшасында «неке (ерлі-зайыптылық) жасы еркектер мен әйелдер үшін 18 жас болып белгіленеді»,-деп көрсетілген. Ал, егер бойжеткен кәмілет жасқа толмай аяғы ауыр болған жағдайда немесе сәбилі болса онда біз аталған кодекстің 10 бабы 2-тармақшасына сәйкес неке жасын екі жылға төмендетеміз. Алайда ол үшін, некеге отыруға тілек білдірушінің ата-анасы немесе қамқоршысы неке жасын төмендету қажеттігі туындаған себептерді көрсете отырып, өтініш жазады. Сондай-ақ, жүктілікті анықтайтын медициналық анықтаманы өткізеді. Жоғарыдағы құжаттарды қабылдап, жастардың өтінішін қанағаттандырып, оларды заңды түрде некеге тұрғызымыз.

Аралас некенің Шымкенттегі ахуалы қандай?

-Аралас некеге «құмартқандар» қатары жыл өткен сайын көбейіп жатыр. «Құдаларымыздың» басым бөлігін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия мемлекетінің азаматтары құрайды. Өткен жылдың 1-тоқсаны мен биылғы жылдың 3 айлық көрсеткішін салыстыра айтқанда, аралас некеге тұрушылардың саны артқан. Алғашқы үштікте Ресей , Өзбекстан және Түркия мемлекеттері тұр. Аталған елдің азаматтары, әсіресе, қазақ қыздарына «ынтық» болса, басқа ұлттан келін түсіріп жатқан қазақ шаңырағы аз.

Некеге тұрамыз деген азаматтар енді АХАТ бөліміне бармай-ақ, өтініштерін интернет желісі арқылы бере аладыЭлектронды түрде некеге тұруға арыз беру, оны қабылдау жұмыстары қалада қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?

-Иә, енді некеге тұрамын деушілер өз өтініштерін интернет арқылы да білдіре алады. Бұл — осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда. Мұндай мүмкіндікті электрондық үкімет жасап отыр. Интернет желісі арқылы некеге тұруға арыз беру ісі электронды үкіметтің www.egov.kzсайты арқылы жүзеге асырылады. Интернет арқылы өтініш білдіру үшін 1 АЕК, яғни, 1731 теңге төленеді. АХАТ бөліміне интернет арқылы жіберілген арызда некеге тұратын тұлғалар туралы және заң талаптарына сәйкес басқа да мәліметтер толық жазылуы керек. Электрондық арызды алғаннан кейін мамандар оны тексеріп, некенің тіркелетін уақытын, күнін және өткізілетін орнын көрсетіп, арыз берушіге қайта хат жолдайды. Егер электронды түрде некеге тұруға өтініш білдірген арыз дұрыс толтырылмаса, некені тіркеуден бас тартамыз.

Осы уақыт ішінде Шымкентте электронды түрде некеге тұруға өтініш бергендер болды ма және ол тұрғындарға қаншалықты тиімді

Иә, 3 айда 313 шымкенттік неке қию жөніндегі өтініштерін интернет арқылы білдірді. Осы жерде айта кету керек, интернет арқылы өтініш беру азаматтардың уақытын үнемдеуіне өте қолайы. Яғни, жұмыстан сұранып, АХАЖ-дағы ұзын сонар кезекте тұрып, уақытын өткізбейді. Сонымен қатар, бума-бума парақтарды көтеріп жүрудің де қажеті жоқ. Сондай-ақ, тұрғындар әлемнің кез келген жерінен некеге тұру үшін электронды түрде арыз бере алады. Электрондық сандық қолтаңба мен интернет желісінің болуы — осы қызметті жүзеге асырудағы қажетті шарттардың бірі. Қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық сандық қолтаңба алуға мүмкіндік бар.

АХАЖ бөлімі атқаратын қызметтер аз емес. Болашақта тағы да қандай қызметтер электронды түрде жүзеге асырылмақ?

Қазақстан Республикасы Президентінің «2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы электрондық Үкіметін қалыптастыру туралы» Жарлығын жүзеге асыру барысында 2007 жылдың 13 тамызынан бастап АХАТ ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Осы мақсатта «Жеке тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасы қалыптасты. АХАЖ ақпараттық жүйесі азаматтық хал актілерін тіркеу үшін қалыптастырылған. Бүгінде АХАТ ақпараттық жүйесі арқылы азаматтық хал актілері бойынша 4 қызмет жүзеге асуда. Олар: неке қию, тегін, атын, әкесінің атын ауыстыру, некені бұзу және жаңа туылған нәрестеге құжат беру. Болашақта АХАТ ақпараттық жүйесі арқылы «электрондық үкімет» порталында азаматтық хал актілер бойынша 11 қызмет жүзеге асырылмақ. Олардың ішінде туу туралы, неке туралы анықтамалар беріледі. Некені бұзу туралы анықтаманы да осы сайт арқылы алуға болады. Сондай-ақ тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы анықтаманы, қайталама туу туралы куәлікке сұраныс беру, қайталама неке қию туралы куәлікке, әкелікті анықтау туралы қайталама куәлікке, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы қайталама куәлікке, сондай-ақ баланы асырап алу туралы қайталама куәлікке сұраныс беруге, некені бұзу туралы қайталама куәлікке электронды түрде сұраныс беруге мүмкіндік туады

Сұхбатыңызға рахмет.