Табиғаттың тылсым сырларымен тілдесіп, кез келген құбылысқа сезімталдықпен қарайтын жас ақындар шығармашылық кешін өздерінің өлең жолдарымен бастады. Жыр кешінің “Бәйдібек Бәйіттері” деп аталуын өнер иелері туған жердің топырағымен байланыстырды. Ал Жазушылар Одағы ОҚОФ-ның төрағасы Әбілда Аймақ жастолқынды осылай қолдап отырды. Өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен, қолтаңбасымен қадам басқан олар жыр жолдарын жазу арнайы дайындықты қажет етпейді дейді.
Мұқағали Кенжетайұлы, жас ақын: «Мұқағали атамыз айтады ғой, өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта деп. Өлең кез келген уақытта туа салуы мүмкін. Ол сіз келіп мынандай өлең арнап жазып бер дегенмен, ол жәй ғана ұйқасы бар, ол жәй ғана әдемі көркемділі бар, буын саны бар тақпақ болып шығуы мүмкін. Оны өлең деуге келмейді сосын. Шын жүрекпен шықпағандықтан. Өлең деген — бір қайшылықта, қолың тимей жатқанда, қарбалас тіршіліктің үстінде туатын нағыз жүректен шығатын құнды дүние. Мүмкін соны шабыт деп айтуға да болатын шығар”.
Әлімжан Әлішер, жас ақын: «Көбіне ақындық жолда жүргеннен соң, ақындық өнері туралы, махаббат туралы тақырыпты қозғаймыз. Сол өмір жайлы, ата-анамыз, ортамыз, достарымыз туралы өлең жазамын. Бірақ бұл ғана емес, маған әсер еткен кез келген дүние менің өлеңдерімнің қатарын толықтырады».
Жас ақындардың өнердегі әріптестері де әннен шашу шашып, кештің сәнін кіргізді. Айтпақшы, кешке келген көпшіліктің де қарасы қалың болды. Өнерсүйерқауым қазіргі заманда 5 адамның басын қосып кеш өткізудің өзі – бақыт, сондықтан тыңдарманы бар Мұқағали мен Әлімжанның өнерін құрметтейміз дейді.
Ерлан Ақылбеков, көрермен: «Біз бұл кештен керемет әсер алып отырмыз. Рухани байлығымыз артып отыр дей аламын. Уақытымызды құр көшеде немесе құмар ойынға құнығуға құртқанша осындай пайдасы мол және тәрбиелік мәні зор әдеби кешке арнап, осындай жас ақындарға , Абай мен Мұқағали ақынның ізбасарларына қолдау көрсетуіміз қымбатырақ деп ойлаймын”.
Әбілда Аймақ, Жазушылар Одағы ОҚОФ-ның директоры: “Мен жас ақындардың осындай шығармашылық кешін өткізіп жатқанына өте қуаныштымын. Дәл қазіргі уақытта біздің облыста Жазушылар Одағы мүшесінің ең жасының кішісі 40-ты алқымдап қалған, қалғандары 50-60-та кете береді. Жалпы Жазушылар Одағының мүшелері қартайып бара жатыр. Сол үшін бұл одаққа жастардың да келіп қосылуы мені ғана емес, барша ақынды қуантады деп ойлаймын. Жастарды осы қатарға тарту біздің парызымыз. Бізге абырой, мақтаныш! Жастардың шығармашылығына ризамын, жас буын ақындарда жалын бар, жаңаша көзқарас, жаңару бар… Біздің айта алмаған, бізден бұрынғы ақындардың жеткізе алмағанын айтып жатыр. Сол жалын өшпесе екен деп тілейміз. Жастар бізді әрқашан алға сүйрейді деп ойлаймын. Бірақ бір нәрсені айтқым келіп отыр. Бізде, Оңтүстікте ақындарымыз көп. Ақындар жеткілікті. Жазушылар, прзоидтер жоқ. Біздің арамызда жас жазушылар жоқ. Мархабат Байғұт тың ізбасарлары жоқ. Мен соған кейде қынжыламын. Бәлкім уақыт өте келе мықты-мықты жазушылар шығатын шығар. Бәлкім қоғамның ұңғыл-шұңғылын ұғып, санасы пісіп жетілмей жатқан болар олардың деймін өзімді жұбатып. Дегенмен алдағы күндері Оңтүстіктен жазушылар шығады деп ойлаймын, деп сенемін”.
Ауылдың түтінін де жырларына арқау еткен құрдастар бүгінге дейін халықаралық “Шабыт-2012”, Республикалық “Отан деп соққан жүректің”, “Мұқағали оқулары” байқауларының жүлделерін жеңіп үлгерген. Осылайша поэзия патшалығының қыры мен сырын меңгерген жас ақындар жуырда жыр жинақтарын шығаруды жоспарлап отыр.