Жалғызбасты әйел баласымен далада қалды

Банкке берешегі бар тағы бір шымкенттік тұрғын үйінен қуылып жатыр. «Қазығұрт» шағынауданында тұратын Алтынгүл Ыдырысова ипотекаға шағын үйін тігіп, несие алған. Содан борышын төлей алмай қалыпты. Салдарынан банкке 400 мың теңге қарыз боп қалады.

Банк алып қойған үй - осы
Банк алып қойған үй – осы

Бүгін сот орындаушылары жалғызбасты әйелді үйінен шығару бойынша сот шешімін орындауға келді. Алайда банкке қарыздар әйелге «Өз үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігінің мүшелері араша болуға тырысты.

Қоғамдық бірлестіктің мүшелері банк өкілінен сот шешімін тоқтата тұруды сұрануда
Қоғамдық бірлестіктің мүшелері банк өкілінен сот шешімін тоқтата тұруды сұрануда

 

Қоғамдық ұйымның өкілдері мен Алтынгүл Ыдырысованың туыстары банктің өкілінен тым құрығында үш күнге үйден ешкімді қумай, борышкерге тағы бір мүмкіндік беруді сұрануда. Егер қарызға белшесінен батқаны үшін үйден қуып жіберсе бір баласымен жалғысбасты әйел далада қалады деп уайымдайды олар.

Қыздыгүл Ажарқұлова, "Өз үйімізді қорғайық" қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Қыздыгүл Ажарқұлова, «Өз үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 

 

 

 

«Біз сәуірдің екінші жұлдызы күні Астанадағы үлкен отырысқа қатысып келіп отырмыз. Ол басқосуға «НұрОтан» партиясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратура мен Әділет министрлігінің өкілдері, екінші деңгейлі банктердің мамандары қатысқан. Сонда депутаттың бастамасымен тиісті органдарға нұсқау қабылданған болатын. Онда сараптама комиссиясының жұмысы аяқталғанша қарызы бар адамдарды баспанасынан шығару жайындағы үкімді тоқтата тұру жайында айтылған болатын» дейді «Өз үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Қыздыгүл Ажарқұлова.

Бірақ борышкердің «Бір жыл бойы төленбеген ақшадан 3 күннің ішінде құтыламыз дегеніне сену қиын» дейді банк өкілі. Үй иесі жұмыссыз қалғасын несиені төлей алмай қалыпты. Сол аралықта баспанасын банк алып қойған.

Алтынгүл Ыдырысова
Алтынгүл Ыдырысова

Алтынгүл Ыдырысова:

«Мен БТА банкінен 2007 жылы 600 мың теңге несие алдым. Содан екі жыл бойы 200 мың теңгесін төліп, құтылып та қалып едім. Тек, денсаулығыма байланысты жұмыссыз қалып, бір жылдай несиенің берешегін төлей алмай қалдым. Сол аралықта банк үйімді өзіне алып қойды. Енді келіп «маған график түзіп беріңдер, қарызымды төлейін» десем, банктегілер келіспейді.  Не болмаса үйімді сатып, соның ақшасына қалған 400 мың теңге қарызымнан құтылайын. Қалғанына ең құрығанда жер учаскесін сатып алайын» десем, оған да рұқсат бермей отыр. Бар айтатындары – «үйді босат» деген сөз ғана».

Ал банк өкілдері мұнымен келіспейді. Айтуларынша, Абай аудандық соты үйді босату туралы шешімді осыдан екі жыл бұрын шығарған. Содан бері борышкерге баспанасын ерікті түрде босату туралы бірнеше рет ескерту де жасалыпты.

Жандос Әлімбаев, "БТА Ипотека" АҚ сенімді өкілі
Жандос Әлімбаев, «БТА Ипотека» АҚ сенімді өкілі

Жандос Әлімбаев, «БТА Ипотека» АҚ сенімді өкілі:

«Несие қарызын өтей алмағаны үшін борышкердің баспанасын босатуы жайындағы Абай аудандық сотының шешімі 2011 жылдың мамыр айында шығарылған. Содан бері үй иесіне баспанасын өз еркімен босатуы қажет екені туралы бірнеше рет ескерту жасалды. Алайда, оны тыңдамады. Енді бүгін борышкерді еріксіз түрде үйден шығару туралы соттың шешімін орындауға келіп тұрмыз».

 

Осы арада айқай-шуға қарамай сот орындаушысы үйдегі заттардың тізімін жасап далаға шығарып тастады. Дегенмен, үй иесінің туыстары онымен келісер емес. Сосын дау болмасын деп, учаскелік инспекторларды шақыруға тура келді. Сөйтіп борышкер Алтынгүл далада қалды.

Жалғызбасты әйел баласымен далада қалды
Жалғызбасты әйел баласымен далада қалды

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=q572t9wrqlU[/youtube]