Қоғамда әділдік іздеп, шыр-пыр болып жүрген қамкөңіл жандар аз емес. Бірі құқық қорғау органдарынан жапа шексе, енді бірін коммуналдық, баспана мәселесі қинайды. «НұрОтан» ХДП-ның ОҚО филиалы көптен бері шырылдаған тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап келе жатқандығы мәлім.
Партия басшылығы қолынан келген көмегін беруге құмбыл. Өткен жұмада партиялық бақылау кеңесінің төрағасы Шәріпбек Жамалбектің басшылығымен қоғамдық қабылдау өтті. 21 тұрғын бас партияға үмітін үкілеп, коммуналдық, жер мәселесін айта келіпті. Басқа барар жері, басар тауы қалмаған. Көбісінің көңілі күпті. Барған жерлері «бәрін қатырамызбен» шығарып салса керек. Ал қоғамдық қабылдауда төраға Шәріпбек Жамалбектің өзі әрбір тұрғынның мәселесіне үңіліп, жөн сілтеп отырды. Көңілін демеді.
Дегенмен, кейбір тұрғындар бас партиядан да қамқорлық көрмегенін айтады. Мәселен, сатушы Патима Абатайқызы көптен бері баспана мәселесін шеше алмай жүр екен. Оған қоса, 1 млн-ға жуық алиментін өндіре алмай жүргеніне қынжылады. «Қоғамдық қабылдауға тіркеліп, мәселемнің шешілетінінен үміттенген едім. Бәрі бекер екен. Басшылар құрғақ сөзбен уәде беріп, шығарып салды»,- дейді Патима апай жыларман халде.
Осылайша, бас партиядан да үмітін үзген сатушы апай енді қайда барарын білмейді. Тек Патима апай ғана емес, көпшілігінің айтар уәжі осы. Қоғамдық қабылдаудан да күдер үзгендері көп. Тауы шағылған азаматтарға ендігі кезекте кім қолын созар екен?