Қауіпті кенелер ең көп тараған аймақ — Созақ ауданында кенеге қарсы күрес шаралары жүріп жатыр. Мамандар малдарға дәрі бүркумен бірге әр үйдің қора-қопсысын түгел залалсыздандыруда. Өйткені теріскейде кененің белсенділігі артпаса, азаймай тұр.
Созақ ауданы конго-қырым қанды қызбасының табиғи ошағы болып есептеледі. Себебі, бұл аудан тұрғындарының басым көпшілігі мал бағады. Ендеше, кенеден сақ болмаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мұны ескерген мамандар ауданда жаппай залалсыздандыруды бастады. Бұған ауыл-аймақтың тұрғындар разы.
Дәрі-дәрмек облыстан тегін берілуде. Ауданда ірі-қара малдарды тоғыту, бүрку, дәрілеу жұмыстарын арнайы құрылған мал дәрігерлік мекемесінің қызметшілері атқаруда. Мұнда 80-ге жуық маман жұмыс істейді. Олардың көктемгі мезгілде қырым қанды қызбасының алдын алу жұмыстарына облыстық бюджеттен, ал кенеге қарсы күзгі дәрілеу жұмыстарына жергілікті қазынадан қаржы бөлінген.
Кенені қолмен езген жағдайда немесе қой қырқымы кезінде оның қаны шашырап дерт жұғуы мүмкін. Осы мақсатта аудандық ветеринария бөлімі үйіргелік қора қопсыны тазалауды басты назарға алған. Аудандағы 1 миллион 920 мың шаршыметр қора қопсы жаппай залалсыздандырылып жатыр.
Есен ОСПАНОВ — Созақ аудандық ветеринария бөлімінің бастығы: «Бүркігіш, ранцовый аппараттары мен мал тоғытатын 7 адамы бар бригада аудандағы барлық ауылдарда жұмыс істеп жатыр. Ауданда жалпы саны 32455 ірі қара мал дәрілену керек болса, сол жұмыстың 80 пайызын бітірдік. Енді шалғайдағы шаруалардың жайылымда жүрген түйе, жылқыларына дәрі себеміз.»
Мамандар мал жайғаған адамдардың арнайы сақтану киімдерін, қолғап, халат, шалбарды киген дұрыс деп ескертеді. Өйткені кенеден келетін кеселдің қаупі әлі сейілген жоқ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=jcLR-J7rjFE[/youtube]