Сталин грузин әліпбине неге тиген жоқ?

Кезінде қазақстанда латын әліпбиіне 20-ақ күнде көшірген
Кезінде қазақстанда латын әліпбиіне 20-ақ күнде көшірген
Кезінде қазақстанда латын әліпбиіне 20-ақ күнде көшірген

Қазақтар осыдан 87 жыл бұрын араб әліпбиінен латынға 20 күннің ішінде көшкен болатын. Көктүріктің ұрпағы осылайша бір-біріне жақындай түскен кезең еді ол шақ. Осыны сезген Сталин тез арада Қазақстанды кириллицаға ауыстырды. Ал өзінің туған халқы Грузияны, оның көршісі Армяндарды төл әріптерінде қалдырды. Неге?

Латын әліпбиіне көшу туралы қоғам пікірі қазіргі таңда екіге жарылып отырғаны көзіқарақты оқырманға белгілі. Халық арасында осы уақытқа дейін жазылған әдеби, мәдени дүниелер келешек ұрпаққа жетпей, оқылмай қалады ма деген алаңдаушылық бар. Бұл – орынсыз уайым. Себебі егер мұның бәрі қазақ халқының нағыз мәдени мұрасы болса, кейінгі кез­­дерде оны ла­тын­ға көшірудің еш қиындығы жоқ.

«Қазақстан-2030» Стратегиясының заңды жалғасы болып табылатын «Қазақстан-2050» бағдарламасы үлкен мақсаттарды көздейді. Жеті бағыттан тұратын Жолдау Қазақстанның 2050 жылға дейін әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегия­сына негіз ете отырып, осы мерзім ішінде жүзеге асырылуға тиісті тірлікті тізіп берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда латын қарпіне көшу мәселесіне ерекше тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп атап көрсетті.

Бұл мәселе 2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында алғаш рет көтерілген болатын. Мемлекет басшысы өз баяндамасында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» –деген еді. Латын әліпбиіне көшірілген көршілес мемлекеттердің тәжірибесін назардан тыс қалдырмауды да осы жиында тапсырған.

Қазіргі таңда елімізде латын әліпбиіне көшуге қажетті барлық алғы шарттар жасалғанын айтуға болады. Таяуда Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары латын әліпбиіне көшудің бес түрлі жобасын әзірледі. Ең әуелі латынға көшкен Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және басқа да елдердің тәжірибелерін зерттеп және де осы реформаның бұлардағы оң тұстары мен жіберілген кемшіліктерінің бәрін де зерделеп, жинақтады.

Латын тілі – ғылым мен техниканың тілі
Латын тілі – ғылым мен техниканың тілі

Латын тілі – ғылым мен техниканың тілі. Латын әліпбиіне көшу – заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Біріншіден, латын әрпі бүкіл әлемнің қатынас белгісі болып отыр. Демек, дүниежүзі халқының 80%-ы қолданатын латын әліпбиіне көшу озық инновациялар мен технологияларға бір табан жақындатып, өркениетті елдермен байланысымызды жақсартып, экономикасы дамыған отыз елдің қатарынан орын алу ісіне, мемлекеттік тілдің ұлттық бет-бедерін сақтап қалуға оң әсерін тигізеді.

Екіншіден, түбі бір туыс түркі халықтарымен рухани-мәдени жақындасуының бірден-бір жолы. Олай дейтініміз, қашан да әріп ауыстырудың әлеуметтік маңызынан гөрі, саясилығы басым болып келген. Мәселен, біз көне түркі жазуымыз бола тұра, араб әліпбиінде жазуға мәжбүр болдық. Өткен ғасырдың басында бүкіл исі мұсылман халқы араб әрпінде отырдық. Қызыл империяның көсемі И.Сталин бір-бірімізден ажырату үшін қазақ халқын латын әліпбиіне ауыстырып жіберді. Сол тұста араб әрпінде отырған Түркия қазақтармен арадағы рухани байланысты үзіп алмау үшін шұғыл түрде латынға көшті. Е.В.Сталин бұған қарсы дереу шара қолданып, латын әліпбиінде отырған бізді кириллицаға көшірді. Яғни 1926 жылы Қазақстанда араб графикасынан латын әліпбиіне көшу 20 күннің ішінде жүзеге асырылды. Ал латын әліпбиінен бүгінгі кириллицаға көшу 1937 жылы басталып, ол 1940 жылы толық аяқталған болатын. Ал өзінің туған халқы Грузияны, оның көршісі Армяндарды төл әріптерінде қалдырды. Міне, бұдан шығатын қорытынды, латынға көшу – көк түркінің ұрпағының еркіндік ауасымен тыныстауына мүмкіндік туғызбады.

Талай тарихи тағдырды басынан кешіріп, сақталып келген көне түркі әдебиетінің жемісі – Орхон ескерткіштерінің мәтіні, «Оғызнама» жауһар дүниесі белгілі ғалым М.Жолдасбековтың, Қ.Өмірәлиевтің, ислам дәуіріндегі әдебиеттің тамаша туындысы Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігі», Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі» Б.Сағындықұлының, бертін келе Алтын Орда-Қыпшақ дәуіріндегі әдебиеттің озық үлгісінен орын алған «Кодекс куманикус» Ә.Құрысжановтың, Хорезмидің «Махаббатнамасы» А.Қыраубаеваның тәржімалауы арқылы кириллицаға аударылып қайта жазылған. Сол сияқты, халық өзіне керегін еншілеп алады. Бұл шын құнды нәрсенің жерде қалмайтынының дәлелі.

Латын қарпіне көшу мәселесіне бей-жай қарамауға тиіспіз. 2025 жылға дейін уақыт бар деп қол қусырып қарап отыруға болмас. Әрбір айтылған қоғамдық ұсыныс-пікірге жіті мән беріп, жаңа әліпбиге көшудің әдістемелік негізін жасауға қазірден бастап бел буа кірісу керек. Бұл ретте мамандарды қайта даярлаудан өткізу, оқу жүйесін материалдық-техникалық жабдықтармен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету сынды мәселелерді шешуді жеделдеткеніміз жөн.

Рауан Бегалиева, 

ОҚМПИ Тіл білімі кафедрасының меңгерушісі,

Педагогика ғылымдарының кандидаты

Мархабат БАЙҒҰТ
Мархабат БАЙҒҰТ

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, ОҚО Құрметті азаматы

– Елбасының Жолдауында латын әліпбиіне көшуден өзге 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95%-ы қазақ тілін білуге тиіс екені де айқындалған. Демек, сол кезде қазақ тілін білу мәселесі толық шешіледі. Алла жазса сол шақта стратегияда айтылғандай, біз елімізді «Қазақ Мемлекеті» деп атайтын боламыз. Латынға көшуде «Асыққан да, кешіккен де зиян» деген қағиданы ұстанған орынды деп ойлаймын. Мысалы, Өзбекстанда  біраз қателіктер фонетикалық тұрғыдан, әріптерді таңбалаудан кетіпті. Оларда «цех» (зауыт цехы дегендей) деген сөз «секс» боп оқылатын күйге түскен. Сол себепті де осындайға ұрынып қалмас үшін асықпаған да абзалырақ шығар.

 

Бегман ЫСҚАҚ
Бегман ЫСҚАҚ

Бегман ЫСҚАҚ, педагогика ғылымдарының кандидаты, ОҚМПИ профессоры

– Қазір қазақтардың 60% балаларын орыс мектебіне беріп жатыр. Өйткені қалталы азаматтардың  көбі сапалы білім орыс сыныптарында деп ойлайды. Депутаттардың балалары да орысша білім алуда. Егер олар орысша кириллицамен жүретін болса, ауылдағы қазақтардың барлығы латын әліпбиіне көшетін болсақ, қазақ екіге бөлінеді. Сондықтан Қазақстан латын әліпбиіне көшсе, бүкіл жүйені, яғни мектептердің барлығын, білім мекемелерінің барлығын бірге көшіру керек.