Түйетаста түйеқұс бар

Тарихи түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін түйеқұсты ауданымызға әкелген Айтпай Рысалиев есімді азамат
Тарихи түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін түйеқұсты ауданымызға әкелген Айтпай Рысалиев есімді азамат
Тарихи түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін түйеқұсты ауданымызға әкелген Айтпай Рысалиев есімді азамат

Бәйдібек ауданының шаруалары соңғы жылдары өндіріске инновацияны енгізіп, жұртты таңғалдырып келеді. Мәселен, Алғабас ауыл округінің алқабына былтыр тропикалық майкене дақылы егілсе, ал бүгінде Боралдай ауыл округі Түйетас елдімекенінде кәдімгі теледидардан ғана көретін африкалық түйеқұс өсірілуде.

Тарихи түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін түйеқұсты ауданымызға әкелген Айтпай Рысалиев есімді азамат. Климаттың ылғалдылығы мен жылылығына үйренген бұл құсқа Қазақстанның климаты басында қолды болмағанымен, фермер оның бабын да тапқан сыңайлы. Көпшілікке таңсық, бұрын соңды өңірде болмаған түйеқұсты ауданымызға алғаш рет әкелгенде басында жергілікті халық бұған тосын қарағанмен, біраздан соң көздері де, бірте-бірте бойлары да үйреніпті. Сұсты болып көрінетін шетелдік бұл құстың пайдасы шаш етектен көрінеді. Бойы 2-3 метр келетін түйеқұстың аталығының еті 100-150 килограммға дейін жетеді екен. Қауырсындарын бас киімге, сахналық костюмдерге пайдалануға болады. Бір жұмыртқасының үлкендігі кәдімгі теңбіл доптай. «Түйе-Тас» шаруашылығының төрағасы Айтпай Рысалиев түйеқұс шаруашылығын қалдықсыз өнім ретінде қарастыра отырып, одан үлкен табыс күтетінін айтты.

– Ең әуелі 5 түйеқұсты әрқайсысын 2,5 мың доллардан Алматыдан сатып алдық. Тарихи түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін бұл құсты қазір елімізде өсіруді қолға алған шаруашылықтардың ісі оңынан туып жатыр. Өйткені, өзіндік өнімі жақсы сұранысқа ие болып келеді. Еті ем ретінде пайдалы, әсіресе, қан қысымы және қант диабетімен ауыратындар үшін мың да бір ем. Сондықтан, түйеқұсқа қызығушылық уақыт өткен сайын артуда. Басын құмға тығып қойып, өзіне төнген қауіп-қатерді елемеуге тырысатын түйеқұстың әдеті көпшілікке қызық көрінгенмен, бір қасиеті аса күтімді, қамқорлықты қажет ете бермейді. Шаруашылығымда бір баптаушы бәріне үлгеріп жүр. Жауын-шашын, күн суық болған күндері олар жылы жерде тұрады. Көбінесе ашық алаңқайда, табиғат аясында жүрген пайдалы деп саналады. Алдағы уақытта түйеқұстардың өсіп-өнуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Шаруашылықта арнайы жататын, қыздырылатын, жемдейтін орындар, инкубатор құрылғысы болады. Керекті азық – жем осында дайындалады. Негізінен түйеқұстарға шөп, жүгері, бидай береміз. Сондай-ақ, уақытында суарылып отырса басқа қиындығы жоқ. Әзірге біз түйеқұстарды тек өсіріп, санын көбейтуге көңіл бөліп отырмыз. Саны көбейгенде өнімдерін таратумен айналысатын боламыз. Әрине, бірінші кезекте отандық өнім ретінде қарастырып, кейін ісіміз өрге домаласа сыртқы нарықта шамамызды неге байқамасқа?

Негізі түйеқұстың өнімдері өте пайдалы. Түйеқұс шаруашылығы қалдықсыз өнімге негізделген. Терісі, тұяғы, тұмсығы, еті, жұмыртқасы бәрі кәдеге жарайды. Бір түйеқұс бір қоймен пара-пар. Тез өседі, тез көбейеді. Тірі салмағының 60%-ы еттен тұратын түйеқұс еті мейрамханаларында диеталық тағам ретінде сұранысқа ие. Ал оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терісіне пара-пар келеді. Оны аяқ киімдерді қаптауға, басқа да сәндік бұйымдарды жасауға пайдалануға болады, – дейді «Түйе-Тас» шаруашылығының төрағасы Айтпай Рысалиев.

Мұндағы күтушілердің айтуынша, қорадағы түйеқұстар жыл бойы емес, негізінен сәуір айы мен қазан айында жұмыртқалайды екен. Ол кезде бір түйеқұс аптасына бір-екіден жұмыртқа береді. Бір қызығы, салмағы 1,5-2 килограмдай жұмыртқасын қуырып, 12-14 адамды тамақтандыруға болады. Сонымен қатар қазіргі таңда түйеқұс етіне сұраныс жоғары көрінеді. Соған сай өзіндік құны да қымбат. Құс етінің 1 килограммының бағасы үш мың теңгенің о жақ, бұ жағында сатылады. Елімізде Айтпай секілді түйеқұстарды біздің табиғатымызға үйретіп, шаруашылығын дамытып келе жатқан фермерлердің қатары көбейіп келе жатқанын жаңалықтардан көріп жатамыз. Ендеше, болашақта ауданымызда Айтпайдың артынан ілескен түйеқұс шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті шаруа қожалықтарының саны артады деген сөз. Әрине, қарапайым азықпен қоректеніп, өнімді мол беретін, аса қамқорлықты қажет ете бермейтін, ал өнімі қымбат бағада бағаланып жатса, неге түйеқұсты өсіріп көрмеске? Сұраныс бар жерде ұсыныстың қашан да болатынын ескерсек, алдағы уақытта бұл бағытта бірталай жұмыстар атқарылып, түйеқұстың етін күнде жейтін күн де алыс емес сияқты.

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ