– Шырынбек Сусынұлы, халық арасында Өзіндік ішкі қауіпсіздік басқармасы «полицейлерге арналған полицейлер» деген түсінік қалыптасқан. Шынында солай ма?
– Жалпы, халық біздің басқарма департамент қызметкерлері арасындағы құқық бұзушылықпен ғана жұмыс істейді деп ойлайды. Шындығында біз департамент қызметкерлеріне қарсы жасалынған әрекеттермен де айналысамыз басқарманың негізгі қызметі «Өзіндік қауіпсіздік Басқармасы туралы ережеге» сәйкес ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен болған немесе дайындалып жатқан жемқорлық, құқық бұзушылықтың алдын алу, ашу, ескертуге, олардың тәртіпке қарсы іс-әрекеттерінің жолын кесуге, полиция қызметкерлерінің этика нормаларын сақтауын бақылауға бағытталған. Департамент қызметкерлерінің абыройын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету де біздің құзырымызға кіреді.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы Жолдауында «Жемқорлық жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналатындығы» жайында ерекше атап көрсетілген. Осы орайда, барлық аудандық ішкі істер бөлімі ғимараттарының кіре берісіне арыз-шағым қорапшалары қойылған. Сондай-ақ, облыстағы ішкі істер органдарының барлық құрылымдарына сенім телефондары орнатылған. Біздегі сенім телефоны 21-43-23. Азаматтар кез-келген уақытта осы сенім телефондары арқылы полиция қызметкерлері тарапынан орын алған барлық құқықбұзушылық жәйттері бойынша хабарласа алады.
– Соңғы кезде тәртіп сақшыларының қатысуымен орын алған келеңсіздіктер жайында жиі еститін болдық. Бұл ненің белгісі? Кадр таңдаудағы қателік пе, әлде білікті маман дайындау ісіндегі оқу орындарының жіберген кемшілігі ме?
– Бұл оқу ордасының да кадр таңдаудағы біздің де қателігіміз емес. Бұл жерде әр адамның өзінің сана-сезімі мен парасаты, ақыл-ойы үлкен рөл ойнайды.
«Тәрбиесіз берілген білім – ақымаққа қанжар ұстатқанмен тең» деген шығыс даналығы бар. Осы даналықты бүгінгі нақты жағдаймен салыстырсақ, құқық қорғаушыға шен беріп, қару ұстатардан бұрын оның ішкі жан дүниесін тәрбиелеп алудан бастаған жөн сияқты.
– Соңғы кезде, құқық қорғау қызметкерлерінен, әсіресе, полициядан жапа шегіп, зәбір көрген азаматтардың қатары тым көбейіп кеткендей. Бұл не? Әдейі ұйымдастырылып жатқан науқандық шара ма?
– Расында да, соңғы кезде полиция қызметкерлерінің қатысуымен орын алған заң бұзушылықтар көбейіп кетті. Айта кететін бір мәселе, заң қызметкерлерінің тарапынан орын алған қылмыстың жартысынан көбі парақорлықпен байланыс-ты. Мәселен, әл-Фараби ауданы ПБ-нің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Ж.Айнабеков Бейсенбаева есімді азаматшаны ІІО-на жұмысқа кіргізбек болып, 3500 АҚШ доллары көлеміндегі параны алу үстінде ұсталды. Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен Айнабеков 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, Созақ ауданы ІІБ бастығының бірінші орынбасары Б. мен криминалдық полицияның бастығы Т. өз қызметтерін асыра пайдаланып, азаматша С-ны жауапкершіліктен босату үшін 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған. ОҚО ІІД-нің ЖПБ-ның іздеу бөлімінің инспекторы полиция майоры Е. азамат Т.Қаюповты әкімшілік құқық бұзушылықтан босатып және жүргізушілік куәлігін қайтарып беру үшін 20 мың теңге көлемінде пара талап еткен. Оның үстінен де қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының арасында мас болып қылмыс жасайтындары да кездеседі. Мысалы, көлік рөліне спирттік ішімдік ішіп отырып, 16 жасар қызды қағып өлтірген А.Құлбаев, қоғамдық орында беймезгіл уақытта арақ ішіп, оқ атқан полиция қызметкері Т.Құлмаханов, 31 жастағы келіншекті ұрып-соғып, зорлаған Шымкент қалалық полиция басқармасының инспекторлары ішкі істер департаментінің абыройына нұқсан келтірді.
– Өткен жылы полиция қызметкерлерінің қатысуымен облыс көлемінде 46 қылмыс орын алған екен. Қалай ойлайсыз, тәртіп сақшыларының қылмыс жасауына не түрткі?
– Аталған келеңсіз жағдайлар ішкі істер органдары басшылары мен орынбасарларының жеке құрам арасында заңдылықты бұзуға қарсы іс-шарлар мен тәртіпті нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті өз деңгейінде жүргізбей, жүйелі жұмысты ұйымдастыра алмауынан орын алған.
Алдағы уақытта облыстағы ішкі істер органдарының басшылары жоғарыда аталған олқылықтардың орын алуына жол берсе, Департамент басшылығы тарапынан оларға ең қатаң шаралар қолданылатын болады.
– Өз әріптестеріңізді тәртіпке шақырудай-ақ шақырып жатыр екенсіздер, бұл еңбектеріңіз қалай бағаланады?
– Заң қызметкерлерінің заңды белшесінен басып жүргені баршамызға белгілі. Бұл жайында телеарналардан да айтылып, газет беттерінде де жариялануда. Біз полицияда қызмет атқаруға лайықсыз жандармен күресіп жатырмыз. Соның нәтижесі болса керек, полиция қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істің мың қызметкерге шаққандағы деңгейі республика бойынша 7,36%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш оңтүстікте 15,11%. Осыдан-ақ біздің басқарманың қылмысты ашудан республика бойынша алдыңғы орындардың бірінде тұрғанын көрсетеді.
– Сіздерге ел сене ме?
– Бүгінгі күні азаматтар тарапынан ішкі істер органдары қызметкерлерінің теріс іс-әрекеттеріне байланысты түсіп жатқан арыз-шағымдар көп. Үш айдың қорытындысы бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасының өндірісіне 451 азаматтың арыз-шағымы түскен. Бұл арызданушылардың алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,6%-ға өскендігін көрсетеді. Осыдан-ақ, біздің басқармаға деген азаматтардың сенімінің артқанын байқауға болады.
– Жетістік бар жерде, кемшіліктер де табылады емес пе?
– Әрине, жетістіктермен бірге ӨҚБ-ның қызметкерлері тарапынан кемшіліктер де орын алады. Мәселен, кейбір қызметкерлердің арыз-шағымдарын қарау барысында мерзімдерін ҚР ҚІЖК-нің 184 бабына сәйкес 2 айға дейін ұзарту, шешімі қабылданған арыз-шағымдар бойынша ОҚО прокуратурасына дер кезінде жолданбау, қабылданған шешім мен тексеру мерзімін ұзарту туралы арнайы статистикалық нөмірі екінші нысандағы 3С карточкаларының дер кезінде қойылмауы және т.б. кемшіліктерді болдырмау үшін Басқарма бойынша кезекшілікке түсетін қызметкерлерге күн сайын Штаб, Секретариат пен ЦОУ қызметкерлерімен салыстыру жүргізіп, бұл туралы тиісті қызметкерлердің назарына жеткізіп, орындалмаған жағдайда басшыға баяндау жүктелген. Осы жерде айта кету керек, біздің Өзіндік қауіпсіздік басқармасында небәрі 19 адам қызмет етеді. Ал, облыстық ішкі істер департаментінде 5464 қызметкер бар. Одан бөлек, біздің басқарманың қадағалау құзырына арнаулы оқу орындарының 75 басшы құрамы, 1001 арнайы мамандандырылған күзет пен 21 әскери полиция өкілі, №6506 әскери бөлімінің – 3597, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 1039 қызметкері кіреді. Бұдан біздің бір қызметкерімізге келетін жұмыстың ауырлығы 630 адамды құрайтыны байқалады. Алайда, біз бұған қарамастан өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысып жүрміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ