Тұңғыш әскери техниканы шымкенттік өнертапқыш жасап шықты

234
"Сарбаз" көлігінің бөлшектері шетелдік көліктердегілерден әлдеқайда сапалы әрі шыдас береді
«Сарбаз» көлігінің бөлшектері шетелдік көліктердегілерден әлдеқайда сапалы әрі шыдас береді

Шымкеттік өнертапқыш әскери көлік ойлап тапты. Отандық алғашқы әскери көлік «Сарбаз» деп аталады. Дизель отынымен жүретін көліктің салмағы 4 тоннадан асады. Соған қарамастан ол сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүре алады.Өзінен бірнеше есе ауыр жүкті де еркін сүйрей алады.

Қазақстанда жасалған тұңғыш әскери техниканы шымкенттік өнертапқыш Алексей Шевлягин екі айда құрастырып шыққан. Жол талғамайтын көлік тау-таста, батпақты жерде еркін жүйткуімен және оқ өткізбейтіндігімен ерекшеленеді. Құрастырушы «Сарбаз» автокөлігін қарулы күштер саласында көп қолданатын «ГАЗ-66» жүк машинасының қосалқы бөлшектерінен құрастырған. Әскерилер бұл көлікті ұрыс даласында да сынап көрген.

Жаңа техника Талдықорған қаласында десанттардың сынағынан сәтті өтіпті. Өнертапқыш Алексей Шевлягин сынақ даласында үмітінің ақталғанын айта келе, бірлі-жарым ескертулердің де жасалғанын жасырмады. Ол «негізгі құрылым сынаққа алушылардың көңілінен шығып отыр. Сондықтан құрылым сол күйінде қалады, ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Тек қосалқы бөлшектерінің қайсыбірін ауыстырып салу керек. Сынақ кезінде жылу жүйесі, салқындатқыш сияқты қондырғыларды орнату туралы да ұсыныстар айтылды. Құптарлық ой. Қазір мамандардың осындай сын-ескертпелерін ескеріп, көліктің кем-кетіктерін түгелдеп жатырмын» дейді. Жалпы, сынақ кезінде көлік бірнеше мың шақырымды еш қиындықсыз жүріп өткен. «Сарбаз» көлігінің ішкі құрылымы да ерекше.

Өнертапқыш жаңа туындысына шамамен 15 миллион теңге жұмсап, оған патент алған. Құрастырушының айтуынша, көлікті әскери барлау жұмыстарынан басқа мақсатқа да пайдалануға болады. Айтпақшы, «Сарбаз» көлігі жақында шымкенттегі әскери бөлімдердің бірінде де қосымша тексеруден өткізілді. Темір тұлпардың ішіне сегіз жауынгер еркін сыяды екен. Сарбаздардың бірден көліктің қосалқы жүк салғышына көзі түскен. Олар құрастырушыға «жаңа техникаға қатты жылдамдықпен келе жатып, ішіндегі басқару жүйесінің көмегімен нысанаға дәл тигізетін қондырғы орнатуға болады» деген ой қосты. Көліктің төзімділігі мен қуаттылығы сала мамандарының ерекше назарын аударып отыр. Жергілікті мамандар жаңа техниканың шетелдік көліктерден әлдеқайда шыдамды болатынын айтады. Өнертапқыштың бұл жобасы мемлекет тарапынан қолдау тапса, құрастырушының жылына 20 техника жасауға мүмкіндігі бар. Ал бүгінде инженер Алексей Шевлягин келесі жылы елімізде өтетін қарулы күштер құрылымдарының әскери техника көрмесіне қызу дайындалып жатыр. Ол қазір тағы да осындай 4 бірдей көлікті құрастырып, көрмеге қатыстырудың қамында жүр.