Жұбаныш Жексенұлын білмейтін жан жоқ шығар. Ол қоңыр даусымен, жүрекке жылы үнімен әрбір көңілге ұя салып, көрерменнің ықыласына бөленген өнер иесі. Жақында Жұбаныш Шымкентте симфониялық эстрадалық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста концерт берді. Өнерімен ғана емес, қарапайымдылығымен қалың елді өзіне құмарттыра білген Жұбанышпен сыр-сұқбатты назарыңызға ұсынамыз.
– Шымкенттегі концертіңізді жанды дауыста, «Оңтүстікцирктің» эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткіздіңіз. Бірақ сіздің көптеген әріптестеріңіз жанды дауыста ән айтуға бара бермейді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Жылына жеті концерт беріп, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүрген жігіттер бар. Бірақ жанды дауыста концерт бермеудің түрлі себебі болуы мүмкін. Бірақ бір білетінім, жыл сайын неше мәрте концерт беріп елдің алдына жылтыңдай бергенше, жиып-теріп тәуір дүние ұсынған дұрыс. Өзім солай деп мақсат қойғандықтан да, концертіме қонақ ретінде өнердегі інім Дәурен Сейітжановты ғана шақыртып, бірге ән шырқадық. Концертке бүкіл достарымды шақыртып, әрқайсысына бір-бір ән орындатып қоюыма болатын еді, әрине. Бірақ тыңдарман концертке мені іздеп келеді, менің өнерімді көрсек деп келетіндіктен, өзім ғана ән салғаным дұрыс-ау деп ойладым.
Менің жалпы орындауымда ойнақы әндер жоқтың-қасы. Оның үстіне концертке ел ән тыңдау үшін келмей ме? Би билеу үшін емес. Сондықтан да репертуарымда ырғағы жылдам ән жоқ. Қазақ әндерінің жаухарлары Ұлы Абайдың әндерінен бастап, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Жақсыгелді Сейілов, Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шахановтың шығармаларын орындаймын.
– Сізді ел әнді жүрекпен айтып жүрекке жеткізе білетін әнші деп бағалайды. Сонда да болса айтыңызшы, әнді тапсырыспен айтқан кездеріңіз бола ма?
– Иә, ондай кездер болған. Бірақ ақша үшін емес. Үлкен ағаларымыздың, ақсақал аталарымыздың өтініші бойынша, «мына әнді орындасаң екен» деген тілектерін жерге тастай алмаймын. Бірақ қай әнді орындасам да, алдымен ол әнді өзім түсініп, жүрегімнің таразысына салып айтамын. Өз жүрегіме жетпеген әнді қалай басқа жүрекке жеткізесің? Сондықтан тапсырыспен айтылатын әндерді де жоғары деңгейде айтып, елдің назарына ұсынуға тырысамын.
– Жетісайдың тумасы, журналист Кенже Өскенбаев бір кездесуіңізде сіз туралы: «Жұбаныштың өнер жолы совхоз бастығының қызмет жолына ұқсас» дегені бар еді. Сіз сонау Созақтан суырылып шығып, Жетісайда тәжірбие жинап, Шымкентте шыңдалып, Алматыға қанат қақтыңыз. Қазір «дайын асқа тік қасық» «жұлдыздар» жетерлік. Мұндайларға қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Иә , менің өнер жолымның өзі қызық. Бөлімшеден аудан орталығына, одан облысқа, сосын республикаға танылдым. Созақта туылып, бала кезден өнерге құмарттық. Жетісайда музыкалық білім алып, сонда жинақталдық. Шымкенттегі шыңдалуым, Алматыдағы жолымның бәрі маған үлкен өмір мектебі болды. Ол да керек шығар. Шын өнердің, шын еңбектің бағасын білген дұрыс.
– Оңтүстіктен Алматыға кеткеніңізге де біраз жыл болды. Ортаға қарай бейімделетін адамдардың мінезінде де біраз өзгерістер болады деп жатады ғой? Сіз өзгердіңіз бе?
– Әрине, қаншама адаммен араласу арқылы, жаңа дос, таныс табу арқылы жаңа ақпарат алатының, жылжып өткен жылмен жарысып, ой толғайтының анық. Сондықтан да өмірге деген, өнерге деген көзқарастың өзгеріп дамығаны болмаса, мінезімде, адами болмысымда ешқандай айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Сол баяғы Жұбанышпын. Мінезім де сол күйі.
– Сіздің танымалдығыңыз артқан сайын, елдің ықыласына бөленген сайын ескі достарыңыздың сізге деген қарым-қатынасы өзгерді ме? Немесе керісінше?
– Менің достарым өте көп. Жаңа достар да қосылып жатыр. Мен танымал болған сайын олармен қарым-қатынасым керісінше жақындай түскендей. Олар да маған «жұлдыз» деп емес, дос деп қарайды. Жалпы маған мені бар болмысыммен қабылдап, шынайы дос бола алатындар ұнайды. Сол себептен де болар достарымның барлығы сондай жандар деп ойлаймын. Бәрімен сәлем – сауқатым, сыйластығым түзу.
– Сіз «Екі жұлдыз» бағдарламасы, «Қазақтың 100 әні», «Ән жұмбақ» сынды тележобаларды жүргіздіңіз. Өнеріңізге тәнті көрермен мұны да азсынып, «эфирден жиі көрінбей кетті» деп жүр.
– Шынымды айтайын, елдің алдына қайта-қайта шыға беруден ұялам. Анда-санда көрінген дұрыс деп ойлаймын. Қазір эфирден «Ән жұмбақ» бағдарламасы қайталанып көрсетіліп жатыр. Соңғы кезде ел арасына шыққанда мені «тележүргізуші» деп хабарлайтындар табылып қалады. Сондайда ұялып кетем. Мен тележүргізуші емеспін. Мен тек әннен алшақ емес хабарларды жүргіздім. Табиғатыма жақын болғандықтан ғана. Алғашында жазып берген мәтіннің өзін қобалжып оқыған кез де болды. Кейін төселе бастайды екенсің.
– Сіздің әріптестеріңіздің арасында ән айта жүріп, тележүргізушіге айналып, реті келсе киноға да түсіп, тіпті белді асаба болып шығатындары бар. Сізге той басқару туралы ұсыныс жасағандар болды ма?
– «Сіз тележүргізуші болып жүрсіз ғой, енді біздің тойымызды басқарып берсеңіз» дегендер көп болды. Асаба еместігімді айтып әзер құтыламын. Одан ән салғаным жақсы. Той басқару да үлкен өнер. Үлкен жауапкершілікті жүктейтін асабалық мен үшін тым жауапты, ауыр міндет. Көптің алдына шығып, тойды басқарып әкету үшін үлкен ізденіс қажет. Ондай өнерім жоқ. Ал енді ана жерден бір көрініп, мына жерден бір көріну ол да пиар үшін керек әдіс шығар. Менің Алла нәсіп еткен дүнием бар, соның үдесіне шығып жатсам, соның өзі үлкен міндет мен үшін.
Менің тыңдармандарымның басым бөлігі аналар. Одан кейін әкелер. Аға буын әннің құрылымына баға бере біледі. Әнді дұрыс қабылдай білу үшін үлкен білімнің керегі жоқ, әнді жүрекпен түсіну керек. Әннің басты мәйегі мәтіні екенін соңғы жылдары ғана сезіне бастадым. Қазақ әндерінің негізгі өзегі-сөз. Алдымен сөз тұру керек, одан кейін ғана ән қабысып тұрады. Алдымен ән жазылып, кейін мәтін жазылса, дыбыс үндестігін үйіріп әкететін ақындар бізде жетерлік.
– Жанұяңыз жайлы білгісі келетіндер аз емес.
– Екі ұлым бар, бір келіншегім (күліп). Ұлдарым ержетіп қалды. Үлкені ЖОО-ның 3-ші курсында оқиды. Кішісі мектепте, 9-шы сыныпта.
– Өзіңізді жолы болғыш адам деп есептейсіз бе?
– Жолым болмайды деп жата кеп жылайтындарды түсінбеймін. Бұл дұрыс емес. Әр таң сайын аман есен оянып, күйбең тірлік кешудің өзі жолыңыздың болғаны. Халықпен концертте жүздесіп, елмен тілдесіп жатамыз, ол да жолы болғыштық. Сондықтан жолым болғышпын деп айта аламын.
– Сұқбатыңызға рахмет. Қашанда жолыңыз болсын!
Сұқбаттасқан – Жанар Есенбекова