Бүгін ғылым қызметкерлерінің күні. Осыған орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде ғалымдар мен студенттер бас қосып, ғылымның дамуына үлес қосып жүрген оқымыстыларды марапаттады. Жаңалық ашу мәселесінде университет ұжымы соңғы бес жылда айтарлықтай дәрежеге жеткен. Былтырдың өзінде ұсынылған 80 жобаның 4-уі қазір өндірісте пайдасын тигізіп келеді. Баламалы қуат көздері, биохимия және тамақ өнеркәсібі саласында тынбай зерттеп келе жатқан біздің ғалымдар жаңалық ашудан республика бойынша бірінші орында келеді екен.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде 121 ғылым докторы, 670 кандидат және 16 академик бар. Мамандар жыл сайын ғылым үшін мемлекеттің қолдау көрсетіп, қаржы бөліп келе жатқанына қуанады. Оқымыстыларымыз біздің мақсатымыз — тек адам баласының оңтайлы өмір сүруі үшін қызмет ету деп ағынан жарылды.
Қазақстан бойынша 412 ғылыми ұйым жұмыс жасайды. Онда 18 мыңнан астам ғылыми қызметкер жұмыс істейді.
Елдегі ғылыми даму жайлы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов былай дейді: «Елбасының қолдауымен ғылымды қаржыландыру үздіксіз өсіп келеді. 2011 жылы ғылымды қаржыландыру көлемі 26,8 млрд. теңге болса, 2012 жылға 49,7 млрд. теңге бөлінді. Бұл 61 пайызға өсті деген сөз. 2015 жылға қарай ғылымға кететін шығыстар Ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын құраса, 2020 жылы 1,5 пайызға жетеді».
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YU1DOR4SMiQ[/youtube]